Бір кезде басталған іс қайта қолға алынды

Отандық өнім

«Тыныс» акционерлік қоғамы 27 литрлік тұрмыстық газ баллондарын жаппай өндіруді іске қосып, өндірістік қуаттарын айтарлықтай кеңейтті. Бұрын осы кәсіпорында шағын газ баллондарын шығару қолға алынып, көп ұзамай тоқтап қалып еді. Қазір осы іс қайта жалғасын табуда.

Өндіріс орнында жұмыс сапарымен болған Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары материалдарды дайындаудан бастап дайын өнімді түпкілікті құрастыруға дейінгі толық технологиялық желімен танысты.

Кәсіпорынның өндірістік базасы толық цикл қағидаты негізінде қалыптастырылған, бұл сапаны әр кезеңде бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде «Тыныс» АҚ тұрақты өсім деңгейін көрсетіп, жаңа индустриялық жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруда. Негізгі бағыттардың бірі – отандық тұрмыстық газ баллондарын жаппай өндіруді қайта жандандыру. Өнім сапасы ЕАC сәйкестік сертификатымен расталған, бұл ауқымды өндірісті жолға қоюға және өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

–Өндірілетін 27 литрлік тұрмыстық газ баллондары ВБ-2П жарылыстан қорғайтын сақтандырғыш түсіру клапанымен жабдықталған. Ол қысым 1,6 МПа-дан асқан жағдайда іске қосылып, өрт кезінде қызу әсерінен баллонның бұзылуын болдырмайды. Сонымен қатар, вентиль конструкциясында клапанды жанбайтын икемді шланг арқылы атмосфераға шығару мүмкіндігі қарастырылған, – дейді зауыттың техникалық департаментінің бастығы, әрі бас технолог Ерғали Малғаждаров.

Сәйкестік сертификатының болуы кәсіпорынға бүгіннің өзінде жылына 60 мың данаға дейін баллон шығаруға мүмкіндік береді, ал, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлануда. Болашақта зауыт 10 және 50 литрлік баллондарды өндіруді игеріп, өнім желісін кеңейтуді көздейді.

Сонымен қатар, маркетинг және сату бөлімдері өнімді ілгерілету, клиенттік базаны кеңейту және іскерлік байланыстарды нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. 1–3 сәуір аралығында кәсіпорын өнімі Kazakhstan Machinery Fair 2026 халықаралық көрмесінде ұсынылып, зауытта шығарылатын тұрмыстық газ баллондары қатысушылар мен келушілердің елеулі қызығушылығын тудырды.

Көрме аясында компания мамандары әлеуетті серіктестермен және тапсырыс берушілермен бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұл кездесулер іскерлік байланыстарды кеңейтіп қана қоймай, одан арғы ынтымақтастықтың нақты перспективаларын айқындауға мүмкіндік берді. Өнімге деген қызығушылық оның жоғары сапасымен, халықаралық стандарттарға сәйкестігімен және кең тұтынушылар тобы үшін өзектілігімен түсіндіріледі.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшыларының сапары барысында өнеркәсіптік және тұрмыстық қауіпсіздік мәселелеріне, сондай-ақ, өнімнің техникалық реттеу талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударылды.

–Бүгінде сапа талаптарына толық сәйкес келетін газ баллондарын өндіру халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айрықша маңызға ие. Бұл саладағы барлық нормалар мен стандарттарды сақтау – жай талап емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет. Кәсіпорында қауіпсіздік пен сапаны бақылау барлық кезеңдерде жүйелі түрде жолға қойылғанын көріп отырмыз, – дейді бұл ретте, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.

Айта кетейік, «Тыныс» АҚ – Қазақстандағы ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі. 1959 жылы оттегі-тыныс алу аппаратурасы зауыты атауымен құрылған кәсіпорын авиациялық техникаға арналған тораптар мен агрегаттарды, күштік құрылымдарға арналған амуницияны, өрт сөндіргіштер мен өртке қарсы жабдықтарды, медициналық бұйымдарды, газификацияланатын үлгілер бойынша құю өнімдерін, сондай-ақ, өндірістік-техникалық мақсаттағы тауарларды өндірген және өндіріп келеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар