Тереңге тартқан тектілік

Өмірде адамның мінезі, болмыс-бітімі, азамат ретіндегі қадір-қасиеті әртүрлі. Оны халық өзі айқындап, көрген-білгені, көңілге түйгенімен тура сол қалпында екшеп алады. Мәселен, бүгінде сексен жастың сеңгіріне қол артып отырған Тельман Шәріпұлы Мұқышев ағамыздың мінезін де, сөзін де, тіпті, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениетін де екінің бірімен қатар қоя алмайсыз. Бәрібір өзінің жаратылысы, тұла бойындағы әркімде кездесе бермейтін ірілігі, өткірлігімен бір бәс жоғары тұрады.

Сонысына орай сөзі де өтімді, айналасына да сыйлы, беделді. Оның бәрі әрине, бір жағынан жастай басшылық қызметке, елдік істерге ерте араласып, осы ғұмырында халқына сіңірген бірсыпыра еңбегімен де берік ұштасып жатыр.
Ал, осындай ел ағасының мына жарық дүниеге іңгәлап келген уақыты қазақтың басындағы алас-күлес заман болып шыққанына іштей назаланасың. Соның салқынын сәби жүрекке әкесінің басына түскен ауыртпалық та, шыр еткізіп бір жылатса да, әйгілемей қойды дейсіз бе. Осы жайды әңгімеміздің басында Тельман Шәріпұлының өз аузынан естуіміз де кейіпкеріміздің бойындағы өзіміз білетін небір мәрт, кесек мінездің әкеден қалған қасиет екендігін іштей тұспалдата түскендей еді.
–Жалпы, елім Қошқарбай, Кеңөткел болғанымен, туған жерім Көкшетау ауданындағы Күсеп ауылы. Өйткені, сол жерде әкем «Күсеп» МТС-інің директоры болып қызмет істеді. Ол кісі әйгілі Науан Хазіреттің алдын көріп, сол ғұламаның қолынан оқыған. Сөйтіп, 18 жасында Қошқарбайдағы ескі мешіттің тұңғыш имамы болған адам. Кейін жиырма шақты колхоздың басын біріктірген машина-трактор станциясының директоры кезінде НКВД-ның бір қызметкері келіп, «ертең сені қамауға алады» деп ескертіп кетеді. Олардың ішінде де жақсысы болған ғой, содан әкем дереу Алматыға аттанып, сол жақтан ақыры, ақталып қайтады. Жаңа ғана туған мен жөргектемін. Бұл – сол қанқұйлы 1938 жыл.
Әке бейнесі, әке есімі мен ісі Тельман Шәріпұлының ұғымы мен санасында сол бір заман ауыртпалығымен қатар көрініс тауып келеді. Әр жылдары колхозда агроном, басқарма, тіпті, аудандық соттың судьясы болып, сол еңбегі Еңбек Қызыл Ту ордені, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен аталып өткен әкені, сын сәтте көрдіңіз бе, оқиғаның алдын алу, ұрымтал шешім ғана құтқарып қалған. Сол әкесі сияқты баласы да кейін қызмет көрігінде неше шыңдалмады, неше қайратына мініп, тағдырлы шешім қабылдамады, турасын айтып тастамады дейсіз. Өйткені, талай мәрте өзгелер сенің ұлтыңа көрінер көзге қиянат жасап тұрғанда, зорлықшыл пиғылдарын өткізгісі келгенде қанда бар тектілік, лып еткен намыс оты қайтып үнсіз қалдырсын. Сан рет қызмет бабында солай болған. Содан тапқаны – әйтеуір, керегінде қазағының, халқының туын жықпады. Әу баста осы бір жағына бекем болуы, жүрегінде ұлты, тілі, бір кездегі молланың баласы болған соң діні мен ділі қатар жүргені әсіресе, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары облыстық оқу бөлімінің бастығы қызметінде көп көмегін тигізді. Осы салаға керек бетбұрыстарда сондай бір істің байыбына бара білетін, ұлтына жанашыр, тегеуірінді азаматтарға қоғам өте зәру еді. Біздің Тельман ағамыз осындай жандардың бірі әрі бірегейі бола алғандығы сәл кейінірек.
Ал, қазіргі бірер ауыз сөз бұл кісінің есімі төңірегінде. Халықаралық жұмысшы қозғалысының өкілі Эрнест Тельманның аты-жөні әлем жұртшылығының аузында жүрген кез. Үйге Қопа жақтан келе қалған таныс орысына әкесі ақкөңілділікпен «балаға ат қой» дейді. «Тельман болсын» дейді ол. Болды. Тельман!
–Осыны кейде көне түрік сөзі ме деп ойлаймын. Өйткені, Түркияда «Сельман» деген түрік есімін кездестірдім. Ұқсас болған соң Тельман қылып жіберуі әбден мүмкін ғой. Германияны өзіміз Алмания деп айтпаймыз ба?!
Аға көңілі өз есімін де осылай сыр етіп ақтарады. Саясат әсерімен кезінде біраз ағаларымызға қойылған ат. Ана бір жылдары тіпті үш Тельман – қазақтың үш белді азаматының басы бір жерде қосылып қалып, жарасымды, жалынды әңгіме жан жадыратқаны да есінде.
Алты бала – үш ұл, үш қыздың ішінде ұлдан ортаншысы еді. Бала досы Мағау екеуі орыс мектебінің бірінші сыныбына барады. Павловкадағы сол бастауыш мектептен кейін өзі әрі қарай кетті. Мағау болса ауылда қалды. Керемет атбегі. Қашан көзі жұмылғанша араларынан қыл өтпеді. Қарапайым еңбек адамы мен партия, кеңес қызметкері, білім қайраткері. Бірақ, бұл айырмашылық олардың өмір бойғы адал достықтарына нұсқан келтірген жоқ. Мұндайда адамды кісілігіне қарап бағалайтын Тельман ағаға бұл күнде жетіспейтін жанның бірі де осы Мағау досы…
Елуінші жылдары мектепте тарих пәнінен сабақ берген Мырзабай ағасының қолында тұрып, Көкшетауда ерлер мектебінде оқыды. Кезінде ұлдар бір бөлек, қыздар бір бөлек білім алған ондай мектептер де болған. Әлі күнге бірінен-бірі өткен нендей эксперименттер жасалмай келе жатыр дейсіз. Өзі арқа тұтып, соңынан ерген Мырзабай ағасы «ойыңды ұштайды» деп шахматқа да үйреткен. Тоғызыншы сыныпта қайтадан Зерендіге келіп оқып жүргенінде аудандық жарыста үшінші орынға табан тіреп, 70 сом сыйлық алғаны да бар. Сол шахматқа құштарлығы әлі жалғасып келеді. Өткенді қойып, бүгінде ардагерлер арасындағы жарыста жүлдесіз қалған кездері некен-саяқ. Спорт шеберлігіне кандидат атағы, студент кезінде Мәлік Ғабдуллин ағамыздың өзімен шаршы тақтада бақ сынасу бақыты айта берсе, спорттық жетістіктерінен де мол хабар бергендей.
Өткенге тағы бір оралар болса, сол кездегі өзі оқыған бір ғана Зеренді орта мектебінің, оның мұғалімдерінің өзі ғана сенің кез-келген талабыңа қанат бітіріп, қалаған пәніңнің жүйрігі етіп шығарардай еді. Өзі ерекше ұнатқан математикадан сабақ беретін Александр Александрович Шенберг әйгілі 58 баппен Саратовтан жер аударылған. Осының кебін киген Иван Харламович Левкапула бір кездегі МГУ-дің оқытушысы. Келесі «халық жауы» Контарович Литваның буржуазиялық үкіметінің мүшесі. Олардың ұстаз ретіндегі тұрған бойы, ұшан-теңіз білімі, жеке басының мәдениеті, ой-өресі Тельман ағаларға биікке беттеудің, ертең өмір асуында таяз соқпас өз мінез-құлқы, болмысын қалыптастырудың бір-бір өмір мектебі еді. Сосын да күні бүгінге дейін бұл адамдар жадында мәңгі өшпестей қалып қойғандары содан болуы керек.
Бұдан кейін әрине, келесі студенттік өмір белесі. Алматыдағы іргелі білім ордасы – Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне құжаттарын әкеліп тапсырғанда, бір орынға 6-7 абитуриенттен екен. Зерендіде алған тиянақты білімі мен таудай талабы жемісін беріп, бағы жанып, қалаған оқуына түсіп кетті. Сөйтсе, инс-
титут ректоры Мәлік Ғабдуллин өзімен КазПИ-дің жатақханасында шахматтан айтарлықтай теке-тіреске баратын зеренділік сары жігіттің, яки жерлесінің әкесін де білетін болып шықты.
–«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген осы көрінеді. Жалғыз мен емес, барлық студентке әкелік мейіріммен қараған қайран Мәкеңмен содан кейін арамызда одан бетер бір керемет қарым-қатынас, сыйластық жібі тартылып жүре берді,–деп еске алады Тельман аға сол ұмытылмас студенттік шағын да.
Осылай деп әңгіме желісін бір қайырған ағамыз әлі ширақ, тың. Аққұба келісті келбеті, иманды жүзіне шуақ себездейтін нұрлы жанары, әлі тік жүріп, тік отырар сұңғақ бойы, жан дүниесінің кеңдігі мен керексе, ойнатып, жайнатып та жіберер сөзінің мәйегі бір басынан жылылық пен мықтылықты, ашықтық пен адалдықты, ірілік пен серілікті қатар аңғартары сөзсіз. Басқалар да келісер, өз басым қанша біле жүріп бұл кісінің бойынан даңқты Баукеңнің де қайтпас қайсар мінезінің кейбір парасын тани түсемін. Ол – түп қазығында ақиқаттың ауылы тұратын турашылдығы, көңіліне қонбаса, өз ішкі түйсігі мен өмірлік көзқарасы қабылдамаса, күлтібілтелемей, бетке айтар бірбеткейлігі, қай қызметте жүрсін, қулық-сұмдығыңды білмей, елге адал қызмет етуі. Кім біледі, бұл ұлылардың да жұғыстық қасиетінен шығар, сол аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен студент кездерінде бәрі бірге бір таксиге мінгендері де бар. Бет алыстары – орталық стадион, «Қайраттың» ойыны. Сол жолы бұлардан мән-жайды сұрап алған Баукеңнің «Вам не на такси ездить, а пробежкой добраться до стадиона» деп біраз «зіркілдеткені» де есте. Көбіне салауатты өмір салтын ұстанып, жаяу жүруді ұнатқан кездерінде Баукеңнің осы бір ауыз шындық сөзінің де тап кешегідей көкірегінде сайрап, құлағында жаңғыратыны тегін емес.
Жақсы-жайсаңдардан алған тәлім, өмірдің өз сабағымен, өз ыстық-суығымен бұл екі ортада Тельман ағамыз үшін де нелер жылдар самғап өтпеді дейсіз. Адамзат баласы тұңғыш рет ғарышты бағындырған 1961 жылдан бастап өзі оқып бітірген мектепте мұғалім, одан әрі оқу ісінің меңгерушісі болды. Аудандық оқу бөлімі комиссиясының құрамында бүкіл мектептерге тексеріспен барып жүріп, біраз жағдайларын біліп алды. 1969 жылы оқу бөлімінің тізгіні сеніп тапсырылғанда жұмысына мұның да көп пайдасы тиді.
Сол тұста Социалистік Еңбек Ері Баян Жаңғалов Чис-
тополь ауданының басшылығынан Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына ауысып келген. Тел-ағамыз болса, мұның алдында ғана мектепке деп бөлінген бес «Бирюсса» тоңазытқышының біреуін «Қарабұлақ» кеңшарының бала бақшасына беріп қойып, қатаң сөгіс алған-ды. Бірінші хатшы қарамағындағылармен таныспақ болып, алдына шақыртқанда, жасырмай сол сөгісі барын да айтады. Пейілі кең, ақыл-парасаты мол Байекең балаларға сұрағанда сол тоңазытқышты бергенін жөн көріп, өзінің кісі танитын сұңғылалығымен аупарткомның үгіт-насихат бөлімінің жетекшілігін ұсынады.
Осы қызметте үш жыл шыңдалып, одан әрі Алматы жоғары партия мектебін қызыл дипломмен бітірген Тельман Шәріпұлын енді облыс орталығы Көкшетаудан екі жүз шақырым шалғайдағы жаңадан құрылып жатқан Уәлиханов ауданы күтулі еді. Сегіз жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы болғанында үстінен бір арыздың жазылмауы өзіндей жан-жақтан жиналған қалың елмен сіз, біз десіп, тіл табысып жұмыс істеуінен болар. Енді-енді құрылып жатқан шаруашылықтар бір-бірінен қашық, жол нашар. Қазақ ауданы болған соң өз ерекшелігі тағы бар. Бүкіл облыс жұмылып, сол құлазыған далаға да керемет жан бітті ғой. Жаңа мектептер, мәдениет үйлері, ауруханалар қандай еді. Аз уақытта 300 мың қой, 20 мың жылқы оңайлықпен өсіп-өне ме?! Міне, осы ұлан-ғайыр жұмыстардың басы-қасында партия алға қойған міндеттерді шешіп, өз әріптестерімен бірге аянбай Тельман аға да жүргенін сол кездегі ел жақсы біледі.
Айта берсе, қызмет баспалдағымен жоғары өрлеген Чистополь аудандық партия комитетінің екінші хатшысы лауазымын да бұл кісіге шалғайдан бұйыртыпты. Ол аудан да облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта еді. Мұнда да тура 8 жылы осы қызметтің ыстық-суығымен өткен. Аудан, қызмет өзгергенімен, мақсат-міндет бір. Ол – өңір әлеуетін көтеру, тыңның мол астығын Отан қамбасына молынан құйып отыру. Ендеше, сол үшін осыған коммунистерді, елді бір кісідей жұмылдыра білу. Ол да мінезі ірі, ісі кесек Тельман Мұқышевтің қолынан әбден келген!
Ал, осы күні 26 жыл толып қалған тәуелсіздігіміздің қарсаңында облысқа бірінші хатшы болып Қасым Тәукенов келіп, білім саласындағы орыстанған бөгет, қамалды бұзуға өзімен мүдделес бір сенімді адам керек болғанында, мамандығы педагог талай басшылардың ішінен таңдау тағы да Тельман ағамызға бекерден бекер түспеген. Өйткені, ол кісі әр нәрсенің жөн-жосығын дәл аңғарып, тамырын тура баса отырып, өзінің тегеуірінділігі, керек жеріндегі дип-
ломатиясы, ұлтжандылығымен біраз мәселені бері қарата аларлықтай нағыз кемел шағында еді. Енді сол күндерден өзіне ой шолдырсақ:
–Келсем, Көкшетауда қазақ мектебі деген атымен жоқ екен. Ондай оқу орны деп жүрген №3 орта мектеп аралас мектеп болып шықты. Бірде-бір қазақ бала бақшасын емге таба алмайсың. Қалалық оқу бөлімінің бастығы Волобуева деген осқырынып тұрған орыс әйелі. Қазақ сыныбын ашсақ, басқа ұлттар да сынып сұрайды дейді. Тауып алған сылтауы. Үш күннен кейін коллегия өткізіп, жұмысты мамандардан бастадым. Сөйтсем, мектеп біткенді кілең орыс, поляк, немістер мен өзіміздің бірен-саран тілді білмейтін қазақтар басқарады екен. Содан бірер жылда сол кездегі Үкімет қолға алған тіл саясатын ұстанып, әлгілерді ақырын ың-шыңсыз жөнін тапқыздым. «Әсел» қазақ бала бақшасы ашылды. Менің бастамаммен мектептерде бірінші қазақ сыныптары енгізілді. Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектебін қазақ мектебіне айналдырып, басшысын дұрыстадым. Аралас мектептер ол кезде дұрыс бағыт еді. Ал, қазір одан қашуымыз керек. Өйткені, ендігі жағдайда бұл зиян. Отыз жылға жуық жабылып келген Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық училищесін қайта аштық. Мектептерге қазақ тілі мұғалімі жетіспей жатты. Облыстық білім институты бізге қараушы еді. Сонда қазақ тілі мұғалімдерін даярлауға кірістік. Осы пәннің кейбір оқытушылары категория дегеннен мүлдем тыс қалған екен. Соны бергізгенде, қуанғанынан көздеріне жас алғандары болды. Ауыл мектебіне көп көңіл бөлінді. Республикада оптимизациялау деп шағын мектептерді жаба бастаған кез. Дәлелдейтін жерде дәлелдеп, оған да араша түсуге тура келді. Күндердің күні мұғалімдер екі ай бойы еңбекақысын ала алмай, ереуілге шығамыз деген сөз де бір бүйірден қыса түсті. Бірде жаңадан келген облыс әкімі Жәнібек Кәрібжанов «бағдарламаңды тыңдаймыз» деп шақырды. «Менің бағдарламам қазақ сыныптарын ашып, қазақ балаларын соған бергізу» дедім. Сол-ақ екен, осы сөзіме риза болып, «жұмысыңды жалғастыра бер» деді. Сол кездегі облыс әкімі Нәжімеден Есқалиев те бұл мәселеге жақсы қарады. Республикада екінші болып қазақ-түрік лицейін аштық. Республикалық пәндер олимпиадасын өткізіп, онда да оқушыларымыз екінші орын алды.
Иә, біразын өзіміз бұрыннан да білетін бұл айтылғанның бәрі ақиқат. Әсіресе, қазақ ауылдарындағы мұғалімдер бұл кісінің қызмет бабымен мектепке келгенде қазақ тілі мәселелеріне қатты көңіл бөлгенін күні бүгінге дейін ауыздарынан тастамайды. Осы сөз болған шағын штрихтардан адамның өмірлік мұраты мен мұндалап, жалпы ғұмырының жақсылығы құралып жатқан жоқ па?! Өмір дейміз, Тельман Шәріпұлының азамат ретінде достық деген ұлы ұғымға, отбасылық құндылықтарға да қосқан үлесі бір төбе. Халқымыздың көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаевпен кездесіп, сырласып тұрған. Осындай үлкен кісілерден өмірлерінің соңына дейін жазушылар Қалтай Мұхамеджановпен, курстасы Герольд Бельгермен жолдас болып, бірге жүріп, бірге тұрған, талай шахмат ойнаған. Бірінші шақырылымдағы Жоғары Кеңестің вице-спикері, қазақшаға судай Василий Осиповпен достығы да ғажап. Қайтыс болғанында Көкшетаудан Талдықорғанға жоқтап барғанында бүкіл ел риза болыпты.
Осылай жақсылармен жанасып, жайсаңдармен қатар жүрген Тельман ағамыздың тамырын тереңге жайған шаңырағы да аса бір үлгі тұтарлық. Институтта бірге оқып, өмір бойы ауылда да, қалада да мұғалім болған Клара Ахметқызымен отасқандарына алдымыздағы шілде айында тура 60 жыл толады. Екеуі бес бала тәрбиелеп өсіріп, бәріне жоғары білім берді. Болаты әке жолын қуып, МГУ-дің физматын, одан АҚШ-та Клинтон мен Буш оқыған Эль университетін тәмамдады. Элмирасы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен МГИМО-ны бітірген неміс тілінің маманы. Гүлнәр эндокринолог-дәрігер, «Авиценна» ауруханасында еңбек етеді. Мараты – мал дәрігері, Алмасы жоғарыда аталған университетте сабақ береді. Бес баладан екі бірдей ғылым кандидаты шығып отыр. Осылай тағдырлары игі істерімен туған жерде берік тоғысқан Тельман аға мен Клара тәте бұл күнде немере-шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.
Бар саналы ғұмырында халыққа адал қызмет етудің, елдің ұлы болудың нарқын бір білсе, осындай жаны терең, арлы адамдар біледі. Жақсы-жаманды бір өзі салмақтайтын қоғам да Тельман Мұқышевтай асыл жанды өз елі, өз ортасына әрдайым сыйлы, құнды ете бермекші.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар