Баспасөз туры
Ақмола облысының прокуратурасы және жастар-ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жастарға арналған «Құқықтық тәртіп әліппесі» атты ауқымды профилактикалық іс-шарасы өтті.
Танымдық шараға 14 пен 18 жас аралығындағы жастар мен еріктілер қатысты. Бағдарлама аясында жастар мен еріктілерге Ақмола облысының прокуратурасы, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің атқарып жатқан жұмыстары жан-жақты таныстырылды. Шараның бастапқы кезеңінде жастар облыстық прокуратурада өткен Ашық есік күніне қатысып, заңгер мамандығының қыр-сырына қанықты. Облыстық прокуратураның аға прокуроры Айым Алтай атап өткеніндей, мұндай шаралар балалар мен жастардың тәрбиесіне оң әсер етіп, полиция департаментінде ұсақ құқықбұзушылықтар мен бұзақылық әрекеттердің қалай анықталатынын және оларға қолданылатын шараларды жан-жақты түсіндіруге септігін тигізеді. Бұл акция алдағы уақытта жоспарға сәйкес тоқсан сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрмақ.
Практикалық бөлім барысында қатысушыларға кинология және өрт сөндіру қызметі, «Арлан» мен «СОБР» арнайы жасақтарының әлеуметтік-қызметтік мүмкіндіктері көрсетілді. Кинологиялық қызмет бойынша қызметтік иттердің жабдықтары, күтіміне арналған құралдар және штурмдық ұстауға арналған дрессировкалық костюмдер таныстырылды. Сонымен қатар, иттердің есірткі мен жарылғыш заттарды іздеу көрсетілімі өтіп, мамандар жарылғыш заттарды жанармайдың қасына қойып, бөтен иістермен шатастыруға тырысқанымен, Атос есімді қызметтік ит өзге иіске алаңдамай, жасырылған затты дәл тапты. Бұдан бөлек, жеке құрам мен иттерді тасымалдайтын арнайы көліктер, криминалистік зертханалар көпшілік назарына ұсынылды.
Одан әрі жастар облыстық полиция департаментінде болып, полицияның «жүрегі» саналатын жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Дәл осы жерде барлық жедел ақпарат тоғысып, полиция қызметтерінің күштері мен құралдарын басқару, навигация жүзеге асырылады. Орталық қызметкерлері күн сайын тоқтаусыз режимде қаладағы жағдайды бақылап, оқиғаларға жедел ден қоюды үйлестіреді. Жастарға көше камералары арқылы тіркелген видеожазбалар көрсетіліп, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктерін өткізбеу, шылым тұқылдарын жерге тастау, қоғамдық орындарда ішімдік ішу және тұрмыстық техникаларды қоқыс жәшіктеріне қалдыру секілді ұсақ заңбұзушылықтардың зардаптары түсіндірілді. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Милана Сайлаубаева әрбір маманда түрлі міндеттер бар екенін, олардың барлығы бірігіп қала тәртібі мен тыныштығын сақтап жатқанын көріп, тәнті болғанын жеткізді. Орталықпен танысқаннан кейін қатысушылар полиция департаментінің музейін аралады.
Шара барысында Ақмола облысының тергеп-тексеру департаментінде жастарға дроперлік пен түрлі банк карталары арқылы орындалатын заңсыз аударымдар туралы маңызды түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бұдан кейін жастар төтенше жағдайлар департаментіне барып, өрт сөндіру техникалары мен жабдықтарымен танысты. Балаларға өрт сөндіру көліктеріне мініп, құтқарушылардың арнайы киімдері мен қорғаныс құралдарын киіп көруге, сондай-ақ, өрт сөндіру шлангаларын ұстап, практикалық жаттығуларға қатысуға мүмкіндік берілді. Оқу-жаттығу барысында қызметкерлер дабыл бойынша жылдам жиналып, плацта жағылған отты сөндіру әрекеттерін көрсетті. Сондай-ақ, қызметтік итпен қирандылардың астында қалған адамдарды құтқару бойынша іс-әрекеттер көрсетіліп, жастар ерекше әсер алды. Бұл жас ұрпақтың құтқарушы және полиция қызметкері мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, болашақ кәсіпті саналы түрде таңдауына ықпал етеді.
Жаз мезгілінде еңбек етіп жүрген «Жасыл ел» сарбаздары мен қала волонтерлерін танымды экскурсияға шақырған облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Шыңғысхан Елеш, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған аталмыш іс-шараның маңызын атап өтті.
– Акцияның негізгі мақсаты өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға деген құрметін арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын ояту болып табылады. Күні кеше қалада ұйымдастырылған осындай танымдық шара барысында қатысушылар құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды, – дейді ол.
Шараға қатысқан белсенді жас Ахат Арыстанғали прокуратура мен полиция жұмысы ерекше ұнағанын, қаладағы қауіпсіздікті көріп бұл салаға қызығушылығы артқанын, сондай-ақ, қоғамда тәртіпті сақтап, тазалыққа мән берудің маңыздылығын терең түсінгенін айтты.
Қорытындылай келгенде, мұндай профилактикалық кездесулер жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үлкен жауапкершілікті талап ететінін ұғындыруға зор үлес қосады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

