Көкшетауда егде жастағы тұрғындарды интернет-алаяқтықтан қорғау мақсатында «Алаяқтыққа жол жоқ» атты профилактикалық акция өтті

Көкшетау қаласында полиция қызметкерлері егде жастағы азаматтар арасында интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған «Алаяқтыққа жол жоқ» акциясын ұйымдастырды. Іс-шара Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының базасында өтіп, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясындағы кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының бір бөлігіне айналды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шараларда басты назар егде жастағы азаматтарға аударылады. Себебі олар алаяқтардың құрбанына жиі айналады. Сенгіштік, цифрлық сауаттылық деңгейінің төмендігі және мобильді байланысты белсенді қолдану – оларды қылмыскерлер үшін осал топқа айналдырады.

Кездесу барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Бекзат Назарова интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, жалған банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары немесе коммуналдық мекеме өкілдері атынан қоңырау шалу, «күдікті операциялар» туралы хабарламалар, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрау, фишингтік сілтемелер мен мессенджерлер арқылы жасалатын алдау тәсілдері кеңінен сөз болды. Сонымен қатар, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі Омар Қалиуллин қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеттері туралы баяндады.

Іс-шара барысында қатысушыларға мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керектігі және қандай күмәнді белгілерге назар аудару қажет екені түсіндірілді. Полиция қызметкерлері азаматтарды жеке деректерін, банк карталарының реквизиттерін және SMS арқылы келетін кодтарды бөгде адамдарға бермеуге, сондай-ақ қаржылық операцияларға қатысты кез келген ақпаратты міндетті түрде қайта тексеруге шақырды.

Сондай-ақ, егде жастағы тұрғындарға алаяқтық әрекеттері орын алған жағдайда қолданылатын іс-қимыл алгоритмдері мен жедел қызметтердің байланыс нөмірлері көрсетілген жадынамалар таратылды.

Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, алаяқтармен бетпе-бет келген жеке тәжірибелерімен бөлісті. Айта кету керек, акцияға қатысқандардың тең жартысы әртүрлі алаяқтық қоңырауларға тап болған. Сондықтан кездесу мазмұнды әрі пайдалы өтті. Полиция қызметкерлері нақты мысалдар арқылы әрекет ету тәртібін түсіндіріп, тағы да сақ болуға үндеді.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, мұндай профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізіліп, Ақмола облысының барлық аумағында жалғасын табады. Негізгі мақсат – тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және осы санаттағы қылмыстар санын азайту.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар