Шортандыда медициналық бұйымдар шығарылуда

Әкім – ел ішінде!

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Шортанды ауданына жұмыс сапары аясында «Қазақстан орманы» ЖШС-нің орман питомнигінде болып, медициналық нысандарды аралап, респираторлық әрі медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын «Daris Group» ЖШС өнімдерімен танысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Питомник өңірдегі орман ресурстарын қалпына келтіру саласындағы негізгі нысандардың бірі болып табылады. 485 гектар аумақта ағаш және бұта тұқымдас көшеттер мен шыбықтар – қарағаш, терек, тал және басқалары өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару жүйесі жолға қойылған, су жинақтау бассейні жұмыс істейді, бұл отырғызу материалын тиімді күтіп-баптауға мүмкіндік береді.

– Сұранысты ескере отырып, біз өңір елді мекендерін көгалдандыру үшін қажет қайың мен қарағай көшеттерін өсіруге дайынбыз. Біздің отырғызу материалымыз жерсінуге жақсы бейімделеді және бағасы да төмен, – дейді «Қазақстан орманы» ЖШС басшысы Қуат Ерғалиев.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде 2027 жылға дейін 150 миллион ағаш көшеті отырғызылуы тиіс. Барлық жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде, бүгінде 74 миллион көшет отырғызылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында отырғызу материалымен толық қамтамасыз ету үшін бұл жұмысқа жеке питомниктерді тарту қажет, соның ішінде көршілес өңірлерді де қамту маңызды, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы, сондай-ақ, орманды қалпына келтіруде жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, көгалдандыру аумақтарын одан әрі кеңейту және көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру үшін заманауи агротехнологияларды енгізу қажеттігін жеткізді. Айта кетейік, өңір аумағындағы 11 мемлекеттік орман питомнигінде жыл сайын шамамен 10 миллион қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттері өсіріледі.

Одан әрі Шортанды кентіндегі медициналық нысандарды аралау барысында аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы және жөндеу жұмыстарының қарқыны өңір басшысының басты назарында болды.

«Shortandy Med» медициналық орталығының директоры Гүлжан Тұрсымбекованың айтуынша, орталық амбулаториялық-емханалық көмек, зертханалық диагностика және халыққа фармацевтикалық қызмет көрсетуді қоса алғанда, медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады. Науқастарды тек мекеме дәрігерлері ғана емес, сонымен қатар, Астанадан келген мамандар да қабылдайды.

Ерекше назар кинезис-орталықтың жұмысына аударылды. Мұнда емдік тренажерлер, механотерапия және кинезитерапия әдістері арқылы науқастарды оңалту және қалпына келтіру қолға алынған. Тренер Виктория Заремба орталықта күн сайын тірек-қимыл жүйесі мен буын аурулары бар 60-қа жуық науқас жаттығатынын атап өтті.

Марат Ахметжанов, сондай-ақ, Шортанды аудандық орталық ауруханасында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

– Құрылыс-монтаж жұмыстары 2023 жылдың қыркүйегінде басталды. Биыл перзентхана, хирургиялық және терапиялық бөлімшелерде ішкі әрлеу жұмыстары мен желдету жүйесін орнату қарастырылған, – деп баяндады істің жайын денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.

– Медициналық инфрақұрылымды жаңғырту медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді. Жөндеу жұмыстары созылып кетсе, қызмет көрсету сапасы төмендеп, халықтың шағымы көбейеді. Жөндеу жұмыстарын маусым айында аяқтауды тапсырамын, әрі әр кезеңде бұған қатаң бақылау болуы тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында аталмыш аудандағы «Daris Group» ЖШС өнімдерімен танысты. Компания 2021 жылы құрылған және респираторлық әрі медициналық бұйымдар өндірісімен айналысады.

– 15 жұмыс орны ашылды, өндірістік қуат жылына 1 миллион дана өнімге дейін жетеді. Бүгінде елдегі фтизиопульмонологиялық орталықтардың 80 пайызын медициналық респираторлармен қамтамасыз етіп отырмыз, сондай-ақ, дезинфекциялық және медициналық майлықтар, наркотесттер шығарамыз, – деді компанияның тең құрылтайшысы Шыңғыс Орынбасаров.

Кәсіпорын өндірісі ауқымын кеңейтуге дайындалуда. Өнеркәсіптік респираторлар өндірісін игергеннен кейін қосымша ілеспе өнімдер – құлақ тығындары, көзді қорғайтын көзілдіріктер, жарық шағылыстырғыш таспа және тағы басқаларын шығару жоспарлануда.

Өңір басшысы медициналық бұйымдар саласындағы жергілікті өндірісті дамытудың маңыздылығын атап өтіп, ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етудің өзектілігін жеткізді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар