Ата-ана үшін баласының ауырғанын көруден асқан азап жоқ. Десек те, бүгінгі қоғамда мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар аз емес. Олар да бауыр еті балаларының өз қатарластары секілді ойнап, күлгенін, аман-сау өсіп жетілгенін қалайды. Өкінішке орай, кейбір дерттерді бірден емдеп жазуға заманауи медицина әлі де қауқарсыз. Осы мақаламызда сондай аурушаң балаларды, мүмкіндігі шектеулі жандарды толық емдеп жазбаса да, оларды қоғамға бейімдеу мақсатында жұмыс істеп келе жатқан Ақкөл ауданындағы «Көмек беру – Благодать» мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне ерекше тоқталып өткіміз келеді.
Бұл үкіметтік емес ұйым аудан орталығында 2012 жылы ашылған болатын. Айта кететін бір жай, қоғамдық бірлестікті құруға бастамашы болғандар – мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары екен. Сөйтіп, аталған жылы жарымжан балғындардың әке-шешелерінің мұрындық болуымен жаңа ұйым құрылып, оның төрайымы болып бірауыздан Наталья Лось сайланған. Бізбен әңгімесінде Наталья Петровна қоғамдық бірлестіктің атқарып жатқан жұмысы жайлы кеңінен баяндап берді.
–«Көмек беру – Благодать» қоғамдық ұйымын құрудағы басты мақсатымыз – мүгедек балалар мен олардың ата-аналарына көмек қолын созу болатын. Әрине, баланы дүниеге әкелуден гөрі, оны тәрбиелеу қиынырақ. Мүмкіндігі шектеулі баланы қоғамға бейімдеу ата-аналарға тіптен зор ауыртпалық екені сөзсіз. Мұндай жағдай өз басымнан өткендіктен, мүгедек балалары бар отбасыларды жақсы түсінемін. Біздің ұйым ата-аналарға өз мәселелерімен өздері ғана қалып қоймауға, балаларын көпшілік ортаға үйретуге көмектеседі, – дейді бірлестік төрайымы.
Жан жарасы, мұңы бір ата-аналардың осындай ұйым құрып, балаларының оңалуы үшін жағдай жасауы, шынымен де ерлікке балауға тұратын игілікті іс. Мектепке де бармайтын, сыртқа ойнауға да өздігінен шыға алмайтын баланың бірте-бірте қоғамнан ажырап, жан дүниесінің қарайып қалуы да әбден мүмкін. Ал, бұл жерде олармен арнайы психолог, педагог мамандар жұмыс істеп, әлеуметтік көмек көрсетеді. Ал, былтыр қараша айынан бастап мұнда жартылай стационар ашылып, балалар таңғы тоғыздан бас-тап түскі екіге дейін тәрбиешілердің қарауында болады. Бірлестік төрайымы Наталья Лось бізбен әңгіме барысында педагог-тәрбиешілер Бақыт Әділова, Мейрамгүл Тұрсынбаева мен психолог Дарья Юхачеваның есімдерін ерекше ауызға алды.
Қазіргі таңда жартылай стационарға тоғыз бала келіп жүр. Солардың бірі алты жасар Аружан Манарбекқызы. Оның қос жанары нашар көреді. Алғашында анасы осында әкелгенде бүлдіршін қатты қорқып, стационарға келгісі келмеген екен. Ал, қазір Аружан стационарға күн сайын асығып тұрады. Мұнда келіп жүрген балалардың дерттері әртүрлі. Бірі тумысынан психоневрологиялық аурумен ауырса, енді бірі сал ауруы сынды айықпас дертке шалдыққан. Оларды күнде үйлерінен стационарға арнайы автобус тасымалдап отырады. Тәрбиеші мамандар балаларға сурет салуды, қолдан бұйым жасауды үйретеді, еңбекке баулиды. Қысқасы, балғындардың мұндағы әр күні қызыққа толы.
Аталған қызметтердің барлығы тегін жүргізілетіндіктен, қоғамдық бірлестіктің тұрақты табысы жоқ. Көбінесе ұйым арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі мемлекеттік тапсырыстарға қатысады, кейде демеушілер қолдау көрсетеді. Биыл аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен үйде және жартылай стационарда мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету жөнінде келісім-шартқа отырған.
–Мемлекеттік мерекелерде, қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығында да балалардың қатысуымен көптеген іс-шаралар өткіздік. Бізге демеушілік жасаған ауданымыздың жомарт азаматтарына алғысымды айтамын. Балаларға жасаған жақсылықтары Алладан қайтсын. Жалғанда бала ауырмасыншы, себебі ата-ана үшін баланың ауырғанын көруден асқан азап жоқ, – деген кейіпкеріміз Наталья Лосьтің пікіріне біз де қосыламыз және де бірлестіктің алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.
Венера ЕСҚАҚОВА,
Ақкөл ауданы.