Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ананың мұңы - АРҚА АЖАРЫ

Ананың мұңы

Түскі үзіліс кезінде азырақ таза ауамен тыныстайын деп редакция маңындағы саябаққа барған едім. Көктем шығып, қар ери бастағанымен, қыстың суық ызғары әлі кете қоймаған кез. Саябақтың бір шетінде жастар әңгіме-дүкен құрып отырса, енді бір жерде кішкентай бүлдіршіндер ата-аналарымен бірге көгершіндердің жерден жем шұқып жегенін қызықтап тұр екен. Біраз серуендеп енді кеткелі жатқанымда орындықта бір апайдың жылап отырғанын байқадым.

Жүзін мұң шалған жанды айналып кете алмай, қасына жақындадым. Ол кісінің терең ойға батқаны сонша, менің жанына отырып, қолын ұстағанымды да сезбеді. Тек, дауысымды сәл қаттырақ шығарып, «апай, бір жеріңіз ауырып тұр ма?» деп сұрағанымда ғана денесі селк ете түсіп, кеудесіне жан кіргендей болды. Түскі үзіліс уақыты аяқталып, оның үстіне жұмыс орным да жақын маңда болғандықтан апайды өзіммен бірге редакцияға алып кірдім. Сәлден соң жылынып, өз-өзіне келгесін кейуана не себепті жабырқағанын айтып берді.
Атын атамауымызды өтінген ана көңілінің мұңаюына қызы себепкер екен. Нақтысын айтсақ, Зарина есімді ол бойжеткен тек анасын ғана емес, туған-туысқандарының барлығын Көкшетаудағы колледждердің бірінде оқимын деп төрт жыл бойы алдап келген. Анасының айтуынша, осы уақыт бойы қызы қалада белгісіз бір жігітпен пәтер жалдап, үй іші оқуға төлеу үшін жіберіп тұрған ақшаны түнгі клубқа, мейрамханаларға баруға жұмсап отырған. Мұның барлығын көзіне жас ала отырып айтып берген бейтаныс апайдың соншалықты ауыр әңгімесін есту бізге де оңай тиген жоқ. Ешбір ана баласының жаман жолға түскенін қаламайды ғой.
– Алладан сұрап алған бір ұл, бір қызым бар. Үлкенім үйленген. Жолдасым екеуіміз Солтүстік Қазақстан облысына қарасты шағын ғана ауылда ұлымыздың қолында тұрамыз. Құдайдан балаларым өмірде еш таршылық көрмесе екен, оқуларын ойдағыдай аяқтап, өмірден өз орындарын тапса екен деп тілеуші едім. Қызым колледжді тәмамдап, ауылға жұмыс істеуге келеді деп үміттеніп жүргенімде естіген жаңалығым мынау. Диплом алмақ түгілі, Заринам оқымапты, қалада төрт жыл сенделіп жүріпті. Бізге өтірік айтып келіпті, – деді де, байғұс ана зар еңіреп жылап, әңгімесін одан әрі жалғады.
Бәлкім, біреулер мұндай өтірікті осыншама уақыт бойы үй ішінен қалай жасырып келуге болады дейтін шығар. Бұл сұрақты апайға біз де қойғанымызда ол қызының ауылда тұрғанда ешкімді ешқашан алдамағанын, үлкенді құрмет тұтқан кішіпейіл қыз болғанын айтып түсіндірді. Тоғызыншы сыныптан кейін қалаға оқуға кеткеннен бері мінезінен, сөйлеген сөзінен біртүрлі өзгеріс байқалса да, «қызыма сену қажетпін» деген оймен кейіпкеріміз одан еш күмәнданбай жүре берген. Анасының сөзіне қарағанда, Зарина демалысқа үйіне келгенінде қолынан ұялы телефонын тас-
тамайды. Күні-түні әлеуметтік желілерде бәз-біреулермен хат жазысып отырады. Ал, анасы мен жеңгесіне бір уақ көмектесіп, үйдің тірлігіне араласуды ол баяғыда-ақ ұмытқан. Үйге анда-санда бір келеді ғой деп, үй іші қыздарының бұл қылығына көз жұмып қарағанымен, оның үйге соңғы келгенінде сөмкесінен шылымның қорабын тауып алғанына анасы қатты алаңдады. Қызы жарытып ештеңе айтпаған соң қалаға келіп, ақыры бәрін өз көзімен көрген.
Өкініштісі сол, отбасы шындықты білгеннен кейін де Заринаның ата-анасынан кешірім сұрап, не қайта оқығысы, не ауылға қайтқысы жоқ. Қарт ананың жүрегін ауыртатын да осы жағдай.
– Қартайғанда осылай азап шегетіндей не жаздым. Бәріне өзім кінәлімін. Қызымды ауыл асырып, жападан жалғыз қалаға бекер жіберген екенмін, – деп тағы бір күрсініп алды.
Амал нешік, қызы салған ауыр жараны арқалаған ана ауылға жолға шықты. «Балаларыма дұрыс тәрбие бере алмадым-ау» деп, болған оқиғаға бір өзін ғана кінәлады. Егер, қызының қалада не істеп жүргенін бір сәт қадағалап отырса, мұндай масқараға тап болмас па еді, кім білсін.
Апай кабинетімнен шығып кеткеннен кейін санама еріксіз мына ой орала берді. Түйгенім, кейіпкеріміздің әңгімесі көптеген отбасыларды, әсіресе, ұл-қыздары жырақта оқуда жүрген ата-аналарды ұрпақ тәрбиесі мәселесінде қырағы болуға шақырады. Ал, сіздер қалай ойлайсыздар?
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар