Жыландыда жанының бір жылуы

Жыланды тауының етегінде Жыланды деген ауыл бар. Кәдімгі Ақан серінің «Балқадишасындағы» Жыланды тауы. Сөзге ұста қазекем жыланы көп екенін осы бір атауымен өрімдей қойған.
Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін кербестінің сылағаның, –
деп кәдімгі Ақан сері әнге қосқан Жыланды ғой бұл! Сол Жыландыға деген сағыныш әлі күнге дейін жүрегін аялайтын ананың ғұмыры мен ғибраты ауылға деген әркімнің құрметін оятса керек.

Балалары жас ұлғайып, кәрілік дендегенде, «қалада, жанымызда бол» деп алып келген Бақыт апа айналып-үйіріліп келгенде, сол Жыландысын қимайды. «Жазда оралып қалармын» деп үйін де жай ғана жауып, көршілеріне тапсырып кеткен.
Қалаға келмей жатып, ауылды сағынғаны ма екен, бүгін түнде түсіне кешегі еңбек дуын қыздырып жүрген құрбылары кіріп шыққан. Бәрі сол Жыланды тауымен қапталдаса жатқан дойный гуртқа шаруашылықтың жер апшысын қуырған үйреншікті көлігімен зулатып барады. Тағы бір еңбек қарекетіне, кешкі сауынға асыққандары бұл. Кенет «кәне, келіншектер, ән бастайық» деген сөздің де ортаға тасталуы сол екен, көз жетер жерде егіні мен изені толықсыған кең дала он сан дауыстар қуатымен жаңғыра түссін. Ән! Баяу басталып, ағындай жөнелген «Қырманда» әні барады асқақтап.
Қырманға кел, қалқатай,
Білегіңді сыбанып…
Адам жанының кешегі өз өмірінің көптің ортасында өткен жақсы бір, ұмытылмас кезеңін аңсауы осы болар. Көрген түсінің әсерінен бірден айыға алмай, балалар шақырған соң таңертеңгі шайына отырды. Сонда да ойы жылыстап барып, сағымдай жоқ болған өткен күндер жетегінде. Туған жері – сырлы Сандықтаудың өз қатпарына тарихты да, тағылымды да көп бүккен, бертінгі зорлықшыл атымен атасақ, Лесной ауылы еді. Әкесі Әбдірәсіл ел басына күн туып, соғысқа аттанғанда іште қалған шарана екен. 1942 жылы дүние есігін ашып, одан қанды қасапта бір аяғын жауға беріп келген аяулы әкені де көріп, зұлымдық сол майданда қалған сыңар аяқ болып та елестейтін көз алдына.
Оның тағы екінші себебі бар-ды. Тұқылын қажап, қаната берген протезді шешіп тастап, ағаш балдаққа көшкен әке. Сол қиналысын көргенде, бала жүректің өзі соғыс атаулыға лағнетін айтқандай еді. Бірақ, ондағы әкелер қайтпас қайсар болатын. Сыңар аяқпен атқа секіріп міне беруші еді әкесі.
Сол өжеттікті көріп өскен, әрі тоғыз ай болмай жатып, қатал тағдыр басына анасыз қалудың бар тауқыметін жазған шеменді жанды өмір өзі шыңдамай ма?! Жасыды да, жасқанды да, өзін-өзі ілгері сүйреп, өжеттенді де. Анасыз жүріп анасы туралы бір білетіні, қобызшы болған. Қайтыс болғанда сол қара қобызымен бірге жерлепті. Үлкендер жағы қолындағы қобыз сарнағанда киіз үйдің түндігі желпілдеп, көтеріліп кететін деп отыратын. Мүмкін, тақа олай да емес шығар, алайда, қыл қобыздың қасиетін сондай құдіреттермен өлшемесек, шын киесін сол мәнінде алға тарта аламыз ба.
Осыған қарағанда, Бақыт апамыздың тегін ата-ананың қызы емес екендігін ішіміз сезе отырып, өмір жолынан әрі қарай да сыр суыртпақтауға асығамыз.
–Біз бір әке-шешеден бесеу едік. Ішіндегі естиярының бірі мен. Содан да болар, бұғанам қатар-қатпаста 17 жасымнан еңбекке араластым. Ауылымызда ол кезде қой көп болғандықтан, жылда баратынымыз сақманшылық, одан жүн қырқу науқаны. Кейін қойдың орнына қара мал келді. Енді қыз-келіншектер қарымызға шелек іліп, сиыр саууға шықтық. Ауылда осы бетпен қалып қойғандар содан жұбымызды жазбастан, мал соңында өттік қой.
Иә, аузына қысы-жазы еңбекпен өрілген өмірінің өзі салып беріп жатқан осы сөзі сол кездегі бүкіл елдің, керек десеңіз, бүкіл қазақтың тұрмыс-салты, ғұмыр қағидасы еді. Соның бел ортасында міндетіне алған өз ісіне бар жанын салып, Бақыт Сәрсенбаева да жүрді. Күніне екі-үш мезгіл 45 сиырдан сауса да қыңқ етпеді. Есептеп отырса, осы ауыр кәсіпке өмірінің отыз жылын арнапты. Жұбайы Сапарбек ағамызбен жеті бала тәрбиелеп өсірген соң, ол кезде үкіметтің көп балалы ананы 50 жасында зейнет демалысына шығаратын жеңілдігімен де төбесі көкке жетпей қоймаған. Соның өзінде бірге жүріп, тұрып үйренген ортасын қимай, тағы бес жыл кеңшардың сиырын сауып берген Бақыт апа тасытқан сүт бұлағы өзімізді қойып, бүкіл елде қанша жанның аузын аққа тигізді десеңізші.
Анығы, бұл кісінің еңбектен аянбағанын сол тұста қарапайым сауыншы бола жүріп, қатарынан екі мәрте аудандық Кеңестің депутаты болып сайланғаны да айғақтай түседі. Ол кезде мұндай депутаттықтың астарында ел сенімін арқалатқан талай бір аманат жүгі жататын. Бақыт апа да өзіне ыстық Жыландысының жағдайы дұрыс, тірлігі татымды болуы үшін өз парызын қапысыз түсініп-ақ баққан. Бәлкім, кейін сол құрмет, сол сенімнің екінші рет қайталануы да осы бір қадір-қасиетінен шығар. Манадан бері бұл айтып жатқанымыз, ол кісінің кәдімгі қазақтың еңбекқор әйеліне тән қабілет-қарымы да. Оны біз әңгіме барысында өнегелі ғұмырдың бір қыры деп біліп, абзал ана аузынан шыққан төл өнердің мына бір тың естеліктеріне де құлағымызды түріп ұстай түскенбіз.
–Қайын енемнің аты Ақшайы еді. Қанша жыл бәріміз бірге тұрып, пайғамбар жасында арулап өз қолымыздан жөнелттік. Қайын атам Қабдолла Қима ауданында имам болған. Діндар кісі. Шебердің шебері еді. Кәшәуа шанаға дейін өзі жасайтын. Ол кездің құда-жекжаттығы бір басқа. Әкем қайын атама біздің тұқымда үлкен қобызшылардың өткенін айтып отыратын. Мәселен, арғы әжеміз Мәриям Дәулескер күйші Дина Нүрпейісованың өзімен өнер жарыстырған. Сонда Дина апай риза болып арқасынан қағып, қамзол береді. Ол қара камзол бертінге дейін біздің үйде сақталып келді. Кейін Мәриям әжемізден туған марқұм Жәзи апамыз да осы қобызшылық, домбырашылық өнерді әрі жалғастырды. Әке шіркін, қашанда асқар тау ғой. Осы Қайырлы, Серігім өнерде алғашқы қадамдарын жасағанда, бұл біздің тұқымда бар өнер деп марқайып, үлкен аталарының жиендеріне батасын сұрайтын да отыратын.
Тәңірім, Сапарбек аға мен Бақыт апаның шаңырағына қазақтың қасиетті қара домбырасының киесін қондыруы да осы арғы тек пен ақ адал батаның шарапатынан шығар. Сол екі бала да Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының түлектері. Қазір бірі Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінде, екіншісі музыкалық мектепте ұстаз. Кезінде қызмет бабымен колледж директорлығына дейін өскен Қайырлы сонау консерватория қабырғасында жүргенде-ақ домбыра жасаудың қыр-сырына бойлауымен Көкшедегі осы өнердің ең бастауында тұрған азамат. 1993 жылы Алматыда әлем қазақтарының бүкіл дүниежүзілік бірінші құрылтайының аясында республикалық «Үкілі домбыра» байқауы өтіп, сонда бас жүлдені осы Қайырлының шанағы үйеңкі, бет жағы шырша, мойыны қараағаштан жасалған шешен домбырасы иеленгені бұл ел үшін әлі күнге айта жүрерліктей үлкен оқиға санатында өнер тарихында қалып қойған. Бүгінгі күні де інісі Серік екеуі бір кездегі ағаштан түйін түйген Қабдолла аталары сияқты екінің біріне қона бермес осы киелі өнердің хас шеберлері. Өз шеберханалары, өз қалыптасқан домбыра жасау мектебі бар.
Өздеріне өмірде тек қуаныш сыйлап, үміттерін ақтай білген құлындарына аналары да дән риза. Марқұм әкелері Сапарбек те қашан көзі жұмылғанша ұл-қыздарының ілгері басқан әр қадамына тәубе деп, тілеуін тілеумен отыратын.
Шүкір, ата-аналарының кішкентайларынан жақсыға баулып, тізгінді тарта ұстаған тәрбиелері, Алла тағаланың өз сүбелеріне бергені бір кіндіктен тараған жеті балаға да өмірдің қиыр-шиырында бұра тартқызған жоқ. Өзі қыс ферма, жаз жайылым басында. Сапарбек екеуі де таң атпай жұмысқа кетеді. Қолда қайын ата мен ене. Балаларға үйдің күнделікті ана шаруасы, мына шаруасын тапсырып кетеді, солай үлкені кішісіне септесіп, бірінен қалғанын бірі киіп, қалай өсіп қалғандары да байқалмаған. Жалпы, баланы жастайынан еңбекке, үй жұмысына үйреткен дұрыс екен. Бұл – Бақыт апаның осы күні ондайдан гөрі, шолжыңдық, емін-еркіндік басым әр үйдің бірілі-екілі еркесін көріп, өзінше көңіліне түйетін өмір шындығы. Әйтеуір, өз ойынша бүгінгінің үстіне жел тигізбеуге бар осы шамадан тыс өбектеушілігі ертең жас ұрпақтың болашағына, шығар биігі, алар асуына кері әсер етпесе жарады. Өзінің де Атбасардағы үлкен қызы Гүлбаршын, Астанадағы Ғайниы, Көкшетаудағы Қайырлы, Күнсұлу, Серігі мен Сырымы, Жыландыдағы қара шаңыраққа қарайлаған Серғазысынан 15 немере-жиені, екі шөбересі бар.
–Өмірдің мәні не? Өмірдің мәні осы ұрпақ жалғастығы. Балалардың амандығы мен қартайған шағыңда соларға көз түрткі болмай, жарасып, түсінісіп ғұмыр кешу. Шүкір, күйеу балалар, келіндердің бәрі де сыйлап тұрады. Ал, солай болуы үшін сен де оларды сыйлап, бауырыңа тартып, ақылыңды айтып, көңілін, жанын ұға білуің керек. Кезінде өзіміз қарапайым еңбек адамдары болдық, сол еңбегіміздің бақытын татып, зейнетін көрдік. Балалар да қол жетпесті қуған жоқ. Екі-үшеуі мұғалім, қалғандары тігінші, медбике, электрик, дүкенші болып жүріп жатыр. Ең бастысы – өз жұмыстарына адал қарауы, ақырын жүріп, анық басып, елге пайдасын тигізуі. Ойы мен бойында үлкенге құрметі, кішіге ізеті бірге жүрсе, бізден қалатын бір тәрбие сол. Осы құлындарымда ата-бабамыздан келе жатқан өнердің оты да әрі қарай лаулар деп ойлаймын. Жуырда Төреғали Төрәлінің концертіне барған түні келінім босанып, немереме ырымдап Төреғалидің атын қойдым…
Бұл – осы жолы өзіміз асықпай әңгімеге тартқан қазақтың бір ардақты анасының бізге бүкпесіз ақтарып жатқан жан сыры, жан тебіренісі. Сол жан сыры мейірге толы көзінен төгілген жан шуағына астасқанда «Елім, ар-ожданым, отбасым, балаларым» деген ана қасиетінің де бар қыры жарқырап, жан дүниеңді нұрландыра түскендей. Шіркін, елжіреген әже жүрегін де айтсаңшы. Осы отырғанда екі институт пен магистратурасын бітіріп, Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде абыройлы қызмет атқарып жүрген Медетін ауызға бір алса, университеттен кейін Қытайда магистратурада оқып жатқан Мадиярын екі алады. Сол Мадиярының үстел теннисінен сегіз университеттің басын қосқан жарыстың үлкен кубогын ұтып алған суреті келген екен, қуанышымен бірге, «тіл-көзден сақта» деген анада тіпті тағат жоқ.
Иә, Жыланды ауылының өмірі қарапайым еңбекпен өтсе де, бұл жалғанда көрген-түйгені мол ізетті келіні ел аузында Тақыр Жыланды аталған сол атамекенін де жоғарыда айтқандай, қалай есінен шығарсын. Түкті Жыланды деп Сандықтаудан бергі Зеренді баурайының Үлгілі ауылы тұсын айтатын болса керек. Жыланды өзені де сол жақтан басталып, бұл жақта тау етегін көлбей өтіп, Жабайға барып құяды. Текті жердің текті адамдары! Олар туралы көкірегі ояу, көзі ашық Бақыт апа сағаттап әңгімелеуге бар. Сөз арасында Социалистік Еңбек Ері Байдалы Оразалин, ақын Еркеш Ибраһим, ел ағалары Жарасбек Әутәліпов, Съезбек Рахымбеков (Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаевтың әкесі), композитор Манарбек Бексейітов, бәрі бір елден екенін мақтанышпен айтып қояды. Колхоз төрағасы Байдалы ағаларының Сапарбек екеуінің алғаш отау құрғанында үлкен басымен «қайырлы болсын» айта келіп, екі қой атағанын да қалай ұмытар. «Таршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» дегендей, оны естен шығару мүмкін бе?! Бақыт апаның өмірлік пайым-парасатының бір қыры осы. Өткенді құрметтеу, жанына жақсылықты жалау ету, жарқын да жайдары мінезі, терең түйсігімен айналасына ізгілік шуағын шашу.
– Менің қолыма түскен бірінші келінім Айсұлуым, ең кенже қайын інім Қайырбектің үйіндегі келін. Үш жыл бірге тұрдық, кішкентайларын өзіміз бақтық, өзім үй шаруасына үйретіп, тәрбиеледім. Қайырбек механизатор болды, кейін техникум бітірді. Айсұлу бұдан да асып түсіп, жиырма жылдай мектеп директоры болып абыройлы қызмет атқарды. Қазір өсіп-өнген үлкен шаңырақ. Астананың іргесіндегі Қосшы ауылында тұрады.
Бұл да өзім жоғарыда аңғарып, көз жеткізіп жатқан ана жүрегінің тағы бір кеңдігі. Ал, елде сүт бұлағын тасытқан сонау бір қайратты кезі, күш-жігерге толы жемісті де жеңісті жылдары осы күні көңілінде сол ақ адал еңбегінің бір өтеуі болып жаңғырып, мерейін өсіріп тастайтыны тағы бар. Бұрынғы балбармақ сауыншы, көп балалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері Бақыт Әбдірәсілқызы Сәрсенбаева өткен Қарттар айлығында да құрметпен туған ауданына шақырылып, аудан әкімі Асылбек Исмағамбетовтың қолынан сый-сияпатын алып қайтты. Біраз жүз таныс адамдарын көріп, көңілі жадырай түскен абзал ана сол жолы тағы да туған Жыландысына елеңдей берген. Ақыры шыдай алмай жол-жөнекей ат басын тіреп, амандығын біле кетті.
Міне, асылдың көзіндей, жақсының өзіндей, үрім-бұтағымен тамырын тереңге жайған Бақыт апа шертер сырдан біз қағазға түсірген соңғы түйін осы. Өнерлі баба, кәделі ата-ананың оң жолы кейінгі ұрпақтарына да әрдайым үлгі-өнеге, арман-мақсаттың темірқазығы бола берсін!

Қайырбай Төрағожа.

Суретте: Бақыт апа немересі Альмирамен.
Суретті түсірген Ермұрат Досымов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар