Құрыш қолды құрылысшылар құрметтелді

Әкім — іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Болашақ сарайында Құрылысшы күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, ақмолалықтарды сәнді құрылыстарымен қуантып, ел экономикасына елеулі үлестерін қосып жүрген құрыш қолды құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтады және мемлекеттік марапаттар мен Алғыс хаттарын тапсырды.

Құрылыс саласы экономиканы дамытуда және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Осы қажырлы қайрат пен жауапкершілікті, еңбекқорлық пен табандылықты жандарына серік еткен құрылысшылардың құрыш қолдары мен маңдай терінің арқасында облыстың қалалары мен ауылдарының сәулеттік келбеті жыл сайын жаңарып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым одан әрі дами түсуде. 2025 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 431 миллиард теңгеге жетсе, биыл да құрылыс саласы тұрақты өсу қарқынын сақтауда. Құрылыс жұмыстарының негізгі көлемін жергілікті мердігерлер жүзеге асырып жатқанының арқасында облыс табысы да артып келеді.

Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы өңір құрылысшыларының осы бір еселі еңбегін ерекше атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға үлкен міндет қойып, құрылыста жай ғана шаршы метрлерді көбейтіп қана қоймай, ақмолалықтардың өмір сүруі үшін сапалы, жаңа, жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруды тапсырды. Соңғы үш жылда біз ауқымды тұрғын үй құрылысына қол жеткіздік, соның арқасында он мыңдаған ақмолалық отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартты. Тұрғын үй құрылысы тек облыс орталығы Көкшетау қаласы мен жаңа қала Қосшыда ғана емес, өңірдің барлық аудандарында қарқынды жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша осы кезеңде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 22 мың пәтер пайдалануға берілді. Шамамен 6 мың әлеуметтік осал топтағы отбасы өз баспанасына ие болды, – деген өңір басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да кеңінен баяндады. Соның ішінде былтырдан бері облыста 100 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталғанына, Көкшетау қаласында бірнеше ауқымды жоба жүзеге асырылып жатқанына тоқталып, Жылу электр орталығының құрылысы басталғанын, 630 төсек орындық өңіраралық аурухананың, индустриялық аймақ арқылы басқа да маңызды ірі инвестициялық жобалардың қолға алынғанын тілге тиек етті. Сөзінің соңында аймақ басшысы сала ардагерлеріне, сондай-ақ, ауа райының ыстығы мен аязына қарамастан құрылыс алаңында жұмыс істеп жүрген құрылысшыларға алғысын білдіріп, игі жақсы тілегін жеткізді.

Салтанатты шара аясында облыс және республика көлемінде ерен еңбегімен көзге түскен бір топ сала ардагері марапатталып, сахна төрінен көрінді. Жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асқан, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл еңбек еткен, сондай-ақ, еңбек жолында жоғары кәсіби жетістіктері мен үздік көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін «Еңбек ардагері» медалімен «Строй ТехIC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженерлік желілер учаскесінің бастығы Серік Сүлейменов пен Ақмола облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Айсұлу Әбілманова марапатталды. Сондай-ақ, «УК Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Манат Мусинге, Ақмола облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Бахыдбек Оспанбековке, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Бейбітжан Молдаханов пен Ақмола облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының әлеуметтік сала объектілерінің құрылысы бөлімінің бас маманы Әбдірейім Қуанбаевқа «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі тапсырылды. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің және Ақмола облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары құрылыс саласының прорабтарына, инженерлері мен техникалық қадағалау сарапшыларына, жоба жетекшілері мен қарапайым құрылысшылардан тұратын бір топ сала майталмандарына табысталды.

Марапат соңы «Болашақты бірге қалаймыз!» атты би қойылымына ұласып,  «Құрылысшылар гимні» шырқалды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар