Тарихыңды таны
Қазақ халқының тарихында батырлар ерекше орын алады. Батырлар ел қорғауда ерлігімен, әскери шеберлігімен және халқына деген адалдығымен танылған қолбасшылар мен сарбаздар. «Батыр» деген атақ туған жерін қорғауда ерекше ерлік көрсеткен тұлғаларға халқының үлкен сүйіспеншілігі мен бағасы.
Қазақ тарихында есімдері халық жадында сақталған көптеген батырлар бар. Солардың қатарында Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Өтеген батыр секілді көптеген батырлар бар. Олардың ерліктері қазақ халқының тарихи мұрасының ажырамас бөлігі болып табылады.
Қазақстанның әрбір өңірі өзінің тарихи және мәдени ерекшеліктерімен дараланады. Біздің аймақтың да көрнекті тұлғаларының есімдерін ұрпақ жадында сақтау ұлттық сананы қалыптастыруға және қоғамның рухани құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Бұл ретте, Сандықтау өңірі де қазақ халқының ұлт-азаттық күресі тарихында маңызды орын алады. Бұл өлке ұлт-азаттық күресінде елін жаудан қорғаған бірқатар белгілі батырлардың туған жері. Олардың қатарында Кенжебай батыр, ағайынды Арлан мен Шамай батырлар, сондай-ақ, Тайлақ батыр бар. Олардың қызметі туған жерді қорғау және сыртқы қауіп-қатерлерге қарсы күреспен тығыз байланысты.
Сандықтау ауданы аумағында XIX ғасырдың бірінші жартысында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан батырлардың жерленген орындары орналасқан. Сол тарихи орындардың бірі Кенжебай Ақпанұлының жерленген жері.
Кенжебай батыр
Кенжебай Ақпанұлы Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған белгілі батыр. Тарихи деректер мен ауызша аңыз-әңгімелерде оның мергендігімен және байқампаздығымен ерекшеленгені айтылады. Асқан қырағылығы үшін замандастары оны «қаракөз» деп атаған, бұл «көзі қырағы адам» деген мағынаны білдіреді.
Қазақтың белгілі ақыны, ойшылы және этнографы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің «Қара мес» поэмасында Кенжебай батырдың ерлігі мен батылдығына ерекше тоқталып, оны халқының игілігі үшін жанын қиюға дайын болған қаһарман тұлға ретінде суреттейді.
Сандықтау өңірі өлкетанушыларының зерттеулеріне сәйкес, Кенжебай батыр ұзақ уақыт бойы Кенесары ханның жанында болып, оның әскери жорықтарына қатысқан. Қазақ дәстүрінде батыр атағы тектілікке емес, жеке ерлігі мен батылдығына байланысты беріліп отырған. Мұны «Адам батыр болып дүниеге келмейді, батыр болып қалыптасады» деген халық даналығы да дәлелдейді.
Тарихи деректерге сүйенсек, Кенжебай батыр Наурызбай батырдың жақын серігі болған және бірнеше рет оны қауіп-қатерден құтқарған. Осыған ризашылығы ретінде Наурызбай батыр Кенжебай батырға өз мылтығын сыйлаған.
Қырғыз манаптарымен болған соңғы шайқаста Кенжебай батыр Кенесарының басқа батырлармен бірге сол оқиға орнында болған. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін ол біраз уақыт қырғыз манаптарының тұтқынында болып, кейін туған жеріне оралған.
Кенжебай батыр ғұмырының соңына дейін Сандықтау өңірінде өмір сүріп, қайтыс болғаннан кейін туған жерінде жерленген. Кейін оның ұрпақтары қабірінің басына «XIX ғасырда Кенесары қозғалысына қатысушы Кенжебай Ақпанұлы (1825–1884) бабамызға» деген жазуы бар ескерткіш тас орнатқан.
.Арлан мен Шамай батырлар
Сандықтау өңірінің тарихында ағайынды Арлан батыр мен Шамай батырдың есімдері де ерекше орын алады. Олар арғын тайпасының қарауыл руының бір тармағы қылды руынан шыққан және Кенесары ханның серіктері болған.
Өлкетанушылардың мәліметтері бойынша, бұл батырлар қазіргі Сандықтау ауданы аумағында дүниеге келген. Олардың есімдері солтүстік өңірде кеңінен танымал болған. Әскери шайқастарда екеуі де батылдығы мен қайсарлығын көрсетіп, жауға қарсы күресте ерекше ерлік танытқан. Тарихи деректерге сүйенсек, Арлан батыр Қостанай облысы Сарыкөл ауданының Қараоба ауылы маңындағы шайқаста қаза тапқан. Ал, жаулары тарапынан уланғаны жөнінде аңыз-әңгімелер бар Шамай батырдың қабірі Сандықтау ауданының Новоникольское ауылы маңындағы Маралды орман шаруашылығы аумағында жатыр. 2018 жылы батырдың ұрпақтары қабір басына ескерткіш тас орнатып, айналасын абаттандырған.
Тайлақ батыр
Сандықтау өңірінің тарихында Тайлақ батырдың да орны ерекше. Бізге жеткен деректер мен ауызша мәліметтерге қарағанда, ол XVIII ғасырда өмір сүрген көрнекті қазақ батырларының бірі. Батырдың есімі ел аузында ертеден сақталып келеді және оның ерліктері туралы аңызәңгімелер ұрпақтанұрпаққа жеткен.
Тайлақ батыр жастайынан батылдық пен қайсарлық қасиеттерімен көзге түскен, туған жерін қорғау жолында небір күрестерге араласқан. Оның есімі халық жадында қалмақтарға қарсы шайқастармен байланыстырылады. Халқымыздың тарихында қазаққалмақ соғыстары XVIII ғасырда басталып, бірнеше онжылдыққа созылған күрделі тарихи кезең болғалы белгілі. Батырлар осынау күрестің барысында туған елінің тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін талай шайқастарға қатысқан.
Халық жырлары мен аңыздары бойынша, Жыланды тауының маңында болған бір шайқаста қазақ батырлары жауды жеңіп, ол жер кейін «Қалмаққырған» деп аталған, яғни, «қалмақтар қырылған жер» деген мағынаны білдіретін атау алған.
Сонымен бірге, тарихи зерттеулерде Тайлақ батырдың аты XVIII ғасырдағы ұлы батырлармен бір қатарда жиі аталады. Кейбір тарихшылардың пікірінше, ол қазаққалмақ шайқастары кезеңінде ғана емес, жалпы сол дәуірдегі ұлтазаттық қозғалыстарында да белсенді рөл атқарған.
Өкінішке қарай, Тайлақ батыр туралы жазбаша тарихи деректер өте аз сақталған және өмірбаяны да толық ашылмаған. Сонымен бірге, батырдың жерленген жері бүгінгі күнге дейін нақты анықталмай келеді.
Дегенмен, Тайлақ батырдың есімі қазақ халқының ауыз әдебиетінде, эпикалық жырларында және тарихи әңгімелерінде батырлық пен елдік рухтың символы ретінде көрініс табуда.
Сандықтау ауданындағы қазақ батырларының есімдерімен байланысты болып келетін киелі орындар өңірдің тарихи-мәдени мұрасының маңызды бөлігі болып табылады. Олар қазақ халқының қаһармандық өмір жолын айғақтап қана қоймай, сонымен қатар, тарихи сананы қалыптастыруда және жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде үлкен рөл атқаруда.
Кенжебай батыр, ағайынды Арлан, Шамай батырлар және Тайлақ батыр сияқты тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен ерлік жолын әлі де болса, зерттей түсу рухани мұрамызды молайтуға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал етері сөзсіз. Осы орайда, тындырғанымыздан да тындырарымыз көп деп білгеніміз жөн.
Гүлім РАХЫМЖАНОВА,
Ақмола облысы мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны
қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы.
![]()

