Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаз беделін қайта көтеруіміз керек - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаз беделін қайта көтеруіміз керек

Мен мектепте оқыған өткен ғасырдың 70-ші жылдарында мұғалім ауылдағы ең мәртебелі мамандық саналатын. Мұғалім ұрсып, тіпті кейде қатты нұқып жібергенде де солай болуға тиіс деп қабылдап, қарсы шығу, ол жайында ата-анамызға айтып шағымдану деген ойымызға да келмейтін еді. Өйткені, «мұғалім ұрысты, не ұрды деп айтсақ, ата-анамыз «сен тәртіпсіздік жасағансың ғой, әйтпесе тектен-тек ұрыса ма» деп өзімізді жазғыратын. Тіпті, жазғы демалыс кездерінде де мұғалімді көргенде тайсалып, алыстан көзіне түспей қашып кетуге тырысып жүретінбіз. Ол кезде мұғалімдердің жалақысы да біршама жоғары болды. Содан болар, олар жақсы киінетін. Біздер, оқушылар әрдайым мұғалімдерге еліктеп, солар сияқты киініп, солар сияқты жүрсек деп армандайтынбыз.

Қазір заман өзгерді, сонымен бірге адамдар да өзгерді. Өткен ғасырдағы Алаш ардақтысы ақын Мағжан Жұмабаев айтқан «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген түсінік жоқ қазір.
Ұстаздардың жалақы деңгейі төмен, содан болар киген киімдері де жұпынылау. Жә, бұның бәрі сыртқы материалдық жағы ғой, ең бастысы ертеректегідей мұғалімді қазір қадірлі мамандық санап, құрмет тұтатын адам да аз. Ақша билеген бүгінгі нарық заманында мектепке ата-анасының қымбат көлігімен баратын, хан сарайындай үлкен кот-
еджде тұратын оқушы мұғалімге шекесінен қарайтын жайлары кездесіп жатады.
Бағасы бас айналдырар қымбат смартфон ұстап, шікірейіп киінген байшыгештердің балаларының ұстазды сыйламақ түгілі, тыңдауы да қиын. Соған шыдамай әлгі балаға қаттырақ ескерту жасаймын деп баладан ұрыс естіп, ол аздай ата-анасынан ғайбат сөз тыңдап мұғалімнің жігері құм болып жататын жайлары да ұшырасады.
Осыдан біраз бұрын әлеуметтік желіде балама тіл тигіздің деп мектепке келіп мұғалімді де, мектеп басшылығын да балағаттап, тіпті жұдырық жұмсаған оқиға туралы видео жұртшылық тарапынан біраз пікір туғызған еді. Мұғалімді адам деп санамай балағаттап, қол көтерген әлгі ер адамның дөрекілігі жұртшылықтың ашу-ызасын туғызған. Таяуда nur.kz сайтында жарияланып, әлеуметтік желіге таратылған Алматы облысының Боралдай елді мекеніндегі мектепте болған оқиға да көпшіліктің түрлі пікіріне азық болды. Биология пәнінің мұғалімі сабақ тыңдамай үйінен әкелген тәттілерін айналасындағыларға көрсетіп сабаққа кедергі жасаған оқушыға ескерту жасап, алдыңғы партаға отырғызады. Соған ызаланған әлгі бала сабақты тастап шығып кетеді. Ол аздай, үйіне барып, шешесіне «мұғалім ұрды» деп шағынады. Соны естіген әйел үлкен қызымен бірге мектепке келіп, мұғалімнің шашынан сүйреп сабайды. Денелі әйелдің жұдырығынан басы айналып құлаған ұстазды әлгі әйел аяу-
сыз соққылаған. Мектеп директоры келіп, әупіріммен ашуға булыққан долы әйелді әзер сабасына түсіреді. Бұл жайды ашық есіктен оқушылар да көреді. Сөйтіп, балалардың көз алдында әлгі әйел ұстазды ұрып-соғып қорлайды.
Міне, бүгінгі мұғалімге деген көзқарас осындай болып тұр. Қазақ «ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Яғни, тәрбие тал бесіктен басталады. Ал, балаға тәрбиені ең алдымен ата-анасы берсе, содан кейін ұстазынан тәлім алмақ. Осы орайда, Елбасы Жолдауында айтылған мұғалім беделін көтеру жайы бүгінгі күні ең өзекті мәселе болып отыр.
Мұғалімнің беделі тек жалақыны өсірумен ғана көтерілмейтіні белгілі. Ең алдымен, ұстазды құрметтеуді барша қоғам болып қолға алған жөн болар еді. Өйткені, бүгінгі миллиардтап табыс табатын кәсіпкер де, биік лауазым иесі, атақты әнші, ақын-жазушылар да – бәрі де ұстаз алдынан тәлім алғанын ұмытпаулары қажет.
Әлгі ұстазды сабаған әйел де бір кезде мектепте оқығаны анық. Ұстаз сыйламаған ондай жанның ертең баласы қандай болып өспек? Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, баланы жақтаймын деп ұстазға тіл тигізген, тіпті қол көтерген адам сол әректі арқылы баласына теріс тәрбие беріп жатқанын, күні ертең ұстазды, үлкенді сыйламай өскен баланың ата-анасын да қаңғыртып тастап кетерін ескерулері қажет-ақ.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев депутаттардың алдында ұстаздардың жалақысын көтеру, түрлі қоғамдық жұмыстарға тегін пайдалануды доғару сияқты мәселелерді көтерген болатын.
Елбасы Жолдауында да мұғалім мәртебесі туралы айтылып, жалақыларын көтеру жайы тілге тиек болғаны тектен тек емес. Ұлы Абай айтқандай: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де, түзел» демекші, ұстазға деген көзқарасты өзгерту қажеттігінің жоғарыдан көтерілуі бұл мәселеге биліктің жете көңіл бөле бастағанын білдіргендей. Дегенмен, барша халық қолдамаса, атқарушы биліктің бұл саладағы жұмыстары жеткіліксіз болып қалары анық. Ұлтымыздың, еліміздің болашағы жарқын болсын десек, ұстаз сыйлап үйренейік, ағайын.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар