Иә, футболдан әлем чемпионатындағы бұл күнді біз асыға тостық. Сөйтіп, 18 маусым күні таңғы сағат жетіден бастап Өзбекстан-Колумбия арасындағы осы ойынды тамашалау үшін теледидарды қостық.
Көкейімізде бәрінен бұрын осы бір керемет футбол мерекесіне бүкіл Орта Азиядан жалғыз қатысып жатқан «өзбек бауырларымыз қарсыластарынан басым түссе екен» деген бір-ақ аңсарлы үміт тұрды. Өкінішке орай, олай болмады. Осы жағы қолынан келеді-ау деген өзбек құрамасына колумбиялықтар шыдас беріп қана қоймай, екі доп айырмашылығымен жеңіп кетті. Неге екені белгісіз, бауырлас ел футболшылары Мексиканың астанасы Мехикодағы атақты «Ацтека» стадионында өткен бұл ойында біз ойлағандай соншалықты бір тегеуірінді қимылдарымен көзге түсе қойған жоқ. Әлде олардан көп нәрсені күткен бізге солай көрінді ме, кім білсін?!
Ойынның есебін бірінші кезеңнің аяқталуына бес минут қалғанда колумбиялық шабуылшы Даниэль Муньос ашты. Ал, екінші таймның бас кезінде Элдор Шомуродовтың қақпаның бағанасына тиген добынан кейін Аббосбек Файзуллаев есепті теңестіріп кетті. Сөйтіп, ол мұндай әлемдік додаға тыңнан т8рен отырған өзбек құрамасының сапында әлем чемпионатында гол соққан тұңғыш футболшы атанып, өз есімін тарихқа жазды.
Бұдан кейін ойын тең аяқталар, не болмаса өзбек бауырлар екінші голын соғар деп үміттенген едік. Бірақ, олай болмай шықты. Колумбиялықтар қарсыластарының екпінін баса отырып, ара-арасында екі мәрте қақпаға жол тауып кетті. Оның бірінде Луис Диас қақпа саңлауын тапса, екіншісінде қосымша берілген 8 минуттың соңына таман қосалқы құрамнан қосылған Хаминтон Кампас үшінші голды соқты. Сөйтіп, ойын 3:1 есебімен Колумбия құрамасының пайдасына шешілді.
Осы топта мұның алдында Португалия құрамасы Конго Демократиялық Республикасы құрамасымен 1:1 есебімен тең түскен еді. Енді екінші турда 23 маусым күні Өзбекстан құрамасы Португалиямен, ал, Колумбия конголықтармен жасыл алаңға шығады. Топтан шығу-шықпау мәселесі қай құрама үшін де алдын ала сол жолы бір ыңғайға келіп қалары анық.
Бұл әлем чемпионатының бір ерекшелігі, бұрынғы 32 құраманың орнына 48 құраманың бақ сынасып жатқандығында деп газетімізде өткен жолы жазғанбыз. Ойын көп болған соң, оның бәрін тамашалау футболға бар жан-тәнімен шын берілген жанкүйердің өзіне мүмкін болмай жатыр. Сондықтан, ара-арасында тек чемпионат күнделігін шолуды ғана місе тұтып, ойын нәтижелерін содан білуімізге тура келеді. Ал, бұл орайда соңғы болған матчтардың нәтижелері мынадай: Испания-Кабо-Верде – 1:1; Аргентина-Алжир – 3:0; Англия-Хорватия – 4:2; Австрия-Иордания – 3:1; Ирак-Норвегия – 1:4; Иран-Жаңа Зеландия – 2:2; Франция-Сенегал – 3:1; Англия-Хорватия – 4:2; Гана-Панама – 1:0.
Осы ойындардың ішінен өз басымыз Испания мен Каба-Верде арасындағы ойынды атап өтер едік. 18 шағын аралдан тұратын, халқының саны небары 500 мың ғана адамды құрайтын каба-верделіктер қорғаныста испандықтардың адымын аштырмай, өз қақпасына бір-ақ гол жіберіп алды. Онымен қоймай, өздері де гол соғып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Осындайда біздің Қазақстан құрамасы да қашан тым болмаса, осы каба-верделіктердей әлем чемпионатына жолдама алып, солар сияқты өз қарсыластарына дұрыс қауқар танытар екен деген ойға да қалатының анық екен.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

