Биыл «Ақмола облысының орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына бес жыл. Осы уақыт ішінде қауым мүшелері ұлттар арасындағы достық қарым-қатынастың нығаюына, елімізде бірліктің беки түсуіне барынша үлес қосып келеді. Осы орайда, біз ұйымның атқарған игі істері, алдағы жоспарлары жайлы білу мақсатында бірлестік төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Александр Артеменкомен сұхбаттасып қайтқан едік.
– Александр Александрович, өткен жылы «Қазақстанның орыс қауымы» республикалық қоғамдық бірлестігіне төраға етіп сайланғаныңызды білеміз. Бұл біздің облысымыз үшін үлкен мәртебе. Осы ұйымға қатысты алда қандай жоспарларыңыз бар? Осы жөнінде кеңінен тарқатып айтып берсеңіз.
– Орыс қауымының еліміз бойынша он алты филиалы бар. Өткен жылы Алматы қаласында әр облыстан 170-тен астам делегаттың басын қосқан ауқымды конференция ұйымдастырылған болатын. Сол жиында Ақмола облысы орыс қауымының жұмысына үздік деген баға берілді. Осы жетістігіміз де себеп болған шығар, конференцияға жиналғандар бірауыздан мені республикалық бірлестікке төраға етіп сайлады. Бұл мен үшін үлкен сенім мен құрмет деп білемін. Қазіргі таңда бірлестікті қалай дамытса болады, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайта түсу үшін нендей шараларды атқаруға тиіспіз деген сауалдар төңірегінде ұйымдастырушылық жұмыспен айналысып жатырмын.
Әр облыстардағы бірлестіктер барлығы «Орыс қоғамы» деген бір атаумен аталса да, бір-бірімізден үйренеріміз, бөлісер тәжірибеміз көп. Мәселен, бірлестігіміздің Петропавл қаласындағы филиалы жанында халық аспаптар ансамблі жұмыс істейтінін, тағы бірнеше облыста қолөнерге, ағаштан бұйым жасауға үйрететін үйірмелер барын білдік. Барлық облыстарда орыс қоғамдары дәстүрлі славян мейрамдарын және де міндетті түрде мемлекеттік мерекелерді атап өтеді.
– Осы орайда «Ақмола облысының орыс қауымы» қоғамдық бірлестігінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы тоқталып өтсеңіз.
– Біздің облыста орыс қауымының құрылғанына биыл бесінші жыл. Осы жылдар ішінде қоғамдық бірлестікке өзім төрағалық етіп келемін. Басты мақсатымыз орыс халқының дәстүрі мен мәдениетінің сақталуына жағдай жасау, көпшілікке насихаттау, жастардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып тәрбиелеу.
Бүгінгі таңда бірлестіктің құрамында 500-ге тарта мүшесі бар. «Русская песня» халықтық хоры, «Әжесінің немерелері» ансамблі, құрамына облыстық орыс драма театрының әртістері кіретін театр студиясы жұмыс істейді. Биыл ауқымды іс-шара ұйымдастырып, одан түскен қаржыны облыс орталығында салынып жатқан шіркеу құрылысына көмек ретінде бермекшіміз.
Осы орайда, жастарға Отанды, оның халқын бәрінен де жоғары бағалап, құрметте дегім келеді. Себебі, қазақстандық менталитеттің ешбір елде теңдесі жоқ. 130-дан астам ұлт өкілдері егемен елде береке-бірлікте өмір сүріп жатырмыз. Былайша айтқанда, осы бір көрініс маған түрлі-түсті гүлдермен өрнектелген әдемі картинаны еске салады. Гүл көп болған сайын, ол картина да ажарлана түседі емес пе? Біздің еліміз де солай. Бір шаңырақтың астына сан түрлі этностарды жинаған Қазақстанымыз күллі әлемге өзін бейбітсүйгіш мемлекет ретінде паш етті. Ондай елге қарап бой түзеу де, саясатынан үлгі алу да үлкен бір жақсылықтың бастауы деп ойлаймын. Біз өзге ұлттың өкілдері болсақ та, бәріміз – қазақстандықтармыз.
Біз отырған осы ғимараттың Достық үйі деп аталуы тегін емес. Барлық этномәдени бірлестіктердің басы бір жерде жиналып, ұлттық мейрамдарымызды бірге атап өтеміз. Мемлекеттік мерекелердің де шашбауын бірге көтереміз. Достықтың жарқын үлгісі міне, осы деп білемін. Бір-бірімізбен араласқан сайын біз рухани байи түсеміз. Ең бастысы, арамыздағы бірлікті ары қарай да сақтап қалуымыз керек. Бірліксіз тірлік болмайтынын жақсы түсінеміз.
– Жерлестеріңізге көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін мерекелер қарсаңында айтар тілегіңіз бар шығар.
– Әрине. Осымен бірнеше жыл қатарынан қазақстандықтар жанға жылу сыйлайтын, адамды ізгілікке бастайтын ерекше мереке Алғыс айту күнін атап өтуде. Наурыз айымен бірге келетін тағы бір үлкен мейрамымыз – Ұлыстың ұлы күні. Барша жерлестеріме денсаулық, бақыт, көктемнің шуақты күніндей жайдары көңі-күй тілеймін. Тағы бір өтініп сұрайтыным, қашанда тек жақсылық туралы айтайықшы?! Интернетті ашып қалсақ, біздің береке-бірлігімізді көре алмай жүрген өзгелердің елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың терістігі жайлы өтірік әңгімелері алдымыздан шығады. Оларға сенудің қажеті жоқ.
Өз басым жұмыс бабымен шетелдерге көп шығамын. Жасырмаймын, Еуропаға алғаш рет барғанымда елге сондай таңқаларлық сезіммен оралдым. Тіпті, Еуропаға көшсем бе деген ойым да болды. Алайда, бір емес, бірнеше рет шетел асқанымда ондағы адамдардың менталитеті бізге мүлде ұқсамайтынын, шетелде Қазақстандағыдай қонақжайлылық жоқ екенін ұғынып, бұл ойымның қате екенін, өз Отанымнан асып басқа ешбір мемлекетте бақытты бола алмайтынымды түсіндім.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.