Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Есенберлин әлемі - АРҚА АЖАРЫ

Есенберлин әлемі

Жазушы Ілияс Есенберлиннің өмірі Ұлы Отан соғысы, саяси қуғын-сүргін кезеңімен тұспа-тұс келді. Жастайынан ілім-білімге құмар ол сондай қиын дәуірде жақсы білім алып, қиындықпен күресе жүре қызметте де, шығармашылықта да көп жетістіктерге қол жеткізді. Отан соғысында жараланып, жарақатына орай елге қайтарылған Ілияс Есенберлин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында нұсқаушы болып жұмыс істейді. Бірақ, 1950-ші жылдардың басында оған қарсы билік қылмыстық іс қозғайды.

Оның әйелі 1930-шы жылдардың соңында әділет халық комиссары қызметін атқарған Хамза Жүсіпбековтың қызы – Диляра болғаны үшін жазықсыз қудалауға ұшырады. Хамза Жүсіпбеков көрнекті кеңестік және партия қайраткері, белгілі жазушы, Сәкен Сейфуллиннің жерлесі, тұңғыш халық комиссары, Қазақ өлкелік партия комитетінің хатшысы, Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің төрағасы, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романының алғашқы аудармашысы болған еді. Ол көркем әдебиет баспасының төрағасы да болған. Бір деректерде Хамза Жүсіпбеков 1938 жылы 26 ақпанда І. Жансүгіров, Б. Майлинмен бірге атылды десе, басқа деректерде Х.Жүсіпбеков пен С.Сейфуллинді түрмені күзетуші иттерге талатып өлтірген деген мәліметтер келтіріледі.
Ілияс қамауға алынғанға дейін әйелінің шешесі Жүсіпбекова Рәбиғаны Алжир лагерінен босатып алған еді. Жансыздар бұл жағдайды НКВД қызметкерлеріне жеткізеді. Мұрағатта сақталған әлгі жансыздардың НКВД-ға жолдаған домалақ арызында: «Есенберлин халық жауын қамқорлыққа алды. Ол «халық жауының» қызына үйленіп қана қоймай, Кеңес өкіметінің қас дұшпанының әйелін үйіне паналатып отыр. Мұндай адам Орталық Комитетте де және большевиктер партиясында да жұмыс істеуге құқы жоқ», – делінген.
Көп ұзамай сот оған он жыл жер аударуға үкім шығарып, Қарақұм су арнасы құрылысына жібереді. Ауыр және жан төзгісіз жұмыстан кейін мұнда адам өлімі көп болатын. Лагерьде ол өз мамандығына сай тау-кен инженері міндетін атқарып, жару жұмыстарымен айналысады. Аса «қажетті» азаматтың мамандығы және соғысқа қатысуы сол жылдардағы жан төзгісіз лагерьдің ауыр жағдайынан тірі қалуына септігін тигізген еді.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін басталған саяси жылымықтан соң Ілияс лагерьден босап шықты. Ол үйге бармастан, ең алдымен сол кездегі үкімет басшысы, бұрыннан таныс болған Д.Қонаевқа кіреді. Қонаев лагерьден шыққан танысын жатырқамай қарсы алып, жолына қаражат береді және «Мәскеуге барып партияға қайта кір» деп ақыл айтады. Д.Қонаевтың кеңесі бойынша ол Мәскеуде бірнеше айын өткізеді. Партияға кіруі республикадан қарағанда, КСРО астанасында әлдеқайда оңай, әрі тезірек болады. Солай болатынын Қазақстан басшысы да жақсы білген еді.
Көп ұзамай ол партиядағы қызметін қалыпқа келтірді. Бұл дегеніміз іс жүзінде толық ақталуды білдіретін. Өзінің еңбек жолын республиканың Геология министрлігі жүйесінде, тіпті бір уақыттарда Берсүгір шахтасының басқарма бастығы болып қызмет істеді. 1958 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясының редакторы, ал, 1962 жылдан бастап Казгослитиздаттың редакторы қызметін атқарды. 1967 жылдан «Жазушы» баспасының директоры және республикалық Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды.
1975 жылдан бастап Ілияс Есенберлин өмірін толықтай шығармашылыққа арнайды. Ол ерте кезден-ақ «Айша» және «Сұлтан» поэмаларын жазған, сондай-ақ, «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағын шығарған ақын ретінде танылған еді. 1957 жылы «Адам туралы повесть», «Өзен жағасында» сияқты прозалық шығармаларын жазып, басқа жанрға ауысады. 1966 жылы инженерлердің ауыр жұмысын баяндайтын «Айқас» романы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. Содан кейін «Қатерлі өткел», «Ғашықтар» атты туындылары жарияланды.
Ілияс талантты аудармашы ретінде де танымал болды. Соның ішінде белгілі педагог К.Д.Ушинскийдің бірқатар еңбектерін аударды. Атақты жазушының жұмыс істеу қабілеті қайран қаларлықтай өте жоғары болған: кейде ол тәулігіне 10-12 сағат жұмыс істейтін. Алдымен қолмен жазып, содан кейін машинкада басатын. Олар бірнеше мәрте түзетіліп, қайта басылатын. 19 жыл ішінде 19 роман жазған қаламгер «Көшпенділер» және «Алтын Орда» атты екі үлкен трилогияны дүниеге әкелді.
Ілияс Есенберлиннің атын әлемге танытқан оның тарихи романдары болған еді. Сол уақытта қоғамда өз халқының тарихын тануға деген үлкен қажеттілік пен сұраныс болып жатты. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, С.Асфендияров, Қ.Кемеңгеров және Е.Бекмахановтың бұрынғы тарихи еңбектері өз кезінде шағын тиражбен ғана шығатын. Бірақ, бұл еңбектер «авторлардың саяси сенімсіздігі» үшін, оқуға қатаң тыйым салынып келген. Қоғамның бұл сұранысын қанағаттандырған, Отанының нағыз ұлтжанды тұлғасы, қазақ фольклорын жинаушы, архив құжаттарының білгірі талантты жазушы І.Есенберлин болатын.
«Хан Кене» (1969), «Алмас қылыш» (1971), «Торығу» (1973) романдарын жариялағаннан кейін оның есімі жалпақ жұртқа мәлім бола бастады. Осылардың барлығы атақты «Көшпенділер» трилогиясын құрады. Бастапқы кезде трилогиясының атауы «Көшпенділер» емес, «Ақ Орда» болған. Ол уақытта «ақ» деген сөзді қолданудың өзі қиын болатын, өйткені, «ақтар қозғалысы» Азамат соғысын еске салатын. Сондықтан да, автор трилогияның атын «Көшпенділер» деп ауыстыруға мәжбүр болды.
Алғашқы «Хан Кене» романы шыққаннан кейін 3-4 жыл шамасында-ақ отандық жазушы-романистер арасында ең көп оқылатын авторға айналды. Қазақтың атақты кәсіби тарихшылары жасай алмаған істі І.Есенберлин жасады. 1950 жылдардың басында Кенесары хан туралы жазған еңбегі үшін қазақтан шыққан тұңғыш тарих ғылымдарының докторы Е.Бекмаханов қуғын-сүргінге ұшыраған болатын. Ұлттық тарихты зерделеуге қазақ әдебиеті арқылы талпыныс жасаған қазақ зиялыларының ішінде мысалы, атақты жазушы М.Әуезов те бар. Кәсіби тарихшы Б.Сүлейменов те лагерьде болып шықты. Әлбетте, сол уақытта қазақтың көп ғасырлық тарихын ашық түрде жазуға кәсіби тарихшылар мен атақты жазушылардың ешқайсы да қадам жасай алмайтын. Сондықтан, Ілиястың бұл қадамын азаматтық ерлікке балауға болады. І.Есенберлин кейінірек атақты «Көшпенділер» трилогиясы туралы былай деп толғанды: «Мен 1945 жылы «Көшпенділер» трилогиясын жазуды ойладым. 1960 жылы үш романды жазуға кірісіп кеттім. Бұл ұзаққа созылған дайындықтың себебі жәй ғана тарихи материал: шыдамдылық пен асқан ұқыптылықты қажет етеді».
Трилогияда Қазақ хандығы пайда болған уақыттан бастап «бүлікшіл сұлтан» Кенесары хан көтерілісіне дейінгі аралықтағы Ұлы Даладағы маңызды тарихи оқиғалар суреттеліп, аса күрделі саяси ахуалдар қамтылады. Оны жазу барысында сол уақыттағы қолда бар ғылыми еңбектерді, қазақтың ауызша шығармашылығын, архив деректерін проза арқылы беріп, 400 жылдық аралықтағы тарихи оқиғалардың рухын қалың оқырманға жеткізе алған. Айтпақшы, жанама мәліметтер бойынша, І.Есенберлин Қазақ хандығының құрылуы мен өмір сүруі туралы тың деректерді жинау мен реттеу туралы «тапсырманы» республиканың бірінші басшысынан алған екен. Жазушы ресейлік және отандық архивтерден сирек материалдарды «түйірлеп» «тамшылап» жинаған. Ондаған жылдар бойы ұлттың ауызша шығармашылығын егжей-тегжейлі, асқан ұқыптылықпен жазып жүрген дәптерінің пайдасы тиді. Сонау бала күнінде әйтеуір бір қазақ тарихы туралы жазамын деген өзіне-өзі сөз беріп еді, соны орындайды. Әйгілі академик Ә.Марғұлан көрсеткендей: «Романда қазақ халқының тарихы оқшауланып емес, тұтас бір тарихи үдерістің заңды бөлшегі ретінде суреттеледі».
Кітаптың кеңінен таралуы соншалықты, оны әртүрлі аудитория оқыды: зиялы қауым да, қарапайым жұмысшы да, ауыл тұрғыны да, оның ішінде шопан да бар, сол кездегі кеңестік Қазақстанның ең көп оқырманының бірі болған. Бұл туралы О.Сүлейменов өте тамаша жазады: «Менің әлі есімде біздің уақытымызда бір пысықай жазушы «Хан Кене» үшін шопаннан қой алғаны. Өз кезінде бұл дұрыс баға саналды. Ал, қазір өте сәнді мұңбасы бар кітап үшін бір қозы беретін шопан табылады деп ойламаймын да». Әрбір оқырман мұнда өзіне бала күнінен таныс ауызша тарихтың бір үзігін кездестіреді. Дегенмен де, 400 жылға жуық тарихи оқиғаларға шынайы жақын келетін барлық тарихи әңгімелерді, аңыздарды, дастандарды, айтыстарды архив және жазба деректермен күшейте отырып, бәрін бірге жинақтау тек Ілияс Есенберлиннің қолынан келген еді. «Көшпенділер» романы, алғаш рет 1976 жылы трилогия болып шығып, кейіннен тек орыс тілінде 12 рет жалпы таралуы 1,5 миллион данамен қайта бастырылды.
Әрине, өндіріп жазатын жазушы «Көшпенділерге» дейін де, кейін де көптеген шығармалар жазды, бірақ бұл трилогия тек қана біздің республикамыздың ғана емес, шетелдік сан миллиондаған азаматтарының ақылы мен сана-сезіміне барынша күшті ықпал етті.
Оқырмандардың үлкен қызығушылығын туғызған «Алтыбасты айдаһар», «Айдаһардың өлімі» романдарынан құралған «Алтын орда» трилогиясында қазақ ұлтының арғы тарихы баяндалады.
Жастар бұл еңбекке үлкен қызығушылық танытты. Әрбір қазақтың үйінде «Көшпенділердің» болуы шарт еді. Халық бұл еңбекті қолдан-қолға өткізіп оқыды. Трилогияны республикадан тысқары жерлерде де, Ресейде, Өзбекстанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда жұрт сүйіп оқыды. І.Есенберлиннің бұл еңбегі әлемнің 30 тіліне, соның ішінде ағылшын, араб, түрік, қытай, жапон тілдеріне аударылып, 9 миллион дана болып шығарылған.
Дүниеден өтерден біраз бұрын І.Есенберлин былай деп жазды: «Неліктен мен тарихқа өте көңіл бөлетін болдым? Мүмкін маған өмір қызықсыз болып кеткен болар? Жоқ, тіпті де олай емес! Мен қазір өткенге жиі ораламын. Қазір ойларым түпсіз тұңғиыққа кетіп, қызығушылығым күннен-күнге артып барады. Ағаш өскен сайын тамыры жерге терең бойлай береді. Адам да сол тәрізді. Болашақ туралы көп ойланған сайын, өткені туралы көп білгісі келеді екен».
І. Есенберлиннің романдары халықтың ұлттық сана-сезімінің оянуына түрткі болды. Оның шығармасын оқып өскен жастар туған жерлері Ақмола өңіріне неміс автономиясын құруға қарсы ашық қарсылық білдірген болатын. Алматыдағы желтоқсан көтерілісінің қаһармандары – «Көшпенділер» трилогиясының рухында тәрбиеленген жастар еді.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
Ш. Уәлиханов атындағы тарих және
этнология институтының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар