Тағдырын өлеңімен жеткізген

22 маусым – Ұлы Отан соғысының басталғанына 85 жыл

майдангер, әскери тұтқын Қайыржан Жүнісовтің «Қоңыр дәптер» кітабы хақында

Бізді соңында қалдырған жыр мұрасымен елең еткізген Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Қайыржан Жүнісов 1912 жылы Қазақ ССР Солтүстік Қазақстан облысы Қызылту ауданының Томан ауылында дүниеге келген. Жасынан білімге құштар, алғыр да ақынжанды болып өскен талапты жасөспірімнің бейбіт өмірде алдына қойған мақсаты зор еді. Бұғанасы қатпай өзі туған ауылында ерте колхоз жұмысына араласқан Қайыржан аға барша томандық жастардай бақытты өмірді аңсайтын. Кішкентайынан молдадан арабша хат танып, жазу-сызуға бейім болған ол өз ет тірлігімен қысқа курстан кейін есеп-қисап жұмысын да меңгеріп, осы ізденісі, қабілет-қарымымен орда бұзар отызға да таяп қалған.

Бұл ауыл-аймақ та отыз бірінші-отыз үшінші жылдардағы ашаршылық, одан 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді жанкештілікпен артқа тастап, енді бір ел еңсесі көтерілер кез келді ме дегенде, тұтқиылдан соғыс өрті бұрқ етті. Сол бір неміс-фашист басқыншылары Кеңес Одағына кенеттен лап қойған 1941 жылдың 22 маусымының қаралы күні Қайыржан да жора-жолдастарымен колхоздың дала қосында еді. Елдің бас көтерер бар азаматы көктемгі егіс науқанын аяқтап, енді қырға колхоз малына шөп дайындауға шыққан.

Солай көп тілегі тек қана бейбіт еңбектің үстінде болған мамыражай тірлік шырқы бір-ақ сәтте бұзылып, үлкендердің есті әңгімесі, жастардың шат күлкісін «соғыс» деген бір-ақ ауыз суық сөз бұзып-жарып, тұқыртты да тастады.

Көп ұзамай сол күннен бастап ауылдың бас көтерер ер азаматтары Отан қорғауға майданға алына бастады. Анау-мынау деп сылтау іздеп, бас сауғалайтын кез емес, таразы басында ел тағдыры, зұлым жау құрсауынан аман қалу-қалмау кебі тұр. Бірақ, қас дұшпан қанша жерден жыланша жылжып, шаужайдан алса да, «көп ұзамай елімізді басынған басқыншыларды өз ініне қуып тығамыз» деген берік сенім әр көкейде нық ұялаған. Кеше ғана қаннен-қаперсіз ойнап-күліп, елдің көркі болған өрімдей жас жігіттер бір Аллаға сыйынып, зұлым жаудан ел шетін қорғамаққа қан майданға аттанып жатыр. Әр жолы бүкіл ата-ана, бауыр, туыс, үлкеннен кішіге дейін бір қауым жұрт болып, жылап-сықтап, сол ер азаматтарды жорық жолына шығарып салады. Сол-ақ екен, кешегі орындары опырайып, бір ауыз сөзі, бір көрінген жүріс-тұрысының өзі аңсатып, зар қылып жатқаны. Соңдарынан жылап-сықтап қалған үй іші, кәрі-жас тілеулерін тілеп, келер күнге бір үміт, бір үреймен қайтадан колхоздың қысы-жазы бір бітпес шаруасына жұмылады.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» Жер-жердегі бар тірліктің мәні осы бір сөзге ғана бой ұсынған сол сұрапыл жылдардың адамзат баласына әлі қанша қасірет, жазылмас жан мен тән жарасын әкелетіні беймәлім еді. Мысықтабандап әр үйге беттеп келе жатқан соғыс зобалаңы біртіндеп ауыл ішіндегі Жүніс отағасының шаңырағына да жетті. Үлкен ұлы Қайыржанның 29-ға толып, әке-шешесіне келін түсіргеніне де небары 24-ақ күн болған еді.  Көптен күткен осы бір қуаныш есік қағып, ақ түйенің қарны жарылып жатқанда оның шырқын сұм соғыс бұзар деп кім ойлаған?! Артында алпыстан асқан ата-анасын, он жетіге толған інісі Теміржан мен қолына жаңа қонған жарын қалдырып, Қайыржан да солай «көппен көрген ұлы той» деп әскер қатарына кете барды.

Ауылда жүргенде нәзік жүрегі, сырлы дүниенің сырбаз кейпіне ғашық жан-дүниесі сөз құдіретіне, оның өлең деген бір өзгеше өріміне асық еді. Сол отты жылдардың басы да көкірегіне соңында көлбеген қайран елге қарата бір ауыз сыр аулатпай қойсын ба?!

Алпыстан қалды асқан ата-анам,

Аузыма туғанымды қоса алам.

Алты үйге бір атадан ортақ едім,

Соғысқа кірмек енді қайран балаң, –

дегені де сол бір отты күндердің өзіне артқан үлкен жүгін, өзінің де сол жүкті қайыспай көтерер бекем сертін төрт жолға сыйғызуы еді. Сөйтсе бұларды әу баста іргедегі Ақмоланың дәм-тұзы күтіп тұр екен. Осында жаңадан бір дивизия жасақталмақшы болып, соған осы төңіректегі облыстардан өзіндей өрім жігіттер толассыз ағылып келіп жатты. Бұлар да үстеріндегі өз киімдерін әскер киіміне ауыстырып, сапқа тұрып, соғыс өнерін үйренуге кірісті. Атпен де, қару-жарақпен, жай да күні-түні бір бітпейтін жаттығу, өліп-талып ұйқыға қисаяр түннің бір уағы болмаса, бір бос уақыт жоқ.

Бұл әскери дайындық бес айға созылып, әйтеуір, ауыл-аймақтың жақындығы дәтке қуат Қайыржандар да елден хат-хабар алып, хат жазысып тұрумен майданға асығып, сол бір зұлым жауға кек болып түйілер сертті күнді тағатсыздана күтумен болады.

Ол күн де ақыры туды. Туған елдің әр мекені, әр тау-тасына «хош» дегізіп, көзбен ұзатып, көңілмен тербетіп, бұлар мінген әскери эшалон да алдан не күтіп тұрғаны беймәлім алыс сапарға ұзай берді. Қазақ жерінен сол бір қан майданға адам да, ет пен май, жылы киім мен снаряд та толассыз тасылған мыңдаған пойыз составтары сияқты бұл эшалонның да бет алған тұсы Батыс, соның ішінде Харьков бағыты еді.

Осы арада сіз, оқырман, нені сезіп отырсыз? Бұл күнде кешегі ел басына күн туған ауыр жылдарда зұлым жаумен шайқастарда шыбын жанын аямай, от та, су да кешкен қай майдангерді алып қарасаңыз да, майдан жолы мына біздерге толық дерегін айтып тұрған жоқ. Сұрапыл сол соғыс кезінде әртүрлі жағдайлармен бір әскери бөлімнен келесі әскери бөлімге ауысу, түрлі себептермен алға жылжыған не кейін шегінген өз бөлімінен адасып қалып қою, госпитальда емделіп, кейін өз үйренген бөліміне кезіге алмай, басқа бөлімдердің қарамағына өту сияқты жайттар көп кездескен. Тіпті, майдан шебінде ондай оқиғалар кәдімгі үйреншікті жағдайға айналған десек те болады.

Жалпы, біздің білуімізше, Екінші дүниежүзілік соғыс көрер көрешегін молынан кесіп-пішіп берген Қайыржан ағамыз майданда неміс-фашист басқыншыларына қарсы Екінші Армияның 12 атқыштар дивизиясының 192 атқыштар полкының құрамында шайқасқан. Біздің қолымыздағы дерек көздерінде, яғни, Ресей Қорғаныс министрлігінің «Память народа» сайты мен ұрпақтарының содан алынған естеліктерінде де солай айтылады.

Бірақ, осы арада бізді мазалайтын бір ой, сол соғыста амалсыздан жау қолына тұтқынға түсіп, кейін елге оралған соң да сол үшін айыпты болып шығып, аяусыз 10 жыл жазаға кесілген осы Қайыржан ағаларымыз әуелде сол Харьков түбінде он адамға бір мылтықпен опат болған біздің ақмолалық 106-ыншы атты әскер дивизиясының құрамында болған жоқ па екен?! Болған! Ішкі түйсігіміз біздің солай дейді. Өйткені, көңіл көгенін өлең-жырмен демдеген Қайыржан ағамыздың өзі де сол біз жоғарыда ауызға алған «Майдан жолы» өлеңінде өздері бірден соғыс өртіне кірмей, алдымен, Ақмола қаласында әскери дайындықтан өткенін айта келіп:

Орнығып бұл арада тұрдық бес ай,

Ойнадық атпен ойын ала қыстай.

Хат алып, хабарласып ауыл-үймен,

Бауландық ұядағы бала құстай, –

деп шындықты біздің топшылауымызға бір табан жақындата түспей ме?! Оған

Шыңылдап келіп жатса мың снәрәд,

Қалтылдап тұра алмайды астыңдағы ат, – деген жолдарды қосыңыз.

Иә, біз тұспалдаған уақыты да, Харьковтен бір-ақ шыққан жауынгерлік жолы да Қайыржан Жүнісовтің әскерге алынған алғашқы айларымен сәйкес келе түскен 106-ыншы Ақмола атты әскер дивизиясы Екінші дүниежүзілік соғыстың ең бір қасіретті де қайғылы қара дағы болып, тарихта мәңгілік қала бермек.

Бұл дивизия шынында 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында өзіміздің Ақмола қаласында жасақталған. Дивизия құрамында төрт мыңнан астам адам болғанымен, қару-жарақпен өте нашар қамтамасыз етіліп, тек ондайдан жалаң қылышқа ғана арқа сүйеген. Кейін өз біліксіздіктерімен жау аранына айдап салған құраманың бүкіл құжаттарын сол қателіктерін жуып-шаю үшін әскери басшылық жасырып, жоқ қылып жіберген.

Бірақ, тарих кейін білдей бір дивизия деген аты бар атты әскерлерде небары 102 винтовка, 43 дана елу миллиметрлік, 18 дана 82 миллиметрлік миномет қана болғанын растап шықты. Сөйте тұра, түгелдей дерлік қазақтардан тұратын құрылым майданға жөнелтілген бетте-ақ соғыстың ең бір ауыр, қиян-кескі ұрыстар жүріп жатқан тұсына түсіп, нақақтан-нақақ қырылып қалады. Тарихтан «Харьков қазаны» («Харьковский котел») деген атпен белгілі бұл тығырық сол кездегі кеңестік әскери қолбасшылардың көтере алмас шоқпарды белдеріне байлауынан, яғни, соғыс стратегиясы жағынан білім-біліктерінің жаудан кем соғуынан, сөйтіп, қолында қарудан түгі жоқ дивизияны көрінеу-көзге ажал апанына айдап салуларынан барып орын алған.

Жалпы, сол 1942 жылдың көктемінде осы Харьков бағытында болған ауыр шайқастарда жау күші басым түсіп, 250 мыңға тарта кеңес жауынгері қоршауда қалады. Осылайша қаза тапқандары қаза тауып, қалған бөлігі тұтқынға түседі. Олардың арасында айналдырған үш күнде осындай кепті киген 106-ыншы атты әскер дивизиясы да бар еді. Әрине, біздіңше, осының бәрін көзбен көріп, төзбеске төзіп, шыбын жаны аһ ұрған Қайыржан ағамыз тағы да сол «Майдан жолы» атты ұзақ жырында:

Сатылып басқарушы біздің тарап,

Ант ұрып, көгермегір ол лағынат.

Қарусыз жаяу-жалпы, аш-жалаңаш,

Еріксіз жіпсіз байлап берді қамап, –

деп жыларман болмағанда, шарасыздың күйін кешпегенде қайтеді?!

Қайран, біздің қолымыздағы қоңыр дәптер! Сонау қан-жоса от пен оқтың арасында, сұм соғыстың өзінде өлеңге жосылтып із салып, тарихты осы ақынжандылығымен таңбалаған Қайыржан ағаның сырты қоңыр, іші сарғыш жыр дәптері. Тар жол, тайғақ кешуде, одан кейін де жазған өлеңдерін қалам сиясымен сонда көшіріпті. Тақа көп те емес, бірақ, шерлі көңілден ұрыс даласында, тұтқында туғандықтан, қадірі де, көкейге ұялататын мұң-сыры да бір басқа. Қай қағазға жазып, қалай сақтап, қалай елге аман алып өтті екен?! Тайға таңба басқандай, біреуінде сонау ту-ту Голландияның Амстердам қаласы, біреуінде Польшаның Вениамин қаласы тұр…

Нағыз соғыстың қызып тұрған 1943-1944 жылдары, сонау жақта, сонау уақыт бедерінде елден алыс жүрген жауынгер сағынышы, тар қапасқа тап болған тұтқын зары болып бізге жеткен бұл өлеңдер кейін сол көшірілген дәптерімен алда-жалда із-түссіз бір жерде қалып қойып, ол туралы осы күні ештеңе білмесек, мұның өзі, әрине, майдангер аруағы алдында әділетсіздік болар еді. Сондықтан, осы әкелерінен қалған жыр мұраны көздің қарашығындай сақтап, кір шалдырмай келе жатқан ұрпақтарына рахмет!

Әсіресе, жылда 9 мамыр – Жеңіс күні жақындаған сайын әкеден бүгінге жеткен бұл жыр аманат жүректі одан сайын тіпті баурап, жиі-жиі еске де түсіп, көңілге де көшіп, тыным бермейтін. Өйткені, соңында қалған ұл-қыздары үшін онда тұтас бір өмір, біздің бүгінгі бақытты күнімізді қорғаймын деп кеудесін оққа да, отқа да тосқан әке өмірі, оның өлең болып өрілген көңіл-күй аңсары, уақыт жүгі мен сынына болмаған жан-дүниесінің шалқар иірімдері жататын.

Сосын да бірде ортаншы қызы Рақыш, одан кейінгі Зәуре, барлық балалары атынан әкенің қоңыр дәптерін тағы да бір қымбатының қымбатындай қолдарына толқи ұстап, редакциядағы азаматтарға барсақ, көрсетсек, олар не дер еді деп, екіұдай ойға қалар еді. Әке жазбасына біржола беріле түскен көңіл шіркіннің, сол сәттерде осы өлең-жырдың бірі болмаса бірі сәтін салып, көптің бір кәдесіне асып, газет бетінде жарқ етіп көрініп қалар ма еді деп алып-ұшатыны бар-ды. Сол ниетпен Зәуресі Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің табалдырығын аттап көріп еді, майдангер жырлары соншалықты жылы қабылданғанын айтсаңызшы.

Рас, сол бір қанды-қасап соғыс кезінде майданнан өлеңмен жазылған хаттар аз емес. Жалпы, қазақ халқы ақын халық десек, сол дәстүр, сол ұлттық қасиет Екінші дүниежүзілік соғыс барысында да жарқырай көрінгені әмбеге аян. Алғы шептен зарығып, сағынып-сарғайып, туған жер, туған елге, ал, тылдан үздігіп, жан ауырып, жүрек сыздап майданға, әке мен жар, бауырға ағылып жататын сол үшбұрышты үшбу хаттар қаншама үміттерді жалғады десейші. Солардың өлеңмен де келетін біршамасы әнге де қосылып айтылып, бертінге дейін сол жағы көкейлерінде қалған шешелеріміз ыңылдап, кей уақытта сол сөздің мұңды бір әуеніне салып отыратын. Айналасындағы тірлікті бір сәт ұмытып, сол әнмен болып, сол күйді кешкен қалпы бет-жүзіне мұң қонақтап, бала болсақ та бізге де осы кейпі тегін еместігін сездіртіп қоюшы еді-ау. Кейін майданнан жеткен талай жауынгер жырлары, сол сұрапыл жылдарға байланысты елде де шыққан өлеңдер мен әндер жинастырылып, баспадан жеке-жеке кітап болып та шықты. Соның бір дәлелі ретінде 1995 жылы баспа жүзін көрген өзіміздің жерлесіміз, белгілі өнертанушы Гүлсім Бәйтенованың «Өртенге өскен қызғалдақтар» жинағын атасақ та болады.

Бірақ, әлі де мұндай жылт еткен бір тың деректер бола қалса, көзі ашық, көкірегі ояу санаға әсте де оған немкетті қарап, былай ысырудың жөні жоқ. Өйткені, ол майдан даласынан жеткен аталар мен әкелер ерлігінің, боздақтар көңілінің бір үзік сыры. Осы ұстанымды ұстанған «Арқа ажары» газеті ұлы Жеңістің 76 жылдығы мен 80 жылдығында қызы Зәуре Сәдуованың алғысөзімен бірге майдангер Қайыржан Жүнісовтің өлеңдерін өз оқырмандарына сүйіншілеп, басылым бетінде екі мәрте жариялапты. Қайыржан аға туралы тағы бір материал осы уақыт аралығында тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің 2014 жылғы 8 мамырдағы №28 санында да жарық көрген екен. Оны ардагердің сол соғыс өртінен жазған көлемді оқиғалық өлеңімен бірге редакцияға ортаншы қызы Рақыш әкеліп тапсырғанын байқаймыз. Бұл үзінді де оқып, танысып, өлең мазмұнына бойлай білген адамға сол бір сұрапыл жылдар шырғалаңынан көп ой салары анық.

Біздің де аға өлеңдерін миллиондардың қанымен, жанымен келген Ұлы Жеңіс мерекесімен орайластырып, газет бетіне беруге асыққанымыз да сол ғой.

Амалсыз құрған тордан өте алмай көп,

Жосылдық ерсіл-қарсыл ата алмай оқ.

Таппады басқа пана ер азамат,

Шүйлігіп қырғи қуған торғайдай боп, –

деген жолдардың мұң-зарын, әр жағында не болып, не қойғанын ішің сезбей, бар жан-тәніңмен ұқпай, қалай көкірегіңнен жай өткізерсің?! Қайыржан ағамыз осы кітапқа еніп отырған өлеңдерінің бәрінде дерлік өз басындағы жағдаймен байланыстыра отырып, туған жерін де тебірене жырлайды. Майдан даласынан бастау алған ол өлеңдері, әрине, өзінің елге оралуымен де жалғасын тапқан.

Үлкендердің тыңдағанда кеңесін,

Ақылына, айтқанына көнесің.

Себебім жоқ ұмытарлық Қарой көл,

Неғып ерің туған жерім демесін.

Иә, өзіне мысыр шаһарындай көрінетін қасиетті Қаройы, қайда жүрсе де, тұрлаусыз уақыт көші қайда апарып тіресе де, қасиетті бойтұмары іспетті. Мына бір «Бір танбадым» деген өлеңі де сол Қаройдан бастау алады.

Амал қанша, сол ауыл көркем көркін,

Ойлай-ойлай жаныма жақтым өртін.

Түпсіз торда шырмалған күйді ұмытып,

Болар ма күн елімді көрер еркін?! –

деген шерменде жанның бұл күйігін де сол елін қорғаймын деп қапа болған күндерінің табы деп ұқтық. Соңында бізге белгісіз, әлеуметтік желіден қай елдің қаласы мен даласы екенін өзіміз іздеп таба алмаған «Петтен, 1943 жыл» деген белгі тұр.

Әрине, өзі өңі түгіл түсінде көремін демеген жат жердің осындай қалтарыс-бұлтарыстарынан бір-ақ шыққан майдангерге сол сұрапыл соғыс жылдарында маңдайына жазған тағдыр-талайының өзі-ақ жетіп болар еді. Бірақ, олай болмай шықты. 1950 жылы соғыста жау қолына тұтқынға түсті деген желеумен НКВД соңынан қалмай, тағы он жылға бас еркінен айырып тынды. Бұл кезде соғыстан елге аман-есен оралып, туған жерде төрт жылға жуық мауқын басқан аға көңілі, өзі де болған осы іске амалсыз мойынсұнғандай, өлең өлкесіне тақа қалам тарта қоймаған сияқты. Мұны біз қоңыр дәптерден сол тұстағы өлеңдерін көре алмаған соң айтып отырмыз. Қанша дегенмен, бұл жолы Тәңірім жеңілдігін беріп, тайқы маңдайының дәм-тұзы жазған жері өзіміздің ел іші, Петропавл қаласы еді. Осыған қарап мұндай сыршыл, мұңшыл жүрек өмірінің бұл ауыр кезеңіне де үнсіз қалды деуге болмас. Тар қапастың аты қашанда тар қапас қой. Басына түскен теперіште және бір ішкі шерін тарқатқан ондай көңіл күйінің әуендері бірлі-жарым болса да, қағаз бетіне түспеуі мүмкін еместей көрінеді де тұрады. Ал, енді соның бәлкім, сақталмай не қоңыр дәптерге енбей қалуы басқа әңгіме.

Сонымен, кешегі қанқұйлы Екінші дүниежүзілік соғыста бұл кісі де қазақтан шыққан өзге майдангер ақындарымыздай, өмір мен өлімнің арасында күн кеше жүріп, шыбын жанын шүберекке түйген бар үміт, бар аңсарын отты өлеңмен өрнектесе, туған жерге алыс қиырдағы сағынышын ет жүрегін жарып шыққан осы өлең шумақтарымен басса, ол да ақынжанды азаматтың біз ескеріп, бағалауды қажет ететін бір қасиеті. Сондықтан, сол қасиеті, сол өнері өзімен кетпей, кейінгілер де оны біле жүрсе, құба-құп.

Елді ойлап сыртта талай азап шектім,

Егіліп көздің ыстық жасын төктім.

Зарығып, талай терең баттым ойға,

Біле алмай не боларын келешектің…

Бұл Еуропа жерінен «Анама» деп аталатын аянышты өлеңінің төрт жолы. Бір шумақта қаншама басынан кешкен қасірет, қиналыс, торығу мен зорығу. Соған ендеше, сен де бойла, бүгінгі бейбіт заман адамы, кейінгі ұрпақ! Түптеп келгенде, туған ел деп үздігіп, өмір деп ынтығатын мұндай көркем, ойлы өлең шумақтары жауынгер ақынның осы бір соңында қалған жыр мұрасында аз емес. Мына ұзақ азапты сапардан соң туған жолдар да кеудесінде жаны бар адамды қалай тебірентпесін.

Аңсаған алыс жолдан арып-ашып,

Бейнеттің белшесінен қаны қашып.

Келді ұлы арсалаңдап анасына,

Туған жер, қарсы алсайшы қойныңды ашып.

Осылай ұрпақтарының, өзін жақын білетіндердің есінде маңдайына жазған сол заманның өзіндік бір сезімтал жыршысы болып қала берген Қайыржан Жүнісов ағамыздың аруағы да енді шағын болғанымен, өзіндік көтерер жүгі, айтар ойы бар осы кітабымен бір аунап түскені анық. Лайым сол сұм соғыстың әр боздағы, әр ардагері ұмытылмасын десек, Қайыржан ағаның да өзі сол сұрапыл ұрыс даласында танытқан қайсарлығы, көрген көрешегімен бірге, осы өлеңдерінің де бір қалтарыста жоқ болып кетпей бізге жеткені қандай жақсы болған!

Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар