Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Таусылмайтын «тамаша!» - АРҚА АЖАРЫ

Таусылмайтын «тамаша!»

Бұл «тамаша» жүйкеңе тиеді. Ана бір жылы тіпті болмаған соң біздің футбол комментаторларының «тамашалатқан» әлуләйінің ізімен «Тамаша» атты сықақ өлең жазып, ол «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген еді. Содан бері де біздің футбол біріншіліктері мен ел құрамасы ойындарындағы бұл пафос тоқтамай келеді. Яғни, біздің комментаторлар тоқтатпай келеді.

«Qazsport» арнасында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Румыния құрамасынан 2:0 есебімен ұтылып жатыр. Сонда да «тамаша» сөзі толас-
тар емес. Айналдырған 12 минутта оны біздің комментатордың аузынан 17 рет естіп, дымымыз құрығаннан телевизорды өшіріп тастауға тура келген. Таңертең тұра сала Интернеттен ойын нәтижесін білсек, 3:1. Одан әрі омақаса оңбай ұтылыппыз. Сонда осынша жеңіліп жатқанда, қайдағы «тамаша»!
Жуырда «Жас Алаш» газетінде алматылық жанкүйер Жәнібек Сауданбекұлының «Тікелей трансляциядағы «батырлар жыры» атты мақаласын оқығанымыз бар. Онда да автор біздің бокс комментаторларының қазақша репортаждарында біржақты пікірге салынып, өзіміздікін жер-көкке сыйғызбай, әсіре сілтеулерін жазады.
Осы кемшілік біз айтқандай, көптен бері футболда да бар. Премьер-Лига ойындарында оған көп мән бере қоймайсың. Ал, енді қазіргідей әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде құрамамыз ойнағанда бетіңнен отың шығады. Бас жаттықтырушы болып ресейлік Александр Бородюк келгелі жеңілістен көз ашқан күніміз бар ма. Он ойында небары үш ұпаймен
Е тобындағы командалардың ең соңында күлше теріп қалдық. Ырымға бір жеңіс жоқ. Ірі есеппен жеті бірдей ұтылыс, әйтеуір, әупірімдеп қана қол жеткізген екі тең ойын. Тек осы күздегі ойындарға ғана зер салсақ, Қазақстан – Черногорья 0:3, Польша – Қазақстан 3:0, жоғарыда айтқандай, Румыния – Қазақстан 3:1.
Енді 8 қазандағы өз алаңымызда Армения құрамасымен өткен соңғы іріктеу ойынына келейік. Қонақтар екі жеңіс, яғни, 6 ұпаймен алдымызды орап тұр. Бұл жолы қайтсек те ұтып, жанкүйерлердің әбден суыған көңілін аздап болсын бері қаратуымыз керек. Осы кезде ә дегеннен Жандос комментатордың да үйреншікті «тамашасы» кетті дерсің. Тырнақ астынан кір іздегеніміз емес. Бірақ, қолымызға қағаз бен қалам алып, алдын ала ішіміз сезіп, біліп отырған осы «тамашаларын» матч бойы санап көрсек деген бір тосын ойдың да басымызға келе қалғаны.
Сонымен, қос комментатор қазақ және орыс тілдерінде кезектесіп, шамамен бір-бір таймнан сөйлегеннің өзінде бақандай 47 рет «тамашасын» аузынан тастамаған біздің жігітіміз айды аспанға бір-ақ шығарды. Қайта ойынның бірінші кезеңінде біздің құрама әдеттегідей 1:0 есебімен ұтылып жатқасын ба, 20 рет ауызға алынған «тамаша» екінші кезеңде Тұрысбеков қарсыластар қақпасына гол салған соң тіпті үдеп кетті (27). «Тамаша соққы», «жігіттеріміз тамаша ойнап жатыр», «тамаша, сөз жоқ, тамаша…».
Әу, тамаша ойнаса, тым болмаса соңғы ойында жанкүйерлерін қуантып, жеңіс сыйламай ма?! Астананың төрінде әзер дегенде тең түскені, әйтеуір, құдай сақтап кезекті жеңілістен аман қалғаны да тамаша болып па?! Баяғыда әскерде екі сөзінің бірінде «то есть», «то есть» деп қайталай беретін, оны және өзі де сезбейтін рота старшинасы болып еді. Сол сияқты, жаңағы 47 мәрте тамашаны қырық бес минуттық бір таймға бөлсек, минутына бір тамашадан келеді екен. Әрі екі тамашасы артылып қалады.
Бұл әрине, комментаторлықтың жақсы үрдісі емес. Оның өзінде бұра тартып, сол «тамашалардың» екі-үшеуін ғана қарсыластарға қисақ… Қазақстанда әлі бодандық бұғауында болған сонау жетпісінші, сексенінші жылдардың өзінде Өмірзақ Жолымбетов, Рабат Жәнібеков, Қынабай Аралбаев сияқты жақсы комментаторлар болған. Олардың футбол репортаждарынан кейін бұлай қиналмайтынбыз, кейімейтінбіз.
Қазіргі көрермен бұрынғыдан да сауатты. Өйткені, Интернет ғасыры. Көзі экранда, құлағы сөзіңде. Әрбір ә дегеніңді зердесімен елеп-екшеп отырады. Сондықтан, тікелей эфирден осыны асыға тосқан мыңдаған көрерменге бұл ойынды сен сөйлетіп береді екенсің, мұны басыңа қонған үлкен бақ деп біліп, қайткенде де осы сенімнен шығуды ойлауың, шаршамай-шалдықпай ізденуің керек. Ол үшін өзің жүргізген репортажды қайталап көр, кемшілігін түзе, он шақты «кереметі» тағы бар, жөн-жосықсыз «тамашаларыңды» санап шық.
Неге осы біздің комментаторлардың сөйлеген сөзі мен футболшылардың алаңдағы іс-қимылы кейде өзара қабыспай, бөлек жатады. Өйткені, бірді айтып бірге кетеді, бір көлденең әңгімені бастайды да, созып тұрып алады, сөйтіп, ойынға ілеспей жатады. Осындайда жоғарыда айтқан өз ағаларымызбен бірге, ойымызға кешегі футбол көрсек, біздің бала қиялымызды тербеген орыстың Николай Озеров, Владимир Маслаченко сияқты атақты комментаторлары неге түсе кетеді? Себебі, олар алаңдағы ойынның бар суретін өздеріне жарасымды темперамент, шынайылылықпен әдемі үйлестіріп, жетік бере білетін. Әрине, біз осыны меңзегенде біздің жігіттерден аты аңызға айналған Николай Озеровтың шеберлігін талап етіп отырған жоқпыз. Ол әзір мүмкін де емес.
Бірақ, УЕФА-ға мүшелікке өткен 2002 жылдан бері футболымыз қанша түзелмей қойса да, тым болмаса, комментаторларымыздың сөз саптасы түзелуі керек. Неге десеңіз, футбол репортаждарындағы таусылмайтын осы бір «тамашалар» біздің қазіргі ойынымызға сай еместігін үлкен түгілі бала да біледі ғой.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар