Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жәпек батыр - АРҚА АЖАРЫ

Жәпек батыр

Қазақ халқының тарихындағы жат жұрттықтармен күрестің ерлік дәуірі болған Абылай заманының айтулы тұлғалары Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Олжабай сияқты батырлар қатарында есімі зор құрметпен аталуға тиісті батырдың бірі – Шоқан Уәлиханов «әйгілі Құдайберлі-Атығай руының батыры» (знаменитый батыр из рода Қудайберди-Атыгай Жапек батыр) деп әспеттеген Жәпек батыр. Құдайберлі Жәпек батырдың шыққан тегін шежіре бойынша таратар болсақ, шежіре дерегі бойынша арғын тайпасының құрамындағы жеті момынның іргелі руы 12 ата Атығай: Құдайберлі, Бәйімбет, Бағыс, Баба, Ақкиік, Қойлы, Құлансу, Бабасан, Қадір, Елтоқ, Сары, Есентаңырық, Сүйіндікқара деп бөлінеді. Жәпек батыр осы он екі ата ішіндегі жолы үлкен аға баласы саналатын Құдайберліден тарайды.

Құдайберлінің әкесі Есім хан заманында өмір сүрген Қалқаш батыр Сыр бойында дүниеге келген. Құдайберлінің дүниеге келуі туралы әулетімізде маңғыт – Едігенің дүние есігін ашқан оқиғасына ұқсас тарихи аңыз сақталған. Шежіре дерегіне сүйенсек, Атығайдың түп атасы – Дәуіт делінеді және ол Есім хан заманында Бұқар бегі болған деседі [3,50-51]. Қалай болған күннің өзінде атығай-қарауыл рулары ХVII ғасырда және ХVIII ғасырдың бірінші ширегіне дейін Сарыарқаға жайыла қоныстанбаған. Сарыарқаға қарай біртіндеп жылжуы кейінгі уақытқа, жоңғар-қалмақ шапқыншылығының үдеген кезеңіне сәйкес келеді. Белгілі шежіреші, өлкетанушы, ақын Ерейментау өңірінің тумасы, қанжығалы тегінен шыққан Сайлау Байбосын өзінің 2014 жылы басылған «Қанжығалылар» шежірелік кітабында, кейін 2016 жылы шыққан «Есімдері жүрсін деп ел есінде» атты еңбегінде Қанжығалы Бөгенбай батырдың Көлбай деген ағасынан тарайтын, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде мергендер тобын басқарған ақын, шежіреші Молдажан Жадайұлының деректеріне сүйеніп келесі тарихи фактіні келтіреді: «Ақтабан шұбырындыда Сыр бойынан ауған Жеті момын баласының арасына жолшыбай алауыздық кіреді. Жәпек батыр мен қарауыл Қанай би бастаған Атығай-Қарауыл балалары батысқа қарай кетіп, Әбілқайырдың қол астына бармақ болып шешеді. Бұларға Қанжығалының Жетіруы Бозым балалары да қосылады. Бөгенбай батыр бұлардың істерін құптамай, ол жаққа бармаңдар, ар жағында орыс жақын, түбі күні орыстың аяғының астында қаласыңдар, ал, қалмақ өзіміз секілді көшпелі жұрт, түбі күні бір жеңеміз дейді. Бірақ, аналар оған көне қоймайды. Сөйтіп, ел екіге
айырылып, ағайынға сөзін өткізе алмаған Бөгенбай батыр өзіне қараған елмен Сарысудың бойына бұрылып кетеді». Тарихи деректерден оның ішінде Шәкәрім қажы шежіресінде, қала берді «Еңлік-Кебек» поэмасында арғындардың жаңа қонысқа орнығуы айқын, басы ашық тарихи деректермен суреттеледі. Тегінде жалғыз Атығай-Қарауыл ғана емес, Орта жүздің Тобықты мен Бәсентиін, Қанжығалы, Уақ рулары да Мұғалжар таулары мен Торғай, Ырғыз, Обаған өзендері бойларына дейін барып қалғаны осы тұс еді. Жоңғар-қалмақтардан қазақ жерлерін азат қылған заманда қазақ руларының жаңа қоныстарға орналасуы басталды. Бұл турасында Еңлік-Кебекте мынандай жолдар бар:
Момынның жартысы айтқан барамыз деп,
Ата қоныс Шыңғысты аламыз деп.
Атығай-Қарауыл мен Бәсентиін
Көшпепті біз осында қаламыз деп.
Арғы замандардан бері жұбы жазылмай жүрген Жеті момын ішінен шығандап шет жайлап кеткені тобықтылар ғана еді. Алайда, олардың көші-қонының белгісіндей боп тобықтының белгілі әулет басылары болған аталарының есімдері Ырғызбай, Торғай аталғандығы да осы тұс болатын. Соңғы кездері жинақталған деректердің негізінде біз Абылай ханның өзге елге емес, нақты Атығай-Қарауыл ортасына келуі, билеуші ұлыс сұлтаны болып тағайындалуы әлдебір кездейсоқтық жағдай емес, заңды оқиға деген қорытындыға келеміз. Себебі, Арғын ішіндегі осы рулар Есім хан заманынан бері хан ордасының маңайында болып келгендігін шежіре деректері дәлелдейді. Демек, Абылай өзін танитын, бұрынғы аталарына қызмет еткен сенімді адамдардың соңынан келген. Ол келген елінің басты адамдарының қолдайтындығына, қорғайтындығына бек сенімді болған.
Шежіре дерегін беруші, 1924 жылы туған, Қарағанды пединститутының тарих факультетін бітірген менің әкем Мәлік Төлепбергенұлы Жәпек батыр ұрпағы, шежіреші ақсақал Құсайын қарттың шежіре дерегі бойынша Жәпек батырдың жас шамасы Абылаймен құрдас, яғни, 1711 жылға сәйкес келетіндігін айтқан болатын. Сондай-ақ, Жәпек батырдың Ертіс бойындағы қайын жұрты Бәсентиіндерге қайыншылап барған сапарында егде тартқан шағында өз ажалынан қыс мезгілінде дүние салғандығын, денесі сөреге салынып сақталып, көктем туа сол кездегі белгілі адамдарға қатысты салт бойынша Түркістанға апарылып жерленді деген әңгімені әкемнің өз аузынан сонау өткен ғасырдың 70-ші жылдары естуші едік. (М.Төлепбергеновтің Жәпек батыр туралы жазбалары отбасылық жеке архивте сақтаулы). Оның үстіне біз мына бір жайтты да ескергеніміз жөн, Қарауыл Қанай үшін де, Жәпек батыр үшін де Түркістан маңы – Атамекен. Ата-бабаларының ескі қорымдары да сонда. Олар Арқаға келген бірінші ұрпақ. Сол себепті де, қайтыс болған белгілі адамдарын көпке дейін қасиетті Атамекенге апарып қойып келсе керек.
Құдайберлі Жәпек батыр екі әйел алған. Бәйбішесінен жалғыз ұлы – Қарасай батыр туған. Қарасайдан және Жәпек батырдың Манан деген інісінен тараған ұрпақтары негізінен, Айыртау ауданының Қоскөл және Раисовка ауылдарында тұрып келді. Қоскөлдегі Қарасай ұрпағынан шыққан ең атақты тұлға белгілі жазушы-драматург Шахмет Құсайынов. Жәпек батыр шежіресі Шахмет атамыздың баласы Көбей ағамызда да сақталуға тиісті.
Жәпек батырдың екінші әйелі – Кежек атақты Бәсентиін Малайсары батырдың шежіре дерегі бойынша яки қарындасы, яки қызы. Малайсарының өзі Жоңғар хандығының негізін қалаушы Батур қоңтайжының туған інісі және басты саяси бақталасы Күнделен тайшыдан туған, яғни, жоңғар билеуші әулиетіне туған жиен. Күнделен тайшының тағы бір қызы Жәңгір ханға ұзатылып, одан Тәуке хан туады. Демек, Малайсары Тәуке ханның өзіне бөле болып келеді. Бір өзі қазақ пен жоңғардың билеуші әулеттеріне тура қатысы бар адам болып шығады. Тархан атағын Ресей Шақшақ Жәнібекке беріп, оны өздерінің қазақ ордасына ықпалын нығайтуға пайдаланса, жоңғардың Ұлы билеушісі Қалдан-Серен өз жиені Малайсарыға тархан атағын беріп, оны өзінің қазақ билеушілеріне ықпал етуші тұлға ретінде қарастырды. Бұл оның кейінгі өрбіген оқиғалар уақытында қазақ-жоңғар қатынастарындағы саяси салмағы мен орнын айқындап берді. Міне, осындай белгілі тұлға әулиетіне Жәпек батырдың күйеу болуы оның және оның балаларының саяси статусының қазақ пен жоңғар жұрты алдында жоғарылауына себеп болған. Кежектен бес бала туады олар: Сейтен, Жауқай, Жортушы, Жарты, Сарықазақ.
Абылай сұлтанның атақ-даңқы артып тұрған уақытта кенеттен 1741 жылы Ертістегі орыс бекіністері бойынан Орта жүз иеліктеріне жоңғарлардың баса-көктеп кіруі қазақ тарихындағы «екінші ақтабан шұбырындыға» ұласып, оның зардаптары аса ауыр болды. Белгілі Ресей тарихшысы В.Моисеев Ертіс бойынан Септен қолбасшы бастаған жоңғардың 30 мыңдық әскері үш оперативті топ болып басып кіріп, Абылай оған қарсы 600-дей жауынгерімен жанкештілікпен қарсы тұрғанда Жәпек батырды осы қорғаныс шайқастарындағы қолбасшылардың бірі ретінде атайды. Абылай дәуірін зерттеуші белгілі ғалым, профессор Қадіржан Қабиденұлы өзінің «Абылай хан замандастары және ұрпақтары» монографиялық еңбегінде ол эпизод турасында келесі деректі келтіреді: «Ақырғы қақтығыста 100-дей жауынгерімен қалған Абылай қапыда қоршауға түсіп, небары 35 адамымен тұтқынға алынады. Осы шайқаста ептілігімен, ерлігімен Жәпек батырдың кенже ұлы Сарықазақ ерекше көзге түседі. Ол турасында Ш.Уәлиханов өзінің «ХVIII ғасырдағы қазақ батырлары туралы тарихи аңыздар» еңбегінде арнайы тоқталып өтеді. Жәпек батыр ұрпақтары Абылай ханның мұрагері Уәли ханды белсенді қолдаушылардың қатарында болғандығын келесі орыс-қазақ қатынастары жинағынан алынған деректер растайды. Бұл Уәли ханның императрица Екатерина II-ге жазған хаты.
«Әкеміз Абылайдың тұсында менің мына інілерім мен ел ағалары патша ағзамның сарайына шын ниетімен қызмет етті. Атап айтқанда, олар: сұлтандар Шыңғыс, Рүстем, Жиқангер, Шығай, Тоғым, Қасым мен Байыр, ел ағалары Дәуітбай тархан, Бәйжігіт тархан, Жанғи баһадүр, Бекболат би, Бекше би, Нұрқабек, Түлек, Сейтен, Хош, Оразхан, Сарықазақ, Отаршы, Дат баһадүр, Тәуекел молда, Құлыбек, Бабеке, Баубек, Шауқан, Байтоқа, Тоқ баһадүр, Алыпқара мен Пәшен. Осыларды мейіріміңізден тыс қалдырмаңыз. Осы аты аталған ел ағаларының ішіндегі екі адам Сейтен мен Сарықазақ Жәпек батырдың ұлдары.
Жәпек батырдың бар ғұмыры жорық жолында өткен. Абылайға Алаш баласына қиын күндерде сенімді серік, жолдас болған Құдайберлі Жәпек туралы деректер көрші Ресей және Қытай елдерінің архивтік құжаттарында қордаланып жатыр. Мәселен, қытай деректерінде Япек, «Атығайдың мың шаңырағының басшысы деп көрсетілген», орыс деректерінде – Джапек деп аталынған.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1741 жылы «екінші ақтабан шұбырынды» кезінде Абылай ханмен бірге жоңғар қоңтайшысы Қалдан-Серенде тұтқында болған кезінде өзінің ақыл-парасатымен Абылай ханның үлкен ризашылығына ілінген. Абылай өзіне ерекше еңбегі сіңген адам ретінде Жәпек батырды ерекше атап өтеді. Шоқанның жазғанындай, Шарыштың шешесіне қауіптенген Қалдан Абылай хан мен оның серігі Жәпек батырды тұтқыннан босатады. Жоңғар қоңтайшысы аманат ретінде қалмақтың билеуші әулетіне жиеншар болып келетін Жәпек батырдың ұлы Сарықазақты аманатқа қалдыруында үлкен саяси мағына бар деуге болады. Қазақ пен жоңғар арасында елшілікке Ақшора бимен қатар жүрген Малайсары болып, ақыры тұтқындағы Абылай жоңғар билеушісінің одақтасы болып зор марапатпен 1743 жылдың көктемінде елге оралды. Бұл оқиға Ресей жағын қатты алаңдатқаны Ресей тарихнамасында жан-жақты баяндалған. Ресей тарапының ара ағайындық қызметін өз мойнына алған Шақшақ Жәнібек тархан 1742 жылы К.Миллердің Қалдан-Серен Ордасына барған елшілігіне жолбасшы қылып өзінің інісі Байқұлақ батырды қосады, алайда, К.Миллердің елшілігі түк бітірмей кері қайтады, Байқұлақ болса азаппен өлтіріледі. Есесіне Малайсары тарханның тасы өрге домалап, екі далалық билеушіні ымыраластыруға қол жеткізіледі. Абылай жоңғар шабуылы кезінде қол үшін бермеген Ресейден гөрі өз жауымен тіл табысқанды жөн көрді.
Жоңғардың Ұлы қоңтайшысының 1745 жылғы кенеттен болған қазасынан кейін жоңғар ордасында билік үшін қиян-кескі күрес басталғанда Абылай хан өзінің елшілік жолымен жеткен табыс-
тарын баянды ету мақсатында сол жылы Түркістанға үлкен жорыққа аттанғанда әскер үш тараптан жауға шабуылдады. Хан әскерін қарадан шыққан қолбасшысы Жәпек батыр басқарды. Абылайдың қазақ жерлерін азат ету жолындағы онан әрі жалғасқан ең ірі, ұзаққа созылған соғыстың бірі Шаған соғысы. Осы шайқас кезінде Жәпек батыр жоңғар ноянын жекпе-жекте өлтірген. Ерлігіне риза болған Абылай жоңғар ноянының қызы Шағанды әйелдікке берген. «Жәпек-Шаған» оқиғасының желісімен Иранғайып ақын 2002 жылы «Жәпек-Шаған»
поэмасын әрі драмалық шығармасын жазды. Ол «Жұлдыз» журналында жарыққа шықты. Жоңғария 1756-1758 жылдары ішкі саяси тартыс пен Қытай тарапының экспансиясы салдарынан күйретілген соң Циндік Қытай «жоңғар мұрасын» толық иелену және қазақтарды да бағындыру мақсатымен Қазақстан шекарасына «Ұлы армияны» аттандырғаны мәлім. Абылай хан үш жүзге сауын айтып, 1758 жылы өзі шақырған әскери кеңесте Малайсарымен бірге Циндік Қытайға әскери тойтарыс беру керек деген пікірді қолдады. Бұл шешімнің дұрыс болғандығын кейін тарих толық дәлелдеп шықты.
Жәпек батырдың негізгі қонысы әуелгі кезде қазіргі Қызылжар қаласы орналасқан жер болса, онан соң Есілдің бір саласы Иманборлық өзені бойына ығыса қоныстануға мәжбүр болды. Жәпек батырдың ерлігін жырлаған ақын-жыраулар Бұхар жырау, Шал Құлекеұлы.
Атығайдан шыққан Шал ақын (Тілеуке) өзінің бір өлеңінде әкесі Құлекенің және сол кезеңдегі Арғынның Атығай руынан шыққан атақты батырлардың кімдер болғанын былайша жырлайды:
Құдай жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жақсы бар болса бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен,
Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт!
Жәпек есімі Абылай ханға байланысты алғаш шежіре дерегінде Абылайдың елге алғаш танылуы оқиғасына орай кездеседі: «Майдан даласында қалмақтың Шарыш деген батыры қазақтың екі батырын бірінен соң бірін өлтіріп, қазақ дағдарып тұр екен. Абылай астында тұлпары, қолында қылышы бар, келе қалмаққа қарсы шауып, Шарышты аттан сұлатып түсіреді. Сол жерде Атығай Жәпек батыр бар екен, Абылайдың астына ақ киіз төсеп қарсы алады». Құдайберлі-Атығай Жәпек батырға қатысты екінші елеулі шежіре дерегі: «Қалмақ ханы Қалдан-Серен қапысын тауып, Абылай ханды қолға түсіргенде Атығай руынан шыққан Жәпек батыр да бірге тұтқындалыпты. Абылай ханның қолға түскенін естісімен Қалдан-Серен оны өзінің хан шатырына алып келуді әмір етеді. Жанында Жәпек батыр бар Абылай шатырға кіргенде Қалдан-Серен жолбарыс терісін жапқан алтын тақта отыр екен дейді. Кекке булығып жүрген қалмақ ханы Абылайды көрген бетте көзі шатынап, қаны басына теуіп: «Шарышымды өлтірген сенбісің?!» – деп ақырса керек. Біреудің алдында түрегеп тұрып жауап беруді ар санаған Абылай хан үнсіз қалады. Сол кезде Жәпек батыр: «Қалдан қалмақтың ханы болса, сен қазақтың ханысың, Абылай! Төмендеме, хан ием, менің үстіме отыр!», – деп Абылайдың алдына тізерлей етпеттеп жата кетіп еді дейді. Сонда ғана өзін ашуға жеңдіріп отырғанын сезген Қалдан-Серен нөкерлеріне қарап иек қағады. Нөкерлері дереу төрге күлте жал жарғақ бөстек төсейді. Абылай хан бөстекке тізе бүгіп жайғасқан соң, еңсесін тіктеп: «Шарышты ұзында өшім, қысқада кегім болған соң өлтіргенім жоқ. Мен халқымның айтқанын орындаушы ғанамын» дейді. Міне, бұрынғыдан қалған кәрі құлақтардың сөзі осы. (Дерек берушілер Ахмет Әбдікұлы (1881-1976), даңғайыр шежіреші, Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы; Мұсатай Ғалым. Алтынның сынығы. – Қарағанды, 2004. 157-170-беттер). Кейін осы деректі елімізге танымал тарихшы
Жамбыл Артықбаев «Халық тарих толқынында» еңбегінде пайдаланды.
Қытай дерегінде Жәпек батыр мың үй Атығайдың басшысы деп көрсетілген. Көкшетаулық ақын Төлеген Қажыбаевтың «Жәпек батыр» поэмасында Жәпек батыр тарихи-әдеби кейіпкер ретінде аталады. Қарасай батырдан тараған атақты ұрпағы – жазушы-драматург Ш.Құсайынов. Өзге ұрпақтары қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы
аудандарын және Көкшетау қаласын мекендейді.
Аудан орталығы Саумалкөл кентінің бір көшесіне батыр есімі берілген. Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласындағы бір көшеге батыр есімін беру туралы бір топ азаматтардың өтініші бүгінгі күнге дейін жауапсыз қалып келеді. Тәуелсіздігімізді алып, өз қолымыз өз аузымызға жетті деп жүргенде қала көшелері мен елді мекендерге осындай ерлердің есімі берілмегенде, кімнің есімі берілуге тиісті?!

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар