Халықты әлеуметтік қорғауда нақты нәтижелер бар

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллинаның брифингі болып өтті.

Онда басшы өңірдегі халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету және жаңа бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

Ағымдағы жылдың жеті айында облыста 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, бұл жылдық жоспардың 51 пайызын құрап отыр. Оның 9 мыңнан астамы  тұрақты жұмыс орындары болып табылады.

– Облыста түрлі концепциялар мен ұлттық жобалар аясында 145 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Осы жобалар көмегімен құрылған жұмыс орындарының 50 пайыздан астамы Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытына тиесілі. Мысалы, Бурабай ауданындағы «Агрофирма «Веденовка» кәсіпорнында 22, ал, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігінде 29 жаңа жұмыс орындары ашылды. Сол сияқты, жастарды қолдау мақсатында 4 мыңға жуық жас жігіт пен қыз жұмыспен қамтылды. Жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша жеті оқу орталығында аспаз, тракторшы-машинист, шаштараз, электрмонтер секілді сұранысқа ие мамандықтар бойынша 203 адам қайта даярлаудан өтіп, 100 адам оқуын аяқтады. Сонымен қатар, «Гормолзавод», «Қайрат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді кәсіпорындардың өз базасында 74 адам оқудан өтуде, – деді брифинг барысында Шолпан Салыққызы.

Бұдан әрі басқарма басшысы халықтың осал топтарына бағдарланған Мансап орталықтарының жұмысы туралы айтып берді. Бұл орталықтарда тіркелген 1300 жұмыссыздың әлеуметтік портреті жасалып, олардың 47 пайызының орта білімі, 29 пайызының техникалық және кәсіптік, 24 пайызының жоғары білімі бар екені және олардың негізінен үлесі 31-50 жас аралығындағы азаматтар екені анықталған.

Сондай-ақ, басқарма пробация есебінде тұрған және бас бостандығынан айырылған 189 адамның қамтылуымен әлеуметтік бейімдеу бағдарламасын жүзеге асыруда. Сонымен бірге, жұмыссыз тұрғындарға «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бос жұмыс орындарын ұсынуда.

Министрліктің жаңа бастамалары шеңберінде облыстық басқарма мен оған қарасты орталықтар мен бөлімдер өз жұмыстарына Жасанды интеллект технологияларын енгізуде. Мансап орталықтарының қызметі клиентке бағдарланған форматқа ауысуда. Еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мониторингі мемлекеттік цифрлық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылуда.

– Өңірде қандастар мен этникалық қазақтарға жан-жақты көмек көрсету мақсатында ай сайын «Қандастар үшін Ашық есік күні» өткізіледі. Жыл басынан бері осындай 6 іс-шара өтіп, 53 сұраққа жауап берілді. Бүгінде мемлекеттік қолдаудың жаңа өзгерістеріне сәйкес көшуге арналған субсидия үш ай еңбек қызметі расталған болса, 302,8 мың теңгені құрайды. Қандастың 6 ай еңбек қызметі расталса, оған тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерге төленетін ай сайынғы субсидия 65 мыңнан 130 мың теңге аралығында болады. Сол сияқты, егер еңбек қызметі 12 айды құраса, онда 7 миллион теңгенің экономикалық сертификаты беріледі, – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесіне тоқталсақ, соңғы үш жылда саланың қаржыландырылуы 1,5 миллиард теңгеден 2,4 миллиард теңгеге өсіпті. 10 мыңнан астам адам оңалту құралдарымен қамтамасыз етіліп, мүгедектігі бар жеті азамат жалпы құны 59 миллион теңге болатын кохлеарлық имплантпен қамтылған. Сонымен бірге, Көкшетау қаласының бір тұрғынына құны 15 миллион теңге тұратын жоғары технологиялы заманауи протез сатып алынды. Санаторлық-курорттық ем алуға 4 мыңнан астам өтініш келіп түсіпті. Ай сайын тұрақты түрде мүгедектігі бар азаматтарға арналған «Ашық есік күндері» ұйымдастырылады.

– Ақмола облысы Қазақстанда бірінші болып «Кедейлерсіз аумақ» пилоттық жобасын жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – көмек көрсету моделінен кедейшілікке жол бермеу моделіне көшу. Облыстағы 226 ауылдық округтің 125-інде немесе 55 пайызында атаулы әлеуметтік көмек алушылар мүлде жоқ. Еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 502-сі жұмыс істейді, 449 адам белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Мысалы, Сандықтау ауданынан көп балалы ана Любовь Лощинина кәсіпкерлік негіздерін оқып, 1 730 000 теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, өзінің тігін шеберханасын ашты. Жалпы, соңғы сегіз жылда облыста АӘК алушылар саны 10 еседен астамға қысқарды, –деді Шолпан Салыққызы.

Сондай-ақ, өңірде 12 Отбасын қолдау орталығы мен 144 мобильді топ жұмыс істейді. Жыл басынан бері бұл орталықтар мен топтар мыңдаған тұрғынға заңгерлік, психологиялық, қайырымдылық және әлеуметтік көмек түрлерін көрсетіп, қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдауды одан ірі көрсетуді жалғастыруда.

Брифингте біздер де өз кезегімізде инвестициялық жобалар аясында облыста шетелдік компаниялар салып жатқан құрылыс алаңдарында жергілікті жердің азаматтарын жұмыспен қамту үлесі өте аз екендігін айтып, бұл бағытта тапсырыс берушілермен алдын ала келісім-шарттар жасалу қажеттігі туралы ұсыныстарымызды жеткіздік.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар