Әкім – іс үстінде
Өткен аптаның соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен Қосшы қаласында прокуратураның жаңа ғимаратының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Өңір басшысына прокуратура қызметіне енгізілген цифрлық шешімдер таныстырылды. Соның бірі – азаматтарға қабылдауға жазылуға, өтініштердің қаралу мәртебесін бақылауға және қажетті ақпарат алуға мүмкіндік беретін прокурордың жасанды интеллект негізіндегі көмекшісі. Салтанатты іс-шараға облыс прокуроры Руфат Құттықов және қала әкімі Азамат Қапышев қатысты.
Жертөле қабаты бар екі қабатты жаңа ғимарат қызметкерлердің толыққанды жұмыс істеуіне қажетті жағдайлармен жабдықталған. Мұнда қызметтік кабинеттер, азаматтарды қабылдау бөлмесі, конференц-зал және қосалқы бөлмелер қарастырылған. Жұмыс орындары заманауи жиһаздармен және кеңсе техникасымен жабдықталған.
– Цифрлық қадағалау – уақыт талабына сай өзекті бағдарлама. Бұрын ақпарат әртүрлі базаларда шашыраңқы болса, қазір бірыңғай база қалыптастырылған. Бұл нақты жағдайды көруге және жалпы басқару жүйесінің жұмысын бағалауға мүмкіндік береді, – деді Марат Ахметжанов.
Іс-шара соңы жаңа ғимарат алаңына ағаш көшеттерін отырғызумен аяқталды.
Б.САКЕН.
![]()

