Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үш күнделік кім үшін? - АРҚА АЖАРЫ

Үш күнделік кім үшін?

немесе білім саласындағы реформаны «Шытырман оқиғаға балаған» жас мұғалімнің хаты хақында

Ақмола облыстық білім басқармасының берген мәліметтеріне сүйенетін болсақ, жаңа оқу жылынан бері облыс бойынша 512 мектепке электронды күнделік жүйесі енгізілген. «Кundelik.kz» сайтында 12965 педагог, 87416 оқушы, 55 мыңнан аса ата-ана тіркелген екен.

Бұл жүйеге қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүргендігі де жасырын емес. Бірі бұл жаңашылдықты құптаса, енді бірі тиімсіз екендігін айтады. Олай болса, электронды күнделіктің қағаз күнделіктен айырмашылығы қандай, бұл жүйенің артықшылығы мен кемшілігі неде? Біз осы мәселелерге орай облыстық білім басқармасының аймақтық білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Тұрарбековпен сөйлесіп, әңгімеге тартып көрдік:
– Бұл пилоттық жоба. Дегенмен де, қазіргі таңда облысымыздың 512 мектебінде электронды күнделік жүйесі енгізілген. Көзіміз үйренген күнделікпен бұл күнделіктің айырмашылығы ата-ана ғаламтор желісі арқылы өз баласының оқу үлгерімін кез-келген жерден өзіне қолайлы уақытта бақылай алады. Ол жерде тек қана оқу үлгерімі ғана емес, баланың тәртібі, сабақ кестесі, үй тапсырмасы, сабақтағы белсенділігі, тағы басқа оқу процесіне қажетті ақпараттар жазылып тұрады. Айта кету керек, қазіргі таңда мектеп құжаттары яғни, оқу жоспарлары, сабақ кестесі электронды түрде толтырылып жүр. Мұны заман талабы деп қабылдауымыз керек. Облыстағы мектептердің барлығы «BlimLand» инновациялық білім платформасына қосылған. Электронды журналды пайдаланған мұғалімдер көп уақытын үнемдейді,–дейді орталық директоры өз сөзінде.
Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатқандықтан, өркениетті елдердің өмір тәжірибесінен алынған жағымды тұстарын жаңашылдыққа балап, үйренуге тырысудамыз. Әрине, дұрыс-ақ! Себебі, ұрпақ тағдырына алаң көңілмен қарайтын ұлттың жаһандық дамудың дүбірлі додасында бәсекеге қабілеттілігін әйгілеп, әлемдік өркениет кеңістігіне өзіндік өрнегін кестелеуді көздейтіндігі де айқын ақиқат қой. Ел келешегінің кемелді, ұлт болашағының бедерлі болуы жастардың қолында әрине. Қазақстандағы білім реформасында болып жатқан жаңалықтардың да осы сарынды парасатты пайыммен өзектес болатындығы да сондықтан. Тәуелсіз мемлекеттің тізгінін ұстап, туын тіктейтін жас ұрпақ тәрбиелеу жолында жасалып жатқан игі шаралар деп ұғынамыз мұның бәрін. Алайда, жаңашылдықтың өзін жүйе-жүйесіне жіктеп, байыбына барып, біртіндеп енгізбесеңіз «қылшығын аламын деп, былшығын алғанның» кері болмасына кім кепіл?
Біз мақаланы құрғақ дерекке құрып, сыңаржақ пікірмен түйіндесек қателескендігіміз. Сол себепті де, жаңа жүйенің басы-қасында жүрген ұстаздарды да сөзге тартып көрдік. Қалай дегенмен де, бірқатар мұғалімдер мәселені ашық айтудан қашады. Бірақ, таяуда біздің электронды поштамызға осы мәселе туралы тарқатып жазған газет оқырманынан бір хат келіп түсті. Автордың өзіне телефон арқылы хабарласқанымызда, ол өзінің аты-жөнін әйгілеп жазбауды өтініп сұрады. Себебін өзіңіз де түсініп отырған шығарсыз, құрметті оқырман. Біз автордың өтінішін аяқ асты етпей, хатты қаз-қалпында беруді жөн санадық.
«Төрт жыл оқыған еңбегімнің жемісін көрермін деп, қызыл дипломымды құшақтап ауыл мектебінің табалдырығын аттағаныма көп уақыт өте қойған жоқ. Балаларға ағылшын тілін оқытумен қоса, алға қойған көптеген мақсаттарым бар. Білім және ғылым министрлігінің соңғы реформаларына байланысты, мектепте жаңартылған формат бойынша білім беру толықтай жүзеге асырылып жатыр. «Бірақ осы реформаға біздің мектептер мен ұстаздар толықтай дайын ба?» деген, көптен бері мазалап жүрген сұрағыма жауап алдым.
Бұл жаңашылдықтың жақсы жақтарымен қоса, шикіліктері де бар. Мен үшін ең алдымен түсініксіз болған жайт, ол сынып журналын толтырудың үш сатылы «рәсімі». Бірінші сатысы: барлығымыз үйренген қағаз журналын толтырамыз. Бұл жерде жүк 1, 2, 5, 7 сынып жетекшілеріне түсті. Жаңартылған бағдарлама бойынша олар осыған сәйкес журналды өз қалтасынан сатып алуы керек екен. Қалаға күнде бара қоймайтын мұғалімдер осы журналдарды тоқсанның соңында бір-ақ сатып алды. Екінші сатысы: «Күнделік KZ» электронды журналы.
Информатика кабинеті сабақтарын бере салысымен келетін мұғалімдер мен компьютерлер арасындағы «шайқас алаңына» айналған. Қазір мұғалімдердің ойлары балаларға сабақты қалай беру емес, әкімшіліктен сөгіс естімеу үшін осы ғаламтордағы журналды толтыру. Компьютер тілін меңгере алмағандар үшін қиын. Жас мұғалімдерден көмек сұрауға мәжбүр. Мен тіпті, бір мұғалімнің журналын мектепте оқитын қызы толтырып жатқанын көргем.
Тіпті, ғаламторды еркін меңгерген, қосымша «информатика мұғалімі» мамандығы бар менің осы журналды толтыру үшін 3 күнім кетті. Осы екі журналға қоса үшіншісі де бар. Ол да электронды. Бірақ, оның толтырудың керегі не деген сұраққа әкімшілік «Оны талап етіп отырған біз емес, нұсқау жоғарыдан келеді» деп жауап қайтарады. Сонда үш күнделік кім үшін?
Сабақ аяқталысымен қағаз журналды толтырып, электронды журналдарға дәл осы мәліметтерді көшіріп жазуға асығамыз. Осылай жұмыс күніміз де бітеді. Ал, ғаламторы мен компьютерлері жоқ шалғайдағы мектептердің жағдайын кім білсін? Тәжірибесі жоқ, жаңартылған бағдарлама курстарын өтпеген мен үшін ұстаздық еңбек жолы шытырман оқиға тәрізді болып басталды…» деп хатын аяқтаған автордың осы жолдар арқылы ұрпақ болшағына деген алаң көңілі, көптің көкейінде жүрген білім саласындағы көптеген проблемаларды айқын аңғаруға болады.
Өздеріңіз білетіндей қазіргі таңда оқушы балалар бес күнгі оқу жүйесіне көшкен. Онсыз да уақыты сабақ беруге тым қысқа ұстаз қағазбастылыққа көміле түсті. Жасыратыны жоқ, оқушы қағаздың тасасында қалған тәлімгердің ыстық ықыласына одан сайын зар болып қалғандай. Ең өкініштісі, бір журналды айна-қатесіз үш рет көшірумен әлекке түскен мұғалім ол журналдарды сәйкестендіре алса да, көп қағаз қаттауға зая кеткен алтын уақытын кері қайтара алмайды ғой. Ежелден мұғалімнің негізгі міндеті оқушылардың оқу сапасын, тәлім-тәрбиесін қадағалау емес пе еді? Ал, күнделік пен жоспар толтыруға бос уақытын кетіретін мұғалімнің ұлт тәрбиесімен айналысуына уақыт қайдан тапсын. Осыдан кейін жүгенсіз жеткіншек, қылықсыз қыз, ұятсыз ұл қайдан шығады дейміз. Иә, рас «тәрбие тал бесіктен» деген. Қалай дегенмен де аға ұрпақтың, өзіміз қатарлас замандастардың есінде болар, санамызда жатталып қалған сол кездегі мұғалім бейнесі қандай еді?! Асығып-саспайтын, ешқашан ашу шақырмайтын, жүзінен ізгіліктің нұры төгіліп тұратын, сабағыңды ғана емес, жүріс-тұрысыңа дейін бақылап, ақылын айтатын жанашыр жан ретінде қабылдайтынбыз. Қара тақтаның жанында бір қолында аппақ бор, өзі де жүзінен нұр төгіп тұратын мұғалім бейнесін сағынады екенсің…
Есімізде қалыпты, біздің ауылда есепке жүйрік бір оқушы болатын. Ол ата-әжесінің бауырында өскен ерке еді. Әжесі баламның ұйқысы қанбай қалды деп таңертең оятпайды, әлгі оқушы осылайша сабақты жиі босататын. Сынып жетекшісінің мамандығы математика пәнінің мұғалімі еді. Баланың қарым-қабілетін байқап, күнде таңертең өзі сол үйдің терезесін тықылдатып, баланы өзі киіндіріп, сабаққа бірге ертіп барып жүрді. Есепке жүйрік болғанымен, еркелігі басым әлгі баланың болашағына зор үміт артатын мұғалім. Кейін, өсе келе еркелік қалды. Ұлағатты ұстазының арқасында қазіргі таңда сол азамат қаржы саласында айтарлықтай қызмет атқарып жүр. Ал, мұғалім көңіл бөлмегенде қолына құрық ұстаған ауыл баласының бірі болып қалар ма еді, кім білсін…
Біз электронды күнделік мәселесіне байланысты бірнеше ата-анамен де сөйлесіп көрдік. Солардың бірі – Жансұлу Меңдібай.
– Мен ғаламтор арқылы ел жаңалықтарын оқып жүремін. Биылғы жылы осы электронды күнделікке байланысты Астана қаласының тұрғыны өз наразылығын жазған. Онда сайтқа тіркелу үшін ақша төлеу керек екендігін ашына жазыпты ол. Білуімізше, бұл жүйе Ресей елінің оқу тәжірибесінен алынған. Таяуда мектепте осы мәселеге байланысты ата-аналар жиналысы болып өтті. Мектеп әкімшілігі электронды күнделіктің тиімділігін түсіндірді. Өзіме ұнады. Үйге келіп, ғаламтор арқылы аталмыш сайтқа тіркелдік. Бірақ, мұғалімдер айтқанындай, әзірше ешқандай баға қойылмаған. Сайтқа кірсеңіз, күнделікте ешбір баға жоқ, тап-таза күйінде. Мені бір алаңдататыны, тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары тағы да өздерін төмен санап қалады ғой. Несін жасырайық, кейбір ата-аналардың өз балаларына қажетті киім-кешекті алып беруге мүмкіндіктері жоқ. Ал, электронды күнделік арқылы баланың оқу үлгерімін бақылап отыру үшін қымбат смартфон немесе үйде компьютер, ғаламтор жүйесі керек. Ал, жалпы жүйе бір ізге түсіп, жетілсе жақсы бастама деп өз ойын ортаға салды ол.
Тиісті сала басшыларын сөзге тартсаңыз болғаны жаңа жүйенің тиімді жүзеге асып жатқандығын баса айтады. Мұғалімдердің айтар базынасы басқа. Жоғарыда келтірілген хаттағы кейбір деректерге сүйенетін болсақ, қазіргінің мұғалімі сабақтан соң «журнал толтыруға» асығады екен. Бұрындары мұғалімдер сабақтан кейін оқу үлгерімі нашар балалармен қосымша сабақ жүргізіп оқу сапасын арттыруды көздейтін. Жалақысы мардымсыз мұғалімдердің өз қаржысына журнал сатып алатындығын айтпағанда, оқушы бала журнал толтырғаны да ойланатын жайт. Компьютер тілін білмейтін қарт ұстаздар қажып жүр.

Бір бала, бір баға, оны қағазға толтырудың үш нұсқасы бар. Шынында бұл кімге қажет? Түрлі себептерге байланысты ұстаздар уақытылы электронды күнделік толтыра алмай, ата-ана үйде отырып бағаны бақылай алмаса, тектен-тек мұғалімнің мойнына қосымша жүк арту қажет пе? Қалай дегенмен де, күні бүгін мұғалімдер тарапынан арасында осындай да реніш бар.
Біз сол ренішті бұқара назарына ұсынушы ғанамыз…

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар