Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі

Банкроттық

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңында қарастырылған азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінің басты ерекшелігі, азаматты банкрот деп тану емес, керісінше, оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіріп, кредиторлар алдындағы берешегін сот бекіткен арнайы жоспарға сәйкес біртіндеп өтеуге мүмкіндік беру.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында жалпы берешек сомасы 695,9 миллион теңгені құрайтын 61 борышкерге қатысты осы сауықтыру процедурасы жүргізілуде.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тек сот тәртібімен қолданылады. Тұрғындардың бұл мүмкіндікті пайдалануына тиесілі мүлкінің құны барлық міндеттемелерден асып кетуі немесе тұрақты табысының болуы негіз болады. Яғни, бұл механизм жалақысы, жеке кәсіпкерлік табысы бар, мүлкінің бір бөлігін сату немесе жалға беру, сондай-ақ, қарызды өтеу шарттарын қайта қарау арқылы тығырықтан шығуға нақты мүмкіндігі бар азаматтарға арналған.

Рәсімді бастау үшін азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа өтініш береді. Өтінішпен бірге кредиторлар мен дебиторлар тізімі, берешекті растайтын құжаттар, мүлік тізімдемесі, соңғы үш жылдағы міндеттемелер тізбесі және банктермен берешекті реттеу шаралары қабылданғанын растайтын құжаттар тапсырылуы тиіс. Бұл ретте, егер банктік қарыз немесе микрокредит шарты 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған болса немесе мерзімі өткен берешек туындаған сәттен бастап 12 ай өтсе, берешекті реттеу жөніндегі құжат талап етілмейді.

Сот іс қозғаған сәттен бастап борыштық міндеттемелерді орындау мерзімдері басталды деп есептеледі. Кредиторларға бұл берешекті рәсімнен тыс өндіріп алуға, өсімпұлдар мен айыппұлдар есептеуге, борышкердің банктік шоттарынан ақша өндіруге тыйым салынады. Іске қаржы басқарушысы қатысып, борышкердің мүлкіне түгендеу жүргізеді және 20 жұмыс күні ішінде сотқа азаматтың қаржылық жағдайы бойынша арнайы қорытынды ұсынады. Рәсімді қолдану туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды.

Егер сот оң шешім шығарса, қаржы басқарушысы борышкермен бірлесіп, кредиторлардың ұсыныстарын ескере отырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын әзірлейді. Бұл жоспарда берешекті төлеуді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу, айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру, сыйақы мөлшерлемесін төмендету, ай сайынғы төлемді азайтып, мерзімді ұзарту, тіпті мүлікті сату немесе айырбастау сияқты икемді құралдар көзделуі мүмкін. Жоспардың орындалу мерзімі әдетте бес жылдан аспауы тиіс, дегенмен, мүмкіндік болса, оны мерзімінен бұрын да аяқтауға болады.

Сот жоспарды бекіткеннен кейін борышкердің міндеттемелері тек осы құжатқа сәйкес орындалады. Бұл кезеңде азаматқа жаңа қарыздар алуға және мүлкін өз бетінше иеліктен шығаруға тыйым салынғанымен, ол өз жұмысын жалғастырып, табыс табуға және қарызынан заңды түрде толық құтылуға мүмкіндік алады.

Тобыл ДЕМЕСІНОВ,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің
дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы.
 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар