Өңірімізден шыққан тұңғыш Еңбек Ері

Атбасар ауданында өткен ғасырдың 40-шы жылдарында осы өңірде алғашқылардың бірі болып Социалистік Еңбек Ері атағын алған жылқышы Сәдуақас Аяндықовтың шыққанын мақтанышпен айтуға болады. Ол кісінің өмірі мен еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, өнеге боларлық. Бірақ, ол туралы сирек айтылғандықтан болар, қазіргі күнде есімі ұмыт бола бастаған. Сәдуақас Аяндықов толық емес дерек көздеріне қарағанда, Торғай өңіріндегі Терісаққан өзенінің бойында 1890 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келіпті. Бұғанасы қатпай жатып, байдың малын бағып, тіршілік қамын жасайды.

Менің қолыма 1967 жылдың 28 қазаны күні басылған Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газеті түсті. Газеттің шыққанына 50 жыл уақыт өткендіктен болар, парақшалары әбден сарғайып кеткен. Бірінші бетінде Сәдуақас ақсақалдың «Өмір гүлді, өңір жұлдызды ғой» атты мақаласы жарияланған екен. Онда жылқышы бала кезінде көрген қиыншылықтарын еске алады.
«Мен онда жаспын. Бала күнімізде Терісаққан өзенін жайлаған байлардың отын-суын тасып күнелтетінбіз. Әкем Аянды мен әкемнің інісі Байқас не көрмеді дейсің. Қазан төңкерісінің нұрлы таңы ол күндердің күлін көкке ұшырды. Иә, ол бір аласапыран заман болатын. Ақ бандылардың қалдықтары елдің шырқын бұза бастады. Ақыры ақтардың да көзі жойылды. 1927 жылы жер-жерлерде колхоздастыру науқаны басталды. Сол жылы қазіргі Карл Маркс атындағы кеңшардың орталығы Сергеевка колхозы болып құрылды. Өмір өзгерді, ел жаңарды. Әркімнің тепкісінде жүрген ауыр күндерді ұмыта бастадым. Халық тағдырын ойлайтын ерлермен қатар еңбек еттім. Еңбегім еңселі, тұрмысым көңілді болды. 1945 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталдым. 1947 жылы бағымымдағы 27 биеден 27 құлынды аман-есен өсіргенім үшін маған ең жоғары атақ берілді. Социалистік Еңбек Ері атандым. Колхоздың трактор-егіс бригадасының бригадирі Максим Басенко: «Сәдуақас сен бақыттысың» дейтін. Сонда мен: «Асықпа сен де Еңбек Ері боласың» деуші едім. Сол айтқаным тура келді. 1948 жылы жақсы егін өсіріп, мал азығын жинағаны үшін Максим де Социалистік Еңбек Ері атанды. Біз егде тартып ескі көздер қатарына қосылдық. Денсаулығым төмендеген соң амалсыздан еңбектен қол үзіп, зейнеткерлікке шықтым. Төрт баламды оқытып, тәрбиелеп мамандық меңгеруге жағдай жасадым. Оларды өз алдына отау етіп шығардым. Кіші балам қолымда. Үлкенім Рамазан, Кәрімтай кеңшардың маңдайалды еңбеккерлері. Кәрімтайым «Бауманский» кеңшарында тұрады. Одан кейінгі балам Мұрат көлік жүргізуші. Қызым Кенжетай Жақсы аудандық тұрмыстық қамту комбинатында тігінші. Келіндерімді қызыма балап, ұлдарымнан артық көремін. Барлығы да кеңшар шаруашылығында еңбек етеді» деп жазыпты Сәдуақас Аяндықов мақаласында.
Карл Маркс атындағы кеңшардан өзінен кейін егіс бригадасының бригадирі Максим Басенко, диқаншы механизатор Яков Брагин Социалистік Еңбек Ері атанғанын ол мақтанышпен айтады.
С.Аяндықов 1940 жылы жылқы фермасының меңгерушісі болып тағайындалған соң 36 басты бағымына алады. Оның жетекшілігімен соғыс жылдары майданға Кеңес әскеріне көмек ретінде 115 мініс аттары жіберіліпті. 1940-1957 жылдар аралығында жылқы санын көбейтіп 530 басқа жеткізеді. Осы жылдар ішінде халықтың қолдауымен жергілікті кеңестің депутаты болып бірнеше рет сайланады. «Тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады.
«Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Алдыңғы буын ағаларымыз өмірден өткенімен олардың көзін көрген, ақыл-кеңесін тыңдаған, тәлім-тәрбиесін алған үлкендеріміз ортамызда жүр. Солардың бірі жасы сексеннен асқан Қайыркен Мұқашұлы Сәдуақасов ағамыз.
«Біз Сәдуақас ағамен бір ауылда тұрдық. Ол кісіні жақсы білемін. Жақсы білемін дейтінім, ағам Қабдеш (1927 жылы туған) екеуміз 1957 жылы Сәдуақас ақсақалдың бір үйір жылқысын санап, қабылдап алдық. Ол уақыта жетпісті алқымдап қалған үлкен кісі болатын. Ұмытпасам 500-ге тарта жылқыны бізге тапсырған соң зейнетке шықты. Үлкен ұлы Рамазан, келіні Мәкен бізбен құрдас, замандас еді. Араласып, сыйласып өстік. Әкеміздей кісілер болған соң алдынан кесе-көлденең өткен емеспіз. Қадір тұтатынбыз. Құдасы Әбдіхалық Шабанов және Нүркен Жұматов, Ақшал Сәленов деген ауылдың үлкен ақсақалдары еді. Сәдуақас ақсақал орта бойлы шымыр келген, ақсары өңді, сабырлы, қарапайым адам болатын. Біз жылқыны ол кісіден қабылдап алғанда мен жиырма жастағы бозбала, ағам Қабдеш отызға келіп қалған жігіт-тін. Содан 1967 жылға дейін Карл Маркс кеңшарында жылқы бақтық. Кеңшарда шошқа фермасы ашылып, жылқы бағу қиындай түсті. Жылқыға көңіл бөлінбеді. Шешей жылқыны таста шошқаның иісін иіскеп отырамыз ба деген соң Қаракөлге көштік. Оның үстіне Самарка, Ерікті, Алғабас, Ащыкөлді біріктіріп, бір колхоз қылды. Колхоз төрағасы Молчанов деген орыс болатын. Ол сендер Сәдуақасовсыңдар, жылқыны бағып жүре беріңдер» дейтін. Кейін колхозды Гуляк деген кісі басқарды, – деп Қайыркен Мұқашұлы кешегі өткен ағаларды есіне алды.
«Адам ұрпағымен адам» дегендей, Сәдуақас Аяндықовтың үлкен келіні Мәкен апамыз Сергеевка ауылында балаларымен, немере- шөберелерінің ортасында жүріп жатқан жайы бар. Қыз баласы Кенжетай ел ордасы Астанада тұрды.
Бүгінде еліміздегі жоғары табыстардан көрінуіміз, кешегі аталарымыздың табанды еңбегі мен маңдай терінің арқасы екенін ұмытпауымыз керек. Ойды, ой қозғайды. Сергеевка ауылы бір емес үш Еңбек Ері шыққан атақты мекен. Осы өңірден ең алғаш болып осындай мәртебелі атақты алған адам Сәдуақас Аяндықов. Ұрпақтар жадында қалсын десек, осы ауылға ол кісінің есімін берсе дұрыс болар еді. Себебі, өткенсіз бүгін, бүгінгісіз болашақ жоқ. «Ер есімін ел шығарады» демекші, халқы, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлғаларымыздың есімін сақтап, бүгінгі ұрпақ солардан үлгі алып өссе, тәуелсіз мемелкетіміздің тұғыры биік болары анық.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ.
Атбасар ауданы.

Суретте: Социалистік Еңбек Ері Сәдуақас Аяндықов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар