Мереке алдындағы жаңа қоныс тойлары

Әкім – ел ішінде

Республика күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында ұзақ жылдар бойы баспана мәселесін шеше алмай келген 35 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін тапсырды.

Бурабай ауданына жұмыс сапарын өңір басшысы Щучинск қаласынан шамамен 45 шақырым қашықтықта орналасқан Успено-Юрьевка ауылдық округінде ашылған Халықты қолдау орталығының жұмысымен танысудан бастады. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын жаңадан салынған бір қабатты заманауи ғимаратқа бес мекеме – ауылдық округ әкімінің аппараты, дәрігерлік амбулатория мен жедел жәрдем, өртке қарсы күзет бекеті, ветеринариялық қызмет, учаскелік полиция пункті орналасыпты.

– Бұлай бірнеше мекеменің бір ғимаратта орналасуы тұрғындардың құжаттарын ресімдеу, медициналық көмек алу немесе құқықтық мәселелерді шешу кезінде тұрғындардың уақытын үнемдеп, әуре-сарсаңға салынбай, барлық қызметті бір ғимараттан алуына жағдай жасайды, – деді нысан ішін аралау барысында аудан басшысы Арай Садықов.

Әкімшілік нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары өте қысқа мерзімде, биылғы жылдың тамыз айы мен қазан айы аралығында жүргізілген. Жобаның бас мердігері «Бурабай Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап берген. Ауылдық аймақтың әлеуетін көтеруге бағытталған бұл жобаға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілгенін де айта кеткен жөн. Нысанның құрылысы мен ішкі материалдық-техникалық базасын жабдықтауға жалпы көлемі 75 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылыпты. Қазіргі уақытта ауылдық округте 1300-ге жуық тұрғын тұрады

Аймақ басшысы нысанды аралау барысында мамандардың жұмыс орындарын тексеріп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасының жоғары болуын тапсырды. Аудан басшысы өз кезегінде ауылдық округтерді көркейту мен олардың инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай бейімдеу жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса беретінін айтты.

Нысанды аралап болған соң, облыс әкімі Халықты қолдау орталығы алдында Успено-Юрьевка және Ұрымқай ауылдық округтерінің учаскелік полицейлеріне салтанатты түрде қызметтік көлік кілттерін тапсырды.

Бұдан соң, облыс әкімі жуырда ғана Қарттар айлығына орай, Щучинск қаласында ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру  орталығына ат басын бұрды. Бұл әлеуметтік мекемеде қазіргі уақытта 100-ге тарта аға буын өкілі түрлі үйірмелерге қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізуде. Мекеме жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасыпты. Орталықты «ATAMEKEN GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында өз қаржысы есебінен салып берген. Мұнда қазір 15 маман аға буын өкілдеріне арналған бейімделген дене шынықтыру, йога, еңбек терапиясы, цифрлық сауаттылықты арттыру және зияткерлік ойындар бойынша кешенді әлеуметтік-сауықтыру мен бос уақытты ұйымдастыру қызметтерін ұсынуда. Өңір басшысы орталық келушілерімен кездесуде оларды еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күнімен құттықтап, Бурабай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Бурабайлықтар үшін бұл күнгі ең бір толқынысты да қуанышты сәт – әлеуметтік осал топқа жататын жандардың пәтер кілттерін алуы болды. Өңір басшысы халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 35 отбасына Щучинск қаласындағы «GREEN PARK» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде тапсырды.

Қанай би көшесіндегі бес қабатты жаңа тұрғын үй кешенінде орналасқан 130 пәтердің 75-ін жергілікті әкімдік әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін сатып алыпты. Пәтерлерді кезек реті бойынша бөлуді «Отбасы банк» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Жыл соңына дейін қалған отбасыларды да толықтай қоныстандыру жоспарланып отыр. Жалпы ауданы 7300 шаршы метрді құрайтын нысанда 60 бір бөлмелі, 50 екі бөлмелі және 20 үш бөлмелі пәтер бар. Тұрғын үйдің құрылысы 2025 жылдың қазан айында басталып, 2026 жылдың маусым айында аяқталыпты. Жобаның құрылысшысы әрі бас мердігері – «TASU Company» серіктестігі.

– Республика күні өткенге тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерді бағалап, болашаққа сеніммен қарайтын айтулы күн. Еліміз 35 жыл ішінде халықаралық деңгейде беделді мемлекетке айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл саяси және қоғамдық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Жаңа халықтық Конституция қабылданып, елді дамытуға азаматтардың белсенді қатысуы үшін зор мүмкіндік беретін Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі сияқты институттар құрылды. Бұл өзгерістер барлық саланы қамтып, елімізді жаңа жетістіктерге жетелейтіні сөзсіз. Осының айғағы ретінде бүгін сіздермен кезекті рет жақсы себеппен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін ауданда пәтер кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттарға жататын тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілттерін табыстаймын, – дей келе, облыс әкімі өңірде тұрғын үй саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жыл басынан бері Көкшетау, Қосшы қалалары мен Аршалы, Бурабай, Бұланды, Егіндікөл, Зеренді және Сандықтау аудандарының тұрғындарына жүздеген жаңа пәтерлердің кілттері табысталған болатын. Бұдан бөлек, облыста тағы 800-ден астам әлеуметтік пәтер сатып алу жоспарлануда. Оның 127-сі Бурабай ауданы бойынша қарастырылған. Қазіргі таңда 75 пәтер сатып алынып, соның 35-і мерекеге орай, бүгін кезекте тұрған азаматтарға тапсырылды. Қалған 52 пәтерді де жыл соңына дейін сатып алып, барлығын салтанатты түрде тапсыру жоспарланған. Жалпы, соңғы үш жылда Бурабай ауданында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын кезектегі азаматтарға 500-ден астам пәтер кілті табысталыпты.

– Ұлым мен келінім бүгін көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізді. Тұңғыш балалары туа біткен ДЦП болғандықтан, осыдан 7-8 жыл бұрын пәтер кезегіне тұрған еді. Қалада пәтер жалдап тұру оңай емес. Осы жағынан өте қиын болды. Енді міне, мемлекет тарапынан осындай жағдайлар жасалып жатқанына ризамыз. Әр мұқтаж жанға пәтерлер бұйырсын. Дүниеге келіп жатқан балалардың дені сау, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді үш бөлмелі пәтерге ие болған Оразалиндер отбасының қарт анасы үлкен қуаныш сезімімен.

Жалпы, ауылдық жерлерде заманауи қызмет көрсету орталықтарының ашылуы мен мұқтаж отбасылардың баспаналы болуы халықтың тұрмыс сапасын арттырып, ертеңгі күнге деген сенімін нығайта түсері сөзсіз. Ел егемендігінің мерейлі белесі мен Республика күні қарсаңында атқарылған бұл шаралар мемлекеттің әлеуметтік саладағы сындарлы саясатының нақты көрінісі деп бағалауға тұрарлық.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар