Есірткіге тәуелді болма, ертеңіңді ойла!..

Нашақорлық – қоғам дерті

Ақмола облысы – елорда маңындағы стратегиялық маңызға ие аймақ. Астанаға бағытталған барлық негізгі көлік ағындары біздің аумағымыз арқылы өтеді. Мұны қылмыстық топтар да жіті ескереді. Елорда халқының тығыздығы мен ірі нарық болуы аймақты есірткі бизнесі үшін маңызды логистикалық торапқа айналдырып отыр. Дегенмен, бұл қатерге қарсы құқық қорғау органдары, медицина мамандары және қоғамдық ұйымдар бірлесіп, кешенді түрде тосқауыл қоюда.Осы тұрғыда, өңірдегі қазіргі жағдай қандай? Құқық қорғаушылар мен осы саладағы дәрігерлер қандай қатермен күресіп жатыр? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін біз тиісті сала мамандарымен сұхбаттасқан едік.

Қылмыстық ортаға айналған есірткі бизнесі

Ақмола облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі Разия Құрсанованың айтуынша, қазіргі уақытта мәселе тек транзитпен шектелмейді.

– Біз есірткі қылмысының сипаты өзгере түскенін көріп отырмыз. Яғни, синтетикалық есірткілер кеңінен таралуда, ал, оларды өткізу интернет және байланыссыз «жасырын орындар» арқылы ұйымдастырылуда. Қылмыскерлер конспирация әдістерін үнемі өзгертіп, шағын партияларды, курьерлік сервистерді, жалға алынған көлікті, заманауи байланыс құралдарын пайдаланады. Сондықтан, біздің жұмыс әдістеріміз де үнемі жетілдіріліп келеді. Бұл тұрғыда біз цифрлық технологияларды, талдамалық жұмыстарды белсенді түрде қолданамыз және басқа өңірлердегі әріптестерімізбен өзара іс-қимыл жасаймыз, – дейді полиция подполковнигі.

Қылмыскерлердің конспирация тәсілдері әртүрлі: олар жабдықтар мен химиялық заттарды шағын партиялармен сатып алады, қосалқы тұлғаларды пайдаланады және нысанда жеке өзі сирек болады. Алайда, полицейлердің жүйелі жедел жұмыстарының арқасында жеткізу арналарын анықтауға және жолын кесуге, астыртын есірткі зертханаларын жоюға толық мүмкіндік туып отыр.

Соңғы жылдардағы өзекті үрдістердің бірі – синтетикалық есірткі өндіретін астыртын зертханалардың таралуы. Мұндай зертханалар жеке үйлерде, саяжайларда, шаруашылық құрылыстарда немесе жалға алынған баспаналарда мұқият жасырылып, жабдықталады. Жыл басынан бері облыс аумағында 10 есірткі зертханасы жойылса, оның ішінде 2-еуі синтетикалық есірткі өндіру бойынша және 8-і фито-есірткі зертханалары болған. Бір ғана мысал, былтыр мамыр айында полиция қызметкерлері Астана маңында жұмыс істеген синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхананы әшкереледі. Тергеу деректері бойынша, бұл зертхана шамамен бір жыл бойы жұмыс істеп келген. Тінту кезінде полицейлер 200 килограмнан астам прекурсорды, арнайы жабдықтар мен құрылғыларды тәркіледі. Қызықты деректердің бірі – күдіктілердің бірінің тұрғылықты жерінен жұбайы құрастырған «армандар картасы» табылған. Онда отбасының материалдық жағдайын жақсарту, шетелге көшу мақсаттары көрсетілген. Алайда, құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің арқасында зертхананың қызметі тоқтатылып, екі фигурант та сот алдында жауап беріп, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Есірткі қылмысының цифрлық ортаға толықтай дерлік өтіп кеткені де ешкімге құпия емес. Telegram, интернет-алаңдар және электронды төлемдер арқылы жүзеге асатын бұл әрекеттерге тосқауыл қоюмен киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелері жүйелі жұмыс істеуде. Жыл басынан бері есірткі жарнамасы бар 800 түрлі сілтеме анықталып, «Кибернадзор» базасына енгізілді, «Антифрод» жүйесіне 42 302 нысан (қазақстандық карталар – 1530, шетелдік карталар – 40 772, криптоәмияндар – 2368, ал, жалпы сомасы – 45 миллион 607 мың теңге) енгізіліп, бұғатталды.

«Оңай табыстың» ауыр салдары

Өкінішке қарай, қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жастарды жоғары табыс, еркін кесте және қауіптің жоқтығына сендіріп, қылмысқа белсенді түрде тартуда. Осыдан келіп жастар қарапайым орындаушыларға (закладчиктерге) айналып, ал, ұйымдастырушылар көлеңкеде қалады.

«Жасырын орын салушы» болу – қосымша табыс емес, ауыр қылмыстық іс. Қазақстан Республикасының заңнамасында есірткіні заңсыз өткізгені үшін 5 жылдан 15 жылға дейін, ал, ауырлататын мән-жайлар болған кезде 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы орайда, құқық қорғау қызметкерлері жас шамасы жауапкершіліктен босатпайтынын есте ұстау керектігін ескертеді. Өйткені, бұл сала бойынша қылмыстық жауапкершілік тіпті 14 жастан басталады.

Esbol Qory жанындағы өңірлік esirtkisiz.aqmola фронт-кеңсесінің басшысы Даниал Жағыпардың сөзінше, қазіргі таңда жастардың есірткіге тәуелді болуының басты себептерінің бірі – ақпараттың қолжетімділігі мен әлеуметтік желілердегі ықпал.

– Есірткіні жарнамалайтын немесе романтизациялайтын контент, жалған «жеңіл табыс» туралы ұсыныстар жастарды қызықтырады. Сонымен қатар, бұған психологиялық қысым, отбасындағы түсініспеушілік, бос уақыттың тиімді ұйымдастырылмауы да әсер етеді. Көпшілігі мұның ауыр қылмыс екенін соңына дейін түсінбейді, – дейді ол. Оның айтуынша, бұл мәселені тек ақпараттық науқандармен шешу мүмкін емес, сондықтан, мектептерде сыни ойлауды үйрету, цифрлық қауіпсіздікті арттыру және спорт, шығармашылық жобалар арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру аса маңызды.  Айта кетейік, Esbol Qory ұйымының әлеуметтік желідегі «оңай табыс табу» жарнамаларын бұғаттауға арналған MERGEN алгоритмі өз жұмысын сәтті атқаруда. Қазіргі статистикалық деректерге сүйенсек, осы жүйе арқылы 10 000 есірткі жарнамасы бұғатталған.

Өңірдегі наркоахуал қандай?

Ақмола облыстық психикалық денсаулық орталығының нашақорлықтан емдеу наркологиялық қызметінің басшысы Муслим Загировтың мәлімдеуінше, биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында орталықтың стационарлық бөлімшелеріне есірткіге тәуелділігі бар 42 пациент келіп түскен.

– Олардың 37-сі Алексеевка ауылындағы наркологиялық бөлімшеде жоспарлы ем қабылдаса, тағы 5 адам сот шешімімен Сілеті ауылындағы мамандандырылған бөлімшеге мәжбүрлі емдеуге жіберілді. Бұл – айына орта есеппен алты госпитализация көрсеткіші. Биыл науқастар санының айтарлықтай өскені байқалмайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде Алексеевкаға 47 пациент түссе, биыл одан 10 адамға кем. Бұл – шамамен 21 пайызға азайды деген сөз. Алайда, стационарға түскендер санының азаюын есірткіге тәуелділіктің таралу ауқымының төмендеуі ретінде тікелей бағалауға болмайды. Бұл тек ресми статистика, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Алексеевкадағы наркологиялық бөлімше мен Өзен ауылындағы әлеуметтік-психологиялық оңалту бөлімшесінде 27 пациент емделіп жатыр, олардың 13-і есірткіге тәуелділер. Сонымен қатар, Сілеті ауылындағы мамандандырылған бөлімшеде жалпы 59 науқас ем қабылдауда және олардың басым бөлігі маскүнемдікке байланысты емделуде. Бұл тұрғыда, есірткі қызметінің басшысы мәжбүрлі емнің адам ерікті түрде көмектен бас тартқанда және оның әрекеті қоғамға қатер төндірген жағдайда қолданылғанымен, бұлай мәжбүрлеп оқшаулау ұзақ мерзімді сауығып кетуге кепілдік бермейтінін, нәтиже адамның өз ынтасына және оңалту шараларына тікелей байланысты екенін атап өтті. Айтуынша, пациенттердің негізгі бөлігін жас және орташа еңбекке қабілетті жастағы ер адамдар құрағанымен, психоактивті заттармен танысу жасөспірім шақта басталып жатады. Мәселен, бүгінде наркологиялық бөлімшеде ем қабылдап жатқандардың арасында кәмелетке толмаған 17 жастағы қыз бала да бар.

Маман синтетикалық есірткілердің қатері –адамның құрамы мен дозасын білмеуінен туындайтын ұйқының бұзылуын, мазасыздық, агрессия, галлюцинация мен өткір психоздарды туындататынын айтады. Зиянды затты тоқтатқан соң есірткі қолданған адамда ауыр депрессия мен суицидтік ойлар пайда болады. Дегенмен, ерте көмекке жүгініп, медициналық ем мен ұзақ мерзімді оңалтуды отбасының қолдауымен ұштастырған науқас толық ремиссияға қол жеткізе алады.

Жастарды қатерден қалай қорғаймыз?

Мамандардың зерттеуі мен ұсынған деректері көрсеткеніндей, ата-аналарды тек бір ғана оғаш қылық емес, балаға мүлде тән емес күрт өзгерістердің жиынтығы алаңдатуы тиіс. Бұл ретте, отбасы тәрбиесі мен қырағылық ең басты қорғаныс құралына айналады. Сараптамалық шолу барысында белгілі болғанындай, жасөспірімнің мінез-құлқындағы түбегейлі ауытқулар бірнеше бағыт бойынша көрініс табады. Атап айтқанда:

Мінез-құлық өзгерістері: Тұйықтық, сырт беріп жасырыну, әдеттегі ортасының өзгеруі, сабақты жиі босату, үлгерімнің күрт төмендеуі, ұйқының бұзылуы, көңіл-күйдің құбылуы, түсініксіз шығындар немесе үйден ақша мен бағалы заттардың жоғалуы.

Сыртқы белгілері: Көздің қызаруы, кеңейген немесе тарылған қарашықтар, жүдеу, сөйлеу координациясының бұзылуы, шамадан тыс қозу немесе салғырттық.

Заттай айғақтар: Беймәлім таблеткалар, ұнтақтар, кішкентай пакеттер немесе тұтынуға арналған құралдар.

Мамандар мұндай күрделі жағдайда ата-аналарды баласымен әңгімені қауіп-қатер мен айыптаудан бастамай, жағдайды сабырмен анықтап, білікті мамандарға жүгінуге шақырады. Бүгінгі таңда нашақорлыққа қарсы Кешенді жоспар аясында жүзеге асырылып жатқан «Әр үйге арналған наркотест» бастамасы да бұл бағытта үлкен көмек. Ата-аналар қажет болған жағдайда үйде экспресс-тесттерді қолдана отырып, мәселені уақытында анықтай алу мүмкіндігіне ие. Ал, балада галлюцинация, агрессия, құрысу немесе есінен тану белгілері байқалған төтенше жағдайда дереу жедел жәрдем шақыру қажет.

Қорыта айтқанда, есірткіге қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының немесе осы ауыр кеселді емдеумен айналысатын дәрігерлердің ғана міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың, ұстаздың, ата-ана мен қоғамдық ұйымдардың ортақ парызы.

Егер, сіз есірткі сату, жарнамалау немесе күдікті әрекеттердің (жасырын орын салу) куәгері болсаңыз, дереу «102» нөміріне немесе құқық қорғау органдарының сенім телефондарына хабарласуыңызға болады. Өскелең ұрпақтың жарқын, салауатты әрі қауіпсіз ғұмыры бәріміздің бірлескен күресімізге тікелей байланысты екендігін бір сәт те естен шығармайық.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Сурет oceanrecoverycentre.com сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар