Ер есімі – ел есінде

Ағымдағы жылдың 24 сәуір күні Жантеке ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде «Ерлік – елге мұра» атты ерлік сабағы ұйымдастырылды. Ол интернационалист-жауынгер Сағындық Смайыловты  еске алуға арналды.  

Ерлік сабағына ауған соғысы ардагерлерімен кездесу сәті де бұйырыпты. Дәл сол күні Сағындық ағамыз көзі тірі болса мерейлі 60 жасқа толар еді. Бірақ, өкінішке орай, батыл да ержүрек, қайсар ағамызға Кеңес Одағының саясаты жастайынан өмірінен айырылуға себепші болғаны көзге жас ұялатады.

Демек, тайға таңба басқандай жазылған тарих беттерін ешкім жоққа шығара алмайды. Жерлес ағамыздың өмірі туралы ерлік сабағында 8 сынып оқушысы Мәдина Оралова деректер топтамасын ұсынса, 8 сынып оқушысы Әлен Айдана  азаматтық борышын атқаруға әскерге кетіп, ауған соғысы кезеңіне тап болған жауынгер хатын нақышына келтіріп, мәнерлеп оқып берді. 7 сынып оқушысы Сержант Санжардың орындауындағы «Ауғанстан қасіреті» әні баршамыздың жүрегімізге мұң салды. Ауған соғысының қасіреті кімдердің жүрегін жараламады десеңізші?!.

Тағылымы мол кездесуге ардагер жауынгер ағаларымыз Махметов Амантай, Бәкешов Серік, Кабиев Сенбек, Рахманғұлов Сәрсен, Мұхамедғалы Бопан қатысып, Сағындық Садықұлы және ауған соғысының қасіреті жайлы сыр шертті. Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ауған соғысын еске алған ардагерлер сөзінен ер азамат бойындағы батылдық, төзімділік пен қайсарлық, рух пен жігер бой көрсетті. Міне, ата-бабаларымыз бен олардың ұрпақтарының атам заманнан бастап рухы мықты, намысшыл, батыл болғаны  баршамызға аян.

Кездесуге қатысқан оқушылар ардагерлерге көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ауған соғысы жылдарындағы қиындықтар мен жауынгерлік ерлік туралы тың мәліметтер алды. Бұл игі іс шараның басты мақсатыөткенді ұмытпай тарихтан сабақ алу болғандықтан, Сағындық ағамыздың ерлігі жайлы сөз еткен Сенбек Қабиевөз ойын ауған соғысының қасіреті жайында  өрбітті.

Ерлік сабағына қатысқан ардагер ағаларымыз ер балаларды Отан алдындағы әскери борыштарын адал атқаруға шақырды. Ауған соғысы да бізге бейбіт өмірдің қадірін түсінуге, ел тыныштығын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін ұғынуға көмектеседі. Тәрбиелік мәні мен тағылымы мол кездесу жас ұрпаққа тарихтың ауыр кезеңдерін еске салып, ерлік пен елге деген адалдықтың бір парағын ашқандай.

«Ер есімі – ел есінде» дегендей, Сағындық Смайылов ағамыздың есімі жадымызда мәңгі сақталатыны айдан анық. Топырағыңыз торқа, жатқан жеріңіз жайлы болсын, батыр аға! Сізді ұрпағыңыз еш ұмытпайды! Ерлігіңіз бен батылдығыңыз үшін Сізге мың тағзым!

Алуа ЖАППАС,
Жантеке ауылы жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар