Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тездетейік! мәнін де мағынасын да ойлайық - АРҚА АЖАРЫ

Тездетейік! мәнін де мағынасын да ойлайық

Елді мекен, жер-су, көше атаулары туралы бұл былтырдан бергі екінші мақаламыз. Бұған дейінгісі «Арқа ажары» газетінде 2016 жылдың 17 қарашасында жарияланған болатын. Сондағы «Көкше атаулары жалпылама бола ма, ал, сонда есімдері ескеруді тілейтін асылдарымызды не істейміз?» атты мақала үшін әкімдіктен сөз де естігенбіз. Оған ренжіген біз жоқ, теперіші көп тіліміз үшін естісек, ести берейік.

Ол материал да осы мақала сияқты облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысынан жазылған еді. Сондағы өрбіген әңгімені, жоғарыдан жергілікті жерлерге түсіп отырған ұсынысты, былайша айтқанда, телініп отырған ережені сөз еткенбіз. Әрине, дұрысымен бірге, көңілімізге қонбаған жақтарын.
Осы арада оқырманға түсінікті болуы үшін сондағы жазылған жайға аз-кем тоқтала кетейік. Сол жолы комиссия мәжілісінде облыстық тіл басқармасы өздеріне жоғары жақтан биыл көшеге ат береміз десеңіздер, нақты Ыбырай Алтынсарин, Әлихан Бөкейханов, Хамит Ерғалиев, Қайым Мұхаметханов, Баубек Бұлқышев және Кәукен Кенжетаевтың есімдерін ескеріңіздер деген өтініштің келіп түскенін алға тартқан.
Неге дейсіз ғой? Себебі, былтыр көкірегі ояу, көзі ашық әрбір оқырманымыз білуі тиіс бұл асылдарымыздың туғанына алды 175, соңы 100 жыл толғаны белгілі. Бәрі де исі қазаққа ортақ Алаш ардақтылары. Небір көшенің көшесіне лайық тұлғалар. Әлихан Бөкейханов болса, ұлт көсемі. Сондықтан, бұл тізімді ескермеуге біздің хақымыз жоқ. Комиссия мүшелері де бір ауыздан осы пікірге тоқталып, облыс орталығында, аудандарда ұзын-ырғасы 16 көшеге осы игі жақсыларымыздың есімдерін беру жөнінде жергілікті жерлерде қаралып, бекітілген ұсыныстардың бәрін толық қолдаған болатын.
Бірақ, елге жаны ашитын, өздерін суын ішіп, ауасын жұтқан осы жердің алдында қарыздар деп есептейтін кейбір комиссия мүшелері сол жолы еріксіз ойланып та қалды. Оларды ойландырған әуелі мына екі мәселе еді. Біз келтірген тізімнің көш басындағы Әлихан бабамызға Көкшетау қаласынан жөні бір түзу көше қашан бұйырады? Исі қазақтың, одан қалды, басқа аймақтардың бір-бір мақтанышына айналған жоғарыдағыдай тұлғалар тізе берсе, біздің Ақмола, Көкше өңірлерінде де бар ғой. Жоғарыдан бұлай «жөн көрсетумен» оларға қашан кезек тиеді? Әлде тимей ме?
Расында, тимейтін сияқты. Олай дейтініміз, Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінен сол былтырдан бастап көше аттарына бұрынғыдай кісі аттарын емес, жалпылама атауларды беру туралы пәрмен түсіп отыр. Былтыр облыстық комиссияның соңғы отырысында да жоғарыдағы жақсы-жайсаңдарымызды айтпағанда, қалған көшелердің бәрі осылай жалпылама атқа ие болған еді.
Сөз орайында бірден айта кетейік, жалпылама аттың да жалпыламасы бар. Кейбір мұндай атаулар көше атына жарайды, кейбіреуі жарамайды. Олардың біразына әріден ойлау жетіспейтіні, осы істің басы-қасында отырғандардан жанашырлық аз екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Көбі оңай жағына әуес. Айталық, көп ойланып жатпай, Дружбаны Достық, Трудты Еңбек, Целиннаяны Тың, Космонавтовты Ғарышкерлер деп аудара салған. Айдын көшесі, Өріс көшесі деген жөн-жосықсыз атаулар да қазақша көшелер санатын құр текке көбейте түспекші. Сондықтан, сол отырыста комиссия мүшелерінің осындай қаншама көше атауымен келіспей, дұрыс ат беру үшін оларды кері қайтарудан басқа амалы қалмаған.
Енді міне, комиссияның жаңа мәжілісінде отырмыз. Бұл – елді мекен, көше аттарын өзгертуге жарияланған мораторийге байланысты биылғы тоғыз айдың ішіндегі алғашқы отырыс. Яғни, жоғарыдағы мораторий алынғаннан кейінгі осы бағыттағы өзінше бір жылы леп. Былтырғы соңғы отырыстан бері бұрынғы облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Нұрлан Нүркенов, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Арман Бердалин де басқа жұмысқа ауысқан. Сондықтан, алдымен бұл жолғы отырыс облыс әкімінің жаңа орынбасары әрі комиссия төрайымы Айна Мысырәлімованың жетекшілігімен өткенін айтып алғанымыз жөн.
Әуелі мынадай бір жағынан игі, бір жағынан екі ұдай және бір хабар. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Алпыс Бекеновтің мәлімдеуінше, биылғы мамыр айы-
нан бері қайтыс болған белгілі тұлғалардың есімдерін бес жылға дейін көше атауына бермеу жөніндегі шектеу өз күшін жойған көрінеді. Көз жұмған жақсыларымыздың есімдері мен еңбегін ұлықтауда кедергі болып жүрген мұндай заңдық норма енді жоқ. Дегенмен, көшеге кісі аттарын беру аясы бұрынғыдай емес, тарылған. Енді тек Қазақстанға белгілі тұлғалар ғана көше атауларын иеленуі мүмкін. Жоғарыдағы алты адамнан тұратын мысал, жалпылама ат та осының бір айғағы. Әсіресе, бірінші кезекте идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар ауыстырылмақшы. Сонда, бар өмірі көрікті Көкшетауын жырлаумен өтіп, әлі күнге облыс орталығындағы бір көшеге есімі бұйырмай келе жатқан Еркеш ақынға да енді сол көшенің есігі тарс жабылды дейміз бе?!.
Алдағы 21 қарашада Көкшетау қалалық әкімдігінде облыс орталығы мен оның құрамына кіретін Краснояр және Станционный елді мекендерінің біраз көшелерінің атын өзгерту жөнінде қоғамдық тыңдау өткізілмекші. Сәтін салса, Капцевич көшесі Бәйкен Әшімов, Л.Мирзоян көшесі Алаш ардақтысы Жұмағали Тілеулин, Восточная Әлдібек би, Тихая Үмбетей жырау, Западная Байдалы би, Новоселов Бапан би, Заводская Саққұлақ би, 8 март көшесі Мақтай Сағдиев көшелері болып өзгертілмекші. Қалған 54 көшенің атауы жалпылама болады. Осы арада біздің билік, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырларына көзге сүйел болып тұрған патша генералы П.М.Капцевичтің атын осы жолы тарих сахнасынан кетіру үшін бар күшті салмай болмайды. Бұл көше атауының негізсіздігі туралы тек соңғы кездің өзінде ғана республикалық мерзімдік баспасөз бетінде жазушы Төлеген Қажыбаевтың, дәрігер Алпыс Жұрыновтың қос бірдей мақаласы жарияланды.
Ал, бұған дейінгі әңгіме қаншама. Мұны айтып отырғанымыз, өзге ұлт өкілдерінің арасында да патша генералының Көкшетауға қатыстылығын айтып, қолдаушылар жағы аз емес. Өкінішке орай, осыған дейінгі қоғамдық тыңдауда шынын айтқанда, теке-тіресте таразы басын солардың дегені басып, баяғыда өзгертілуі тиіс көше атауының әлі күнге мұрты бұзылмай тұрғанына кәдімгідей қорынасың.
Енді ғана тоқтатылған мораторийге байланысты осы жолғы комиссия қарауына да 321 көше атауы жиналып қалған екен. Осы арада ол ұсыныстардың қай жерден түскенін де оқырмандарымыз біле отырса артық емес. Қай өңірде бұл мәселеге қаншалықты мән беріліп жатқаны содан көрінбей ме. Олай болса, Есіл ауданы – 33, Целиноград – 43, Ақкөл – 22, Ерейментау – 12, Аршалы – 74, Бурабай – 48, Атбасар ауданы – 64 көше. Осынша көше комиссияның бір отырысына аз емес сияқты. Дегенмен, қалған аудандар ше? Олардағы басшыларды ауылдық округтердің, елді мекендер мен көшелердің тас кенедей жабысып алған орысша атаулары ойландырып, толғандырмай ма?!
Былтыр рас, бұл істе облыс орталығы Көкшетау қаласы мен Степногорск қаласы және Жарқайың, Атбасар, Целиноград, Сандықтау аудандары бірсыпыра белсенділік танытқаны, кей жағдайда тіпті, ол белсенділіктері күткендегімізден де асып түскендігі жадымызда. Оның бәріне қуанасың, әрине. Сол жұмысты биыл Атбасар, Целиноград аудандары одан әрі жалғастырып отырғаны құптарлық. Ал, Астрахан, Еңбекшілдер, әлі күнге елді мекендерінде орысша атаулар сыңсып тұрған Бұланды, Шортанды, Жақсы, Егіндікөл
аудандарына бұл керек жоқ па?
Мәжіліс сайын осындай әрі-сәрі күй кешетін, өз ұлтың, өз ана тілің үшін жаның ауыратын бір орта – осы ономастика комиссиясы. Өйткені, оның отырысында қай жердің бұл мәселеге дұрысырақ көңіл бөлетіні, қай жердің оған атүсті, жеңіл қарайтыны, тіпті, керек қылмайтыны бес саусақтай көрініп тұрады.
Өткен отырыста да көше атаулыға жоғарыдан солай ұйғарған соң, мойынсұнуға тура келетін жалпылама аттың өзін дұрыс таңдау, оның сол көшеге бір-ақ рет берілетін болғаннан кейін ертең кейінгілердің алдында да ұялмайтындай болуын мықтап ойластыру жағы баса айтылған еді. Тіпті, артынан осы мәселеде бір нәрсе біледі-ау деген бір топ комиссия мүшелері мен әдебиетші ғалымдар, зиялы қауым өкілдері тіл басқармасының өтінуімен осы көшелерге беруге болатын атаулардың нақты тізімін жасап, оны арнайы талқылағаны да бар.
–Кейін сол атауларды үлгі ретінде аудандарға да жібердік,–дейді басқарманың ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова бұл орайда.
Ал енді бүгінгі нақты жағдайға келсек, осы көше аттарын таңдау көп жағдайда сын көтермейді. Мәселен, Есіл ауданында 22 үйден тұратын шолақ көшеге дабырайтып Ұлы дала атауын ұсынған. Екі көшенің бірі Достық, Дружба. Целиноград ауданының Қараөткел, Зеленый Гай, Садовый, елді мекендерінде де бірнеше көшеге былтыр облыс бойынша талай көшені еншілеген мақаламыздың басындағы тұлғалардың есімдерін беруді ұйғарыпты. Сондықтан, комиссия отырысында «Өткен жылы басқа аудандарда қаншама көше осы кісілердің аттарымен аталды ғой, қайта-қайта бір адамдарды айналшықтай беруге бола ма? Алаш қайраткерлері, жергілікті жерлерден өзге лайықтылар қайда, неге басқа атаулар қарастырылмаған? Осыған түзу бағыт-бағдар беріп, тұрғындар жиынына дейін елмен түсінік жұмыстарын жүргізу керек қой» деген орынды пікірлер де туындамай қоймаған.
«Халық солай шешкен соң, біздің мыналарыңыз дұрыс, мыналарыңыз бұрыс» деп айтуға хақымыз жоқ». Бұл енді отырысқа аудандардан қатысқан өкілдердің жауабы. Әйтеуір, бәрін көнтерлі халыққа ысыру.
Бұл орайда, осы Целиноград ауданындағы Родина ауылдық округінің бұрынғы Октябрьская мен Ясельная көшелеріне ұсынылған Дружба, Независимость атаулары да қабылданбай, кері қайтарылды. Бұл – Иван Сауэр басқаратын әйгілі «Родина» агрофирмасы». Сөйте тұра, жоғарыдағы көшелерге қазақша атауларды қимай отыр. Әрі улица Независимости деп атағылары келген көшелері он-ақ үйден тұрады.
Бұл нені көрсетеді? Бүкіл ел болып мақтаған озат шаруашылықта қазақылықтың, мемлекеттіліктің тақа сезілмейтінін. Мұның бәріне аудан басшылары, тиісті мекемелер бас-көз болулары керек.
–Біздің ономастикалық комиссиялар да жеңіл-желпі атаулардың жетегінде кетеді. Жұмыстарында көбіне жалаңдық басым. Үйреніп алған белгілі бір атаулардың шеңберінен шықпаймыз. Ал, біле-білсек, елді мекен, жер-су, көше аттарын беру – тарихи сәт. Халық біздің ісімізге осыған қарап баға береді. Сіздер ұсынып отырған атауларды талғамай қабылдай берсек, ертең келер ұрпақ та бұлары несі деп айтпай ма. Сондықтан, ономастикалық комиссиялардың өз міндеттеріне барынша жауапкершілікпен қарауларын сұраймын.
Бұл – облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың да көшелердің атауларын өзгертудегі үстірт шешімдерге байланысты білдірген пікірі. Әрине, бұл сөздің орынды екенін дәлелдеп жатудың қажеті жоқ шығар.
Осы жолы да комиссия мүшелері солай таңдалған Нұрлы жол, Жаңа дала, Мектеп, Достық атауларын бекітпеуге мәжбүр болды. Айталық, Бурабай ауданының Жаңаталап ауылындағы екі көшенің біріне Береке, біріне осы Достық атауы таңдалыпты. Бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ, кілең өзіміздің қазағымыз ғана тұратын шағын елді мекенде бұдан басқа атау таңдаса болмай ма?
– Ономастика мәселесінде кей аудандарда азды-көпті талпыныс байқалса, кейбір аудандардан оны да көрмейсің. Мәселен, өзім білетін Зеренді ауданында халық қажет етпейді, халық қолдамайды деген үйреншікті сөзді ғана естиміз. Бүкіл қоғам, ел болып рухани жағынан жаңғырамыз деп жатқанда, халық неге қолдамасын?! – дейді бұл орайда комиссияның белсенді мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов. Бұған аудан өкілінен қазір төрт елді мекенде осындай жұмыстардың қолға алынып жатқанын естідік. Ал, бұл жолы осы ауданнан Қошқарбай өзенін Шора өзені деп өзгерту жөнінде бір ғана ұсыныс түсіп, оның өзі қолдау таппады. Комиссия мүшелері:
–Архивте мұндай дерек жоқ дейсіздер. Ақмола облысының ескі геологиялық картасында қалай жазылған екен? Бір болса, сонда болады,– деген белгілі әдебиетші ғалым Сәбит Жәмбектің, тағы басқа отырысқа қатысушылардың пікірлеріне тоқтап, мәселені кейінге қалдырды.

Осылайша ономастика комиссиясының бұл кезекті мәжілісі де жер-су, көше атауларын өзгертудегі осал тұстарымызды тағы бір көрсетіп берді. Осындайда көкейде бұл жұмысты тездетумен бірге, сапалық жағына да қашан қол жеткіземіз деген басты сауал тұрады да қояды.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар