«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қорғалжын ауылының А.Шабатов атындағы орталық алаңында «Таза өлке – жарқын болашақ!» атты іс-шара өтті.
Акцияға 200-ден астам адам қатысты, олардың арасында аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, жұртшылық өкілдері, жастар, еріктілер, мұғалімдер мен мектеп оқушылары болды.
Аудан әкімі Алмас Алиннің қатысуымен өткен іс-шараның ресми ашылуынан кейін қатысушылар орталық алаң мен іргелес аумақтарды тазалауға кірісті. Экологиялық сенбілік барысында тұрмыстық қалдықтар жиналып, қоғамдық кеңістіктер ретке келтіріліп, елді мекеннің жекелеген учаскелері абаттандырылды.
Одан әрі Қорғалжын ауылының №1 мектеп-гимназиясында «Тазалық – өзіңнен» атты экологиялық мәдениет, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың жеке жауапкершілігі мәселелеріне арналған шарамен жалғасты.
Оқушылар мен жастар алдында аудан әкімінің орынбасары Ақылбек Хамзеұлы, сондай-ақ, білім беру саласының үздігі, облыстық мәслихат депутаты Нұрлан Тәжин сөз сөйлеп, табиғатқа ұқыпты қарау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелеріне тоқталды.
Бұл акция тазалықты сақтау, абаттандыру және қолайлы тұрмыс жағдайын жасау мақсатында аудан тұрғындарын біріктіріп, жақсы істерге бастай түсті.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Қорғалжын ауданы.
![]()

