Қайтарылған активтер ел игілігіне бағытталуда

Ақмола облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру қарқынды түрде жалғасуда. Ақмола облысының прокуратурасы хабарлағанындай, бүгінгі таңда жоспарланған 42 жобаның 35-і толықтай аяқталып, ел игілігіне берілді.

Халық игілігіне жұмсалған бұл қаражаттың арқасында аймақта 2 заманауи спорт кешені, 22 сумен жабдықтау нысаны және 11 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға өзіндік үлесін қосуда.

Осы инфрақұрылымдық жаңашылдықтардың бірі әрі бірегейі – Көкшетау қаласында пайдалануға берілген жаңа «Kokshe Arena» көпфункционалды спорт кешені. Жуырда осы еңселі спорт сарайында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы республикалық спартакиаданың салтанатты ашылу және жабылу рәсімі болып өтті.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысанда бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары қарастырылған. Сонымен қатар, 650 орынға арналған көпфункционалды бас залы бар кешен бір мезгілде 1 000-нан астам адамды қабылдауға қауқарлы. Жаңа спорт нысанының ашылуы өңірде спортты дамытуға, республикалық әрі халықаралық деңгейдегі ауқымды жарыстарды өткізуге, сондай-ақ, бұқара арасында салауатты өмір салтын насихаттауға кең жол ашпақ.

Өз кезегінде Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов қайтарылған активтер есебінен салынып жатқан барлық нысандардың құрылысы прокуратура органдарының тұрақты әрі қатаң бақылауында екенін атап өтті. Оның айтуынша, бақылау барысында ең алдымен құрылыс сапасына, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуына және бөлінген мемлекеттік қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдаланылуына ерекше назар аударылады.

Аталған жобалардың жүзеге асуы өңірдегі әлеуметтік теңсіздікті жоюға және шалғай елді мекендердің тұрмыс сапасын түбегейлі жақсартуға бағытталған. Әсіресе, сумен жабдықтау нысандарының іске қосылуы таза ауыз суға қол жеткізу мәселесін шешіп қана қоймай, ауылдық жерлердегі экологиялық жағдайды сауықтыруға да оң әсерін тигізуде. Ал, денсаулық сақтау саласындағы жаңа нысандар халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, заманауи жабдықтармен диагностика жасауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар тек инфрақұрылымды жаңартып қана қоймай, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға да септігін тигізеді.

Прокуратура өкілдері әрбір нысанның ашылу барысын жіті қадағалап, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта да осындай маңызды әлеуметтік жобаларды жалғастыру және аяқталмаған құрылыстарды мерзімінде тапсыру басты назарда болатынын айтады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сурет yandex.kz сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар