Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге облыс орталығында жыл басынан бері жол ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар, жол полицейлерінің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері жөнінде ақпарат берілді.
Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде жемқорлық фактілерін мейлінше болдырмауды көздейді. Осы орайда, жолдар мен оған қатысты мәселелерде жемқорлық әрекеттер жиі кездесетіні жасырын емес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастамасымен қоғамдық рейд пен аудит комиссиясы құрылып, қызметін асыра пайдалану, қызметтік көлікті мақсатсыз қолдану секілді заң бұзушылықтардың жолын кесуде. Сондай-ақ, жемқорлық қаупі зор мекемелердің мониторингі жасалып отырады. Бұл жолы облыстық көліктік бақылау инспекциясында бірнеше сыбайлас жемқорлық қаупі анықталғаны туралы айтылды. Ал, жыл басынан бері жол полицейлерінің арасында бірде-
бір сыбайлас жемқорлық фактісінің тіркелмегені жөнінде брифингте аталған департамент басшысы Берген Беспалинов мәлімдеді.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы тоғыз айында
35 977 құқық бұзушылық орын алған. Соның ішінде Көкшетау қаласында жеті мыңнан астам заң бұзушылық тіркеліп отыр. Оның 91,6 пайызы жол қозғалысына, көлік құралдарына қатысты заң бұзушылықтар. Облыс орталығында жаңадан 12 бағдаршам, облыс аумағында 482 жол белгілері орнатылып, жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында Көкшетауда
6 бейне қондырғы іске қосылды. Жол сақшыларының араласуынсыз-ақ, бейне-фиксатор жол ережесінің бұзылғанын өзі анықтай алады. Соның нәтижесінде құқық бұзушылық анықталып, жүргізушіге әкімшілік айыппұл салынады.
Облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Ризахмет Жанбековтың айтуынша, үстіміздегі жылдың желтоқсан айынан бастап азаматтар жүргізуші куәлігін алу, көлік құралдарын тіркеу секілді қызмет түрлерін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асыра алады.
Қазіргі таңда облыс орталығынан Атбасар қаласына шығар бағытта орналасқан орталықтың көлік тұрағының құрылысын аяқтау, аталған қызмет түрлерін көрсететін халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарын оқыту жұмыстары жүргізілуде. Жол полициясының қызметкерлері бланкілерді әзірлеумен, нөмір белгілерін тағайындаумен айналысатын болады. Нәтижесінде жол полицейлері мен жүргізушілердің арасында ешқандай қатынас болмай, бұл өз кезегінде жемқорлық әрекеттерді болдырмауға жағдай жасайды. Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар ала алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.