ХХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХІ ғасырдың бірінші ширегіндегі қазақ тіл ғылымын Бердібай Шалабай есімінсіз елестету қиын. Осы кезеңдегі тіл ғылымының небір өзекті мәселелерінде оның қолтаңбасы бар.
Оның ғылым жолына түсуінің өзінде өзгеше біртектілік заңдылығы бар, әкесі Жұмағамбет пен анасы Рәзияның ғұмырларын ұстаздыққа арнауы бала Бердібайдың болашағына жол салып қойғандай еді. Шоманайдағы орта мектепті алтын медальға бітірісімен болашағына балама жол іздемей-ақ Қарақалпақстаннан Қазақстанға бір-ақ тартты да, ҚазМУ-дың филология факультетінің студенті болды. Оны да үздік дипломға бітірді. Болашағынан көп үміт күттірген түлекті ұстаздары бір ауыздан аспирантураға қалдырды.
Қазақ тілтануының классигі Мәулен Балақаевтың жетекшілігімен қазақ тіл біліміндегі тыңға түрен салып үйренді. Кандидаттық диссертациясы ол кезде қазақ тілтанушылары бара қоймаған синтаксистік стилистика мәселесіне арналған еді. 1972 жылы аспирантураны бітіріп жолдамамен Орал пединститутына оқытушылыққа орналасты да, бір жылдың мұғдарында (1973 жыл) «Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романындағы синтаксистік құралдардың стилистикалық қызметі» деп аталатын тақырыппен диссертациясын қорғап шықты.
Мүшел жылдан артық уақыт Ақ Жайық бойында ғылыми білім берумен, ғылыми ізденіспен өтті. Ғылыми дәреже ғана емес, ғылыми атақ та алды, доцент болды. Соған лайық ғылыми еңбектер де ұсынды, оқыту ісіне, әдістеріне де қалам тартты. Оралдағы кезеңінде парықты пайымдауларға толы ғылыми туындылар өмірге келді. Осы кезеңдегі оның ең бір тың
туындысы деп мен 1975 жылы жарияланған «Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық» деген мақаласын атар едім. Бұл мақаланың қазақ тілтануы үшін құндылығы сонда, қазақ тілінің синтаксистік құрылысындағы сөйлемнен үлкен бірліктің нормативтерін алғаш жария еткен еңбек болатын.
Кейін осындай бірлік осы мақаланың ықпалымен қазақ тіл білімінде «күрделі синтаксистік тұтастық» аталып кетті. Әрине, Б.Шалабайға дейін мұндай бірлік
Т.Қордабаев пен Р.Сыздықованың еңбектерінде басқа бір тақырыптарды талдау барысында сол тақырыпқа орай ескерілді, бірақ, қазақ тілінің синтаксисі үшін постулаттық жүлгелері салынбаған болатын. Оралдағы кезеңде үлкенді-кішілі 20-дан астам ғылыми туындыларының сүбелісі де, осы кезеңнің түйіндісі де 1982 жылы Алматыдағы «Мектеп» баспасынан шыққан монографиясы «Көркем әдебиет тілі және оны мектепте оқыту» еді. Бұған дейін ол осы кітаптың ізашары ретінде «Көркем шығарма тілі – даралық стиль құбылысы» («Қазақстан мектебі» журналы, 1973, №3), «Әдеби тіл және көркем сөз табиғаты» (Қазақ ССР Ғылым Академиясының Хабарлары, тіл, әдебиет сериясы, 1988, №3) деген іргелі мақалаларын жазып тастаған. Көркем мәтіндегі атап айтқанда, Ғ.Мүсіреповтей сөз зергерінің шығармаларындағы синтаксистік құбылыстардың стильдік зертханасын зерделеу Б.Шалабай сынды ғалымның ғылым жолындағы ілкі қадамынан-ақ көркем әдебиет тілін зерттеудің тереңіне тартты. Көркем әдебиет тілінің өнер құбылысы ретіндегі өзіндік мәнін, ерекшелігін ашуға, сырын ұғынуға жетеледі. Ол жылдар көркем әдебиеттің сөз өнері екені ескертуден әріге бармай жүрген кез болатын. Әдебиеттанушылар көркем әдебиеттен идеология құралын іздеп тапса, тыншитын уақыт еді. Осы бір жаңсақтықты түзеу үшін доцент Бердібай Оралда «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау» ісін бастаған. Бұл істі елге ортақ болсын деп 1987 жылы «Қазақстан мектебі» журналында көркем тексті лингвистикалық талдауды үйретуге арналған мақаласында ортаға салған.
Оралдағы ойлар оған тағат таптырмады. Мұндағы хал-жағдайы жақсы болғанмен, әлдене (тәрізі, ғылым болар) таласты ортаға, қайнаған ортаға тартты да тұрды. Сөйтіп, ғылым оны 1988 жылы астанамыз Алматыға алып келді. Әуелі Қазақ қыздар пединститутында доцент болып орналасты да, бір жылдан соң қара шаңырақ ҚазПИ-ге ауысты. Алматыдағы алғашқы жылы-ақ Оралдағы ойлардың бір парасы жүзеге асты: ұстазы «Тіл-ана» аталған академик Р. Сыздықованың авторластығымен көркем әдебиет тілін талдау саласына жол ашқан алғашқы оқу құралы «Көркем тексті лингвистикалық талдау» жарық көрді. Қазір Қазақстан жоғары оқу орындарының филология мамандықтарында дәстүрге енген осы бір ғылыми-әдістемелік пәннің алғашқы оқулығы да осы болатын. Кейін қарағандылық А.Әділованы авторлыққа қосып, бұл еңбек оқулық түрінде одан сайын толыға түсті (Көркем мәтінді лингвистикалық талдау. Оқулық. «Алматы»: «Ғылым», 2003). Мұнда ғалым көркем тіл басқа өнер құбылыстарымен бір қатардағы емес, олардан басқаша ендіктегі құбылыс екеніне, қарым-қатынас құралы ретіндегі тілдің көркем шығарма құралына айналғанда өзгеше иірімге түсіп, жаңаша мәнге ие болатынына көңіл аударды. Көркем тілге деген осы ықылас зейінді зердеге ұласып, ғалым мұны дендеп зерттеуге кірісті. Жеміссіз болған жоқ. «Көркем проза тілі» (Алматы, «Білім» баспасы, 1994) атты іргелі еңбекті жұртшылық назарына ұсынды. 1997 жылы осы мәселенің ғылыми түйіндерін шешетін «Қазақ көркем прозасының тілін зерттеудің ғылыми-теориялық негіздері» атты монография шығарды, осы аттас тақырыппен докторлық диссертация қорғады. Дыбыс музыка әлеміне енгенде қандай өнер құралы болатын болса, сөз әдебиет әлеміне енгенде сондай құрал болатынын теориялық тұрғыдан нақты тілдік айғақтарды талдап, дәлелдеп берді. Мұны дәлелдеу үшін «автор бейнесі» ұғымына жүгіну қажеттігін негіздеді. Автор бейнесі көркем шығармадағы өзге бейнелермен бір қатардағы құбылыс емес, оларды жинақтап, бір жіпке тізіп көмкеріп тұратын, көркем шығарманың құрылымын біртұтас ететін ерекше құбылыс. Прозадағы автор баяндауы да құбылып тұрады, бірде автор өз атынан сөйлесе, бірде кейіпкер атынан сөйлейді, бірде онымен бірігіп кетеді, кейде тіпті ойдан құрастырылған басқа бір бейнеге енеді. Мұның бәрінде де шығарманың біртұтастығы, бір бүтін құрылымы жойылмайды. Соған орай баяндау бірде әңгімелеу, бірде суреттеу, бірде ойталқы, бірде диалог (полилог) түрінде беріліп, көркем шығарма құрылымын күрделендіреді. Көркем шығарма құрылымындағы бұл баяндау түрлерін А.Байтұрсынұлы әуезелеу, әліптеу, пайымдау деп атап, оларға ең алғаш түсінік берген еді. Жоғарыдағы теориялық қағидаттарды ғалым қазақ көркем прозасының қалыптасу, даму тарихымен байланыстырып қарайды. Алғашқы проза үлгілері – ертегілерден бастап, кейінгі дамыған прозаға дейінгі (Б.Майлин, Ж.Аймауытов, Ғ.Мүсірепов) олардың ерекшелігін, даму үрдісін саралайды. Автор бейнесі дейтін санатты қазақ мәтінтануына енгізуге ықпал еткен орыс филология ғылымының ірі өкілі, академик В.Виноградовтың ілімі екенін айта кету артық болмас. Көркем мәтіннің құрылымдық жүйесі бірөңкей болмайды, онда мәтіннің функционалдық сипаттары араласа, астаса келіп отырады. Осының нәтижесінде өзгеше бір иірімдер, әуездер туып отырады. Соған орай, ғалым көркем прозадағы авторлық баяндаудың түрліше қабаттардан тұратынын (әңгімелеу, суреттеу, ойталқы, диалог), соларды талдау арқылы көркем тілдің ерекше құбылыс ретіндегі өзіндік мәнін ашуға болатынына көз жеткізді.
Осымен ХХ ғасыр, Бердібай Шалабайдың ғылыми жолындағы ширек ғасыр түйінделіп, қазақ тілтануы жаңа ХХІ ғасырға қадам басты.
Ғылым – ғылым үшін емес, білім үшін екенін профессор Б.Шалабай қағида етіп ұстанады. Қашанда зерттеулерінің нәтижелері дәрісханасын тауып жатады. Ол үшін әрине, оқырман оқуына орайлы еңбек керек. Ғылымды білімге айналдыруға арналған ондай еңбектер Б. Шалабайда жетіп артылады. Жоғарыда көрсетілген оқу құралы, оқулықтардан басқа «Көркем әдебиет стилистикасы» (1999 жыл), «Стилистиканы дамыта оқыту технологиясы» (2004 жыл), «Қазақ тілінің стилистикасы» (2006 жыл) атты оқу құралдары да жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылады.
Стилистика, көркем мәтінді оқытуға арналған пәндердің республика тұрғы ететін типтік оқу бағдарламаларының бәріне де Б.Шалабай автор болған немесе авторластықпен қатысқан. Ондай бағдарламалардың ұзын саны бесеу екен. Демек, ел ұстаздары мен шәкірттері бұл пәндерді оқытуда Б.Шалабай салған сара жолды ұстанады деген сөз.
Ғалым Бердібай Шалабай шұғылданған ірі сала – мәтінтану. Көркем мәтіндегі ой көркін келтіретін тілдік құбылыстардың құбылнамасын құрастырып алған соң ол мәтін лингвистикасы дейтін жаңа салаға ойысты.
Мәтін санатын қазақ тіл білімі үшін ХХІ ғасыр өлшемі десе болады. Өйткені, өткен ғасырдың соңғы шеніне шейін қазақ тілінде тілдік талдау сөйлем (жай я құрмалас) шегінен асқан жоқ. Содан да болар, сөйлемнің аяқталған ойды білдіретініне сеніп жүрдік. Осы қасаң сенімді бұзған мәтін лингвистикасы еді.
Профессор Т.Қордабаев 1965 жылы сөйлемнен үлкен бірлік бар екенін жарияласа, профессор Р.Сыздықова Абай поэзиясының синтаксистік құрылысын зерттеу барысында «күрделі синтаксистік тұтастыққа» бөлек тарау арнады. Ал, Бердібай Шалабай жоғарыда көрсетілген мақаласында қалыпты сөйлеудегі күрделі синтаксистік тұтастықтың негізгі белгілерін көрсетіп берген болатын. Олар үш тағаннан тұрады (үш тағанның орнықты болатыны белгілі), грамматикалық жағынан аяқталған дербес сөйлемдер ортақ бір ойға ұйысады, күрделі синтаксистік тұтастықтың шекарасы болады, күрделі синтаксистік тұтастық құрамындағы сөйлемдер ізбе-із және жарыса байланысады. Геометриялық үш тағанның орнықты болатындығы белгілі, олай болса, Б.Шалабайды күрделі синтаксистік тұтастықты орнықтырған деп бағалауға болады. Күрделі синтаксистік тұтастық терминінің мәтін терминіне балама болып жүргені рас. Күрделі синтаксистік тұтастықтың мәтінмен теңесетін жайттары бар болғанмен, мұның мәтінге ұштастырушы сыңар ретінде жұмсалатыны дау туғызбайды. Осыны ізерлеген Б.Шалабай тұтас мәтін кеңістігіне шықты. Зерттеулерін одан әрі жалғастырып, мәтін тілтануының жалпы мәселелерін әдістанулық жағынан тұғырлады, мәтіннің бірліктерін көрсетіп берді, мәтіннің композициялық ұйысуын ұғындырды, мәтіннің аспектілерін анықтады, мәтінді ақпараттық тұрғыдан барлады.
Ғалымның қолтаңбасы айқын келесі бір сала – синтаксис саласы. Ол дәстүрлі құрылымдық синтаксис бағытында да баянды еңбек етті. Бірнеше мақала, оқу құралы, оқулықтар берді. 1982 жылы жарияланған мақаласында ғалым құрмалас сөйлемдерді классификациялауда жаңа принцип ұсынады. Ол құрмалас сөйлемдерді алдымен құрылымдық ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлуді ұсынады: жай екі құрмалас сөйлемдер және көп құрамды құрмалас сөйлемдер. Жай құрмаластар салалас, сабақтас болып жіктелсе, көп құрамдылар көп компонентті салаласқа, көп бағыныңқылы сабақтасқа және аралас құрмалас сөйлемге жіктеледі. Сөйлеу жүйесінің құрылымдық әрі функционалдық сипаттарына қарай бөлінетін бұл жіктеліс кейін ғалымдар тарапынан (Қ.Есенов, Б.Қапалбеков, Т.Ермекова т.б.) қолдау тауып, оқу әдебиеттеріне енді.
Б.Шалабайдың синтаксистік зерттеулері негізінен, жоғары оқу орындарындағы оқыту үдерісімен үндесе жүреді. Оқыту сенімдік (кредиттік) жүйеге көшумен бірге синтаксис пәнін оқыту да ықшамдалып, бұрынғы советтік кезеңдегіден гөрі сағаты көп қысқарғаны белгілі. Уақыт талабына сай оқу құралы қажеттігі қатты сезілген. Осы қажеттікті қанағаттандыруға да Б.Шалабайдың қазақ тілі синтаксисін түгелдей қамтыған оқулығы көмекке келген. Бұл оқулықта көзге айрықша түсетін жаңалық – сабақтас құрмалас сөйлемнің түрлерінің қатарына түсіндірмелі сабақтасты тауып енгізуі.
Ғылыми жетекшінің аспирантқа бағдар беретінін, ойын жетелейтінін ескерсек, «синтаксистік модель» дейтін қалыпта да Б.Шалабай қолтаңбасы бар. Шәкірті А.Қайыровқа жай сөйлем модельдерін алғаш қалыпқа салған кандидаттық диссертация қорғатқан.
Дәстүрлі синтаксис мәселесі осылай болса, сонаршыл зерттеуші бұл тұста да қиянға жол салды. Тілдің басты қызметі қарым-қатынас құралы болуы себепті, дәстүрлі синтаксиспен қанағаттана алмады. Қатысым синтаксисі, функционалдық-коммуникативтік синтаксис мәселелерін күн тәртібіне қойды. Байқауымызша, коммуникативтік синтаксисті ғалым ертеден көздеген. Бұл салада ғалымның тікелей қатысуымен (оппоненті ретінде) С.Аташевтің Қазақстанда бірінші болып сөйлемнің актуалды мүшеленуінен диссертация қорғағанын мамандар біледі. Алғашқы барлаулары өткен ғасырдың соңына қарай жасалып, 1998 жылы қатысым синтаксисі туралы, 2000 жылы сөйлемді зерттеудің коммуникативтік аспектісі туралы ойлы мақалалар жазса, түйінді тұжырымдарын қатысым синтаксисіне арналған оқу құралымен бекітті. Кейінгі жылдары бұл бағытта үздіксіз зерттеу жүргізіп келеді. Қомақты табысы – 2015 жылы жарияланған 8,5 баспа табақ көлеміндегі «Қазақ тілінің функционалдық-коммуникативтік синтаксисі» атты оқу құралы. Сондай-ақ, осы идеяларын «Қазіргі қазақ тіліндегі синтаксистік парадигмалар» атты ұжымдық монографияда ортаға салды.
Сөйтіп, профессор Б.Шалабайдың қомақты зерттеулерін үш таған етіп бекітуге болатын сияқты: біріншісі – көркем мәтін тілін зерттеу болса, екіншісі – мәтін тілтануы, үшіншісі – синтаксис. Бірақ, ғалымның қалам тартқан қиырлары сан тарау. Ол оқулығы бар, оқу құралы бар, монографиясы бар 17 кітап жазып жариялаған екен, ал, мақалалары 200-ге жуық, оннан астам ресми оқу бағдарламаларын түзіпті. Бұл еңбектердің ішінде тілді зерттеу мен оқытудың небір өзекті мәселелері қозғалады: функционалды тіл білімі санаттары, лексикологиялық, танымдық мәселелер, өзгетілді дәрісханада қазақ тілін оқытудың әдістері, ресми стиль мәтіндерін түзу тәртіптері, мемлекеттік тілдің ахуалы, тағы басқа. Бір топ еңбектері есімнамалық сипатта. Академик В.Виноградовтың 500 бет шамасындағы үлкен көлемді кітабы таңдамалы еңбектерінен теріліп алынған, соның дені орыс тілтанушыларының еңбектерін талқылап түсіндіруге арналғанын білеміз, сондықтан, есімнамалық еңбектер де ғылымға қосылған үлес ретінде сараланып түсіндіріліп, таразыланатын болса, пайдасы зор болмақ. Профессор Б.Шалабайдың есімнамалық мақалалары да осы үдеден шығады.
Профессор Бердібай Шалабайдың ҚазМУ, ҚазПИ сияқты іргелі оқу орындарында кафедраларды басқарған қайраткерлігіне, ғылыми кеңестерге мүше болғанына, шетелдерде дәріс оқығанына, тағы сол сияқты ұстаздық жолына тоқталуды бұл мақаламызда мақсат етпедік. Әйтсе де оның 34 ғылым кандидатын, 2 ғылым докторын, 1 PhD докторын дайындағанын айрықша атап көрсету керек. Бұл деген – үлкен мектеп, профессор Бердібай Шалабайдың ғылыми мектебі. Ғұмыр жалғасса, ғылым да жалғаса береді. Сондықтан, ғылыми ғұмырыңыз ұзақ болғай!
Жантас ЖАҚЫПОВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы.
Астана.