Жаназық
Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бұл біліммен, соның ішінде кітап оқумен, күнделікті газет-журналды қалт жібермеумен келген жетістік. Саналы қоғамда кітап оқудың пайдасы ұшан-теңіз. Елді де, халықты да жақсы бағытқа бұру үшін қазіргі жас ұрпақтың дамуына ерекше көңіл бөлген абзал. Кітап оқу адамның ой-санасын дамытып ғана қоймай, білім көкжиегін кеңейтуге әсер етеді. Ағымдағы жылы ауыл балаларына пайдалы кітаптар тарату үрдісі байқалуда. Дәл осы ауыл балаларының болашағы үшін жүзеге асырылып жатқан бұл игі іс біздің ауыл мектебін де айналып өтпеді. «Cave Community» ұйымы кітап тарату акциясымен ауыл-аймақтарға шығуда. Астанадағы бұл ұйым жас мамандар мен кәсіпкерлердің қауымдастығын біріктіреді. Олар қолға алған «Cave Aulda» кітап акциясы – әлеуметтік жоба. Бұл жобаның басты мақсаты ауыл мектептеріне тек кітап таратып ғана қоймай, оқушыларға бағыт-бағдар беру, үздік оқушыларды іріктеп, оларға менторлық қолдау көрсету болып табылады. Бұл жобаны естіген кезде қатты қуандым. Себебі, ауыл мектептерінде оқитын оқушылар үшін әр бастама – жаңа мүмкіндік. Ең таңғалдырғаны, ауыл мектептеріндегі белсенді оқушылардың грант ұтып алу мүмкіндігі.
Кітап туралы тоқталсақ, дәл осы жоба аясында оқушыларға «Samgar» авторлық кітаптары берілді. Бұл кітаптар кәсіби бағдар, қаржылық сауаттылық, цифрлық дағдылар және басқа да маңызды тақырыптарды қамтиды. Біздің мектептегі 160 оқушыға «Самғар күнделігі: Тасжарған» атты мотивациялық кітап табыс етілген. Оқушылардың оқу қарқыны жаман емес, өзіме де бұл кітап қатты ұнап жатыр. Алғашқы беттерін оқи отырып, оны оқыған оқушының өмірлік ұстанымы мен тұлғалық болмысын қалыптастыратын кітап екені бірден байқалды.
Қазіргі уақытта қала мен ауыл баласының арасында әлеуметтік лифт құру басты мақсаттың бірі. «Cave Community» ұйымы дәл осы мақсатта жұмыс істеп келеді.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқанындай, әр адам өзіне тән іс үйреніп, бұл әлемнің бір кетігін түзейтін кірпіш болуға ұмтылуы қажет. Балаға өзіндік таңдау мүмкіндігін беріп, болашағын айқындауға көмектесетін «Самғар күнделігі: Тасжарған» кітабын әр жасөспірім оқыса, алдына үлкен мақсат қойып, сол арманына жетуге талпынатын тұлға болып өсеріне сенімдімін.
Жұлдыз ЕРБОЛ,
10-сынып оқушысы.
Жалғызқұдық ауылы,
Целиноград ауданы.
![]()

