Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын жария етіп, алдағы екінші жартыжылдыққа арналған ауқымды жоспарларды таныстырды.
Аталған есептік баяндама ауданның барлық салаларында тұрақты өсім мен оң динамика қалыптасқанын айқын көрсетті. Іргетасы сонау 1955 жылы қаланған, тарихы бай, топырағы құтты Жарқайың ауданы бүгінде Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік салмақты үлес қосып отырған іргелі өңірлердің бірі. Бұл құтты мекенде 1 сәуірдегі жағдай бойынша 11 299 тұрғын ынтымақтастықта өмір сүріп жатыр.
Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3 миллиард 500 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 110 пайыздық межеге жеткен. Ауданның жалпы ауыл шаруашылығы алқабы 751 мың гектарды құраса, соның ішінде биылғы көктемгі егіс жұмыстары 692 мың гектар алқапта толықтай жүргізіліп, межеленген жоспар жете орындалған. Көктемгі дала жұмыстарының құрылымына үңілсек, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар үлесі 664 мың гектар, майлы дақылдар 16 мың гектар, ал, мал азықтық дақылдар 5 мың 700 гектар.
Осынау көктемгі егіс науқанының уақытылы әрі сапалы атқарылуында мемлекеттік қолдау шараларының тигізген септігі орасан. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеңілдетілген несие қаражаттарын белсенді пайдаланыпты. Мәселен, «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жалпы сомасы 3,6 миллиард теңгені құрайтын жобалар қаржыландырылса, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының желісі бойынша 2,5 миллиард теңге сомасына өтінімдер қабылданған. Сонымен қатар, «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы арқылы жүзеге асырылатын форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында жалпы сомасы 364 миллион теңгені құрайтын 7 өтінім жолданған. Диқандар үшін ең өзекті мәселе – жанар-жағармаймен қамту ісі де назардан тыс қалмай, арзандатылған дизель отынын алуға жалпы көлемі 10 мың тоннадан асатын 349 өтінім қанағаттандырылған.
Өңірде тек өсімдік шаруашылығы ғана емес, мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму жолына түскен. 2026 жылғы есепті кезең қорытындысы бойынша аудандағы ірі қара мал саны 12 922 басты құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14 пайызға артты. Мұның ішінде ірі қара мал саны 6 691 басқа жетіп, бірден 22 пайыздық өсім көрсетті. Сонымен қатар, қой мен ешкі саны 26 225 басты, жылқы 9 408 басты, шошқа 2 191 басты, ал үй құстарының саны 28 942 басты құрады. Оған қоса, ауданда экзотикалық саналатын 23 түйе бағылуда. Мал басының бұлайша көбеюі дайын өнім көлемінің артуына тікелей оң әсерін тигізді. Есепті кезеңде жергілікті фермерлер тірі салмақта 955 тонна ет, 1 397 тонна сүт және 465 мың дана жұмыртқа өндіріп үлгерді.
Ауданның өнеркәсіп әлеуеті де қарқынды дамып келеді. Басшылықтың мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар–мамыр айларында аудан кәсіпорындары 1 миллиард 500 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өнеркәсіптік қызмет түрлерін көрсетті, бұл ретте, нақты көлем индексі жоғары көрсеткішке – 126 пайызға теңелді. Осы орайда, ауданды дамытудың ең маңызды стратегиялық бағыттарының бірі ретінде инвестиция тарту мен жаңа жобаларды іске асыру ісі алға шығады.
– Биыл Жарқайың ауданында жалпы құны шамамен 2 миллиард 100 миллион теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың басты әлеуметтік маңызы, 100-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға және аудан экономикасының еселенуіне жол ашуында. Жоспар бойынша барлық жобалар ағымдағы жылдың үшінші және төртінші тоқсандарында толықтай пайдалануға берілмек. Айталық, мал шаруашылығы бағытында Тасөткел ауылында «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инвестициялық жобасы сәтті іске асып жатыр. Ағымдағы жылдың екінші тоқсанында бұл кәсіпорын сүт бағытындағы 134 бас ірі қара мал сатып алды. Негізгі мақсат – сүт және сүт өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ, ауылда 5 жаңа жұмыс орнын құру, – деп атап өтті аудан әкімі.
Жер қатынастары саласында да заңдылық пен тәртіп орнату жұмыстары қарқынды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару ісіне ерекше назар аударылып отыр. Соның нәтижесінде, жоспарланған 4 мың гектардың орнына есепті кезең қорытындысы бойынша 7 969 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, бұл белгіленген жоспардың 199 пайызын құрайды.
Құрылыс саласында да көңіл қуантарлық оң көрсеткіштер бар. Мәселен, тұрғын үй құрылысына 194 миллион теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13 пайызға жоғары. Биыл жалпы көлемі 1 250 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 110 пайызға орындалды.
Елді мекендерді көркейту ісі де жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен жүйелі атқарылуда. Айталық, Тассуат, Гастелло, Пятигорское, Львовское және Бірсуат ауылдарында заманауи көше жарығы орнатылып, бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сүру жайлылығын арттыра түсті.
Сәуір айында аудандық полиция бөлімінде Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» бастамасы аясында жаңа жедел басқару орталығы ашылған. Жоба аясында Державинск қаласының аумағына 18 заманауи камера орнатылды.
Ауданда 20 мектеп жемісті жұмыс істеп жатыр. Онда 391 білікті педагог 2 099 оқушыға тәлім-тәрбие беруде. Мәдениет саласында 31 нысан халыққа қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласы да тұрақтылық танытуда. Бұл жүйеде 37 жоғары білімді дәрігер, 93 орта буын медицина қызметкері және 51 кіші медицина қызметкері еңбек етеді.
Биылғы жылы су тасқынына қарсы іс-шаралар ерекше жауапкершілікпен атқарылған. Төтенше жағдайлардың алдын алу және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында дер уақытында қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 2026 жылғы су тасқыны кезеңі Жарқайың ауданында тұрақты өтіп, ешқандай елді мекенді су басу қаупі төнбеген және төтенше жағдайлар тіркелмеген.
Брифингте аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков алдағы уақытта да өңірді өркендету, халықтың әл-ауқатын арттыру және жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

