Жоба арқасында балалар үшін жаңа күрес залы ашылды

Әкім – іс үстінде

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Еркін Оқасовтың қатысуымен Көкшетау техникалық лицейінде жаңа спорт залының ашылу рәсімі болып өтті.

Бұл өңірдегі алғаш рет жалпы білім беретін мектеп базасында ашылған мамандандырылған күрес залы. Енді лицей оқушылары мектеп қабырғасында заманауи талаптарға сай жабдықталған залда күреспен кәсіби деңгейде айналыса алады. Жаңа зал кәсіби күрес кілемдерімен және қажетті спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда үш жаттықтырушы-педагог жұмыс істеп, 90 оқушыны тұрақты түрде күрес секцияларымен қамту жоспарланып отыр.

Залдың ашылуы Туризм және спорт министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және республикалық күрес федерациясы арасындағы үшжақты меморандумды іске асырудағы алғашқы нақты қадам. Жоба мектеп спортын дамытуға, спорт секцияларының қолжетімділігін арттыруға және спорт резервін даярлауға жағдай жасауға бағытталған.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов балалар спортын дамыту өңірдегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде балалар спортын дамытудың және балалардың ерте жастан спортпен айналысуына жағдай жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Біздің міндетіміз – әр бала үшін осындай мүмкіндіктерді барынша қолжетімді ету. Бүгін біз жай ғана спорт залын ашып отырған жоқпыз. Оқушылардың оқу ордасының өзінде спортпен шұғылданып, кәсіби мамандардың жетекшілігімен жаттығып, өз қабілеттерін шыңдауына жағдай жасап отырмыз. Күрес баланың бойында мінез-құлықты, тәртіпті, табандылықты және жеңіске деген ұмтылысты қалыптастырады. Мұндай спорт алаңдары өңірдің жаңа спорттық резервін қалыптастырудың да негізіне айналады деп сенемін, – деді Марат Ахметжанов.

Бүгінде Ақмола облысында күрестің түрлі бағыттарымен 2 мыңнан астам адам айналысады. Өңірдің күрес мектебінің өкілдері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Жаңа зал мектеп оқушылары үшін күреспен айналысу мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды ерте кезеңнен анықтауға жағдай жасайды.

«Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Еркін Оқасовтың айтуынша, жоба республикалық деңгейде жүзеге асырылып, ең алдымен, балаларды спортқа тартуға бағытталған.

– Басты мақсат күреспен айналысатын жастардың санын арттыру болып табылады. Тек қана чемпион тәрбиелеу міндет емес. Ең бастысы, балаларды салауатты өмір салтына баулу, тәртіпке, жауапкершілікке үйретуіміз қажет. Күрестің еліміз үшін маңызы зор және ол бүгінгі таңда спорт резервін қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады, – деп атап өтті ол.

Жобаны іске асыру ағымдағы жылдың басында қолға алынды. Үшжақты келісім аясында Федерация жыл соңына дейін республика бойынша 100-ге жуық мектепті осы жобамен қамтуды жоспарлап отыр. Қарағанды, Шымкент және Астана қалаларында мамандандырылған залдар ашыла бастады.

Сапар барысында Еркін Оқасов Kokshe Arena спорт кешенінде де болып, Көкшетау қаласындағы жас спортшылардың жаттығуына жасалып жатқан жағдаймен танысты. Федерация президентіне спорт кешенінің инфрақұрылымы, жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған мүмкіндіктер таныстырылып, қаладағы балалар-жасөспірімдер спортын дамыту жұмыстары туралы мағлұмат берілді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар