Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанаргүл Баймақова брифинг өткізіп, шағын жинақты мектептердегі сыныптарды біріктіріп оқыту мәселесін түсіндірді.
Бүгінде Ақмола облысында 139 мыңнан астам оқушы білім алатын 512 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. Олардың жартысынан көбі немесе 328-і ауылдық жерлердегі шағын жинақты білім ошақтары.
Салалық министрліктің нормативтеріне сәйкес, ауылдағы мектепте 5 бала – бастауыш, 41 бала болса – негізгі, ал, 81 оқушыдан асса – орта мектеп деңгейінде жұмыс істейді. Алайда, облыстағы 328 шағын жинақты мектептің 154-і бұл нормативтерге сай келмейді. Дегенмен, жергілікті атқарушы органдар ауыл мектептерін сақтап қалу бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Кейбір елді мекендерде тиісті нормадан екі есе аз оқушы отырса да, сыныптар жұмысын жалғастыруда.
Соған қарамастан, контингенттің болмауына немесе тым аз болуына байланысты биыл жазда 5 мектеп жабылып, тағы 5 мектеп қайта ұйымдастырылды. Барлық өзгерістер қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүргізілген. Өңірдегі шағын жинақты мектептердің ең көбі Зеренді ауданына тиесілі. Жалпы, облыс бойынша балалар санының жыл сайын азаю үрдісі байқалады.
– Шағын мектептерде сыныптарды біріктіріп оқыту заң аясында реттелген. Әсіресе, жас айырмашылығы 1-2 жыл болатын сыныптарды біріктіруге рұқсат етілген. Сондай-ақ, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қажеттіліктері де жіті назарға алынады. Оқушы саны үшеуден аспайтын жекелеген сыныптар үшін облыс бойынша 48 сынып-комплектісі ашылды, –деді спикер брифинг барысында.
Мамандардың айтуынша, сыныптарды біріктіріп оқытқанда, оқу бағдарламасының мазмұны қысқартылмайды. Сабақтар арнайы әдістемелер арқылы толық көлемде жүргізіледі. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыстағы жалпы білім сапасы 64,5 пайызды көрсетсе, шағын жинақты мектептерде бұл көрсеткіш 56,1 пайызды құрады.
Сондай-ақ, спикер өз сөзінде жақын орналасқан елді мекендердегі мектептерге оқушыларды тасымалдайтын автобустар қарастырылғанын, бірақ, кейбір ата-аналар балаларын алысқа күнделікті қатынауына рұқсат бермейтіндігін, сол себепті осы шағын жинақты мектептердің тиімді екендігін айтты.
Б.САКЕН.
![]()

