Мен бүгін сөз қозғағалы отырған тәлімгер тәрбиеші, жаңашыл әдіскер туралы да осыны айтуымызға болады. Ол кейіпкерімнің аты-жөні Нұрбике Сәкенқызы Сатыбалдина. Тамаша педагог, абзал жан. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне нағыз сұранып тұрған кейіпкерлердің бірі.
Нұрбике Сәкенқызы кезінде «Көкше» академиясының жанындағы колледждің мектеп жасына дейінгі білім беру және оқыту бөлімшесін бітірді. Сол бетпен тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек жолын бастады. Бұл – оның бала жүрегіне жол таба білуді керек ететін нәзік те күрделі мамандықтың қыр-сырын үйрене түсуіне мүмкіндік берді. Кейін өз қызметіндегі алғашқы еңбек баспалдағына қол жеткізіп, тәрбиеші болды. Көрген-түйгенін, ізденіспен бойына, ойына дарытқанын күнделікті жұмысында ретімен қолданып, балғындар жан дүниесіне сіңіруге ұмтылды. Ол талабы жеміссіз де болмай, бертін «Нұрай» бала бақшасының «Өнер» деп аталатын үлкен балалар тобына тәрбиеші және әдіскер-инноватор болып жұмысқа кірісті. Баламен жұмыс істеуді білетін адамдар ешқашан мұны оңай деп айта алмас еді. Қайдан жеңіл болсын. Тобыңда кемі он бес-жиырма бала. Әр бүлдіршіннің өз отбасында қалыптасқан мінез-құлқы, дағдысы мен еркелігі бар. Жан-жақтан «апай, апай» деп жамырай сөйлей жөнелгеннің өзінде кейбір жас тәрбиешілер абдырап, не істерлерін білмей сасып қалады. Бәріне уақыт, тәжірибе, жылдармен еңсерілетін бейім-білік керек. Бұл жағы қазір осы балғындармен заман талабына сай беріле, іздене жұмыс істейтін Нұрбике Сәкенқызында молынан бар.
Бала ұғымы әр нәрсені, жақсы-жаманды тез қабылдайтын осы кезден бастап жүректеріне Отан, ел, ата-ана сияқты қасиетті сөздердің ұшқынын ұялатуға, тылсымын себездеп сіңіруге көп мән берумен келеді. Оны әріптесіміз Нұрбикенің тобындағы бүлдіршіндердің бала бақша тәрбиеленушісі ретінде айдан-айға, жылдан-жылға ой-өрістерінің де, қаз басқан қадамдарының да біртіндеп бүршік жарып, алғашқы жемістерімен қуанта түсулерінен қапысыз байқауымызға болады. Айталық, осы топтағы Ева есімді бүлдіршін Көкшетау қалалық «Мисс ханша-йым», «Мисс әлемі» конкурстарында жұлдызы жанып, қатарынан екі мәрте үшінші жүлделі орыннан көрінді.
Жалпы, Нұрбикенің бойындағы тағы басқа да жақсы қасиеттер туралы айтатын болсақ, соның бірі – адамдарға деген қайырымдылығы, әрқашанда қол ұшын беруге әзір тұратындығы. Біздің кейіпкеріміз тәлімді тәрбиеші, педагог-инноватор ретінде жұмыс істейтіндіктен, еңбек тәжірибесінен өтуге келген жастарды да ұдайы өз қамқорлығына алып, бас-көз бола жүреді. Ал, сол тәжірибеден өткен жастар кетерінде Нұрбике Сәкенқызына алғысын ғана айтып қоймай, қимай қоштасатын жайлар жиі болып жатады. Мәселен, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің үшінші курс оқушысы Дана есімді қыз өз күнделігінде «Менің тәлімгерім болып бекітілген Нұрбике апай осы бала бақшада өткізген күндерімде менің екінші анам, құрбым сияқты болып кетті. Ол кісінің ақылды сөздері үнемі өзіммен бірге жүреді ғой деп ойлаймын. «Тәрбиеші өз мамандығының қадір-қасиетін барынша сергек сезінуі керек. Өйткені, ол қоғамымыздың болашағы – балалармен жұмыс істейді». Міне, апайдың осы бір айтқаны бізге, ертеңгі тәрбиеші-педагогтарға бағыт-бағдар сияқты» деп жазып қойыпты.
Бұл да болса, ұстаз ұлағатының бір қыры. Бала бақшадағы Нұрбике әріптесіміз өткізген әрбір мерекелік шара, ертеңгіліктер, викториналар мен іскер ойындар жалғыз бүлдіршіндер үшін ғана емес, ата-аналар, педагогтар мен тәрбиешілер үшін де мазмұндылығымен, өзіндік мән-мағынасымен ерекшеленетінін талай көзіміз көріп жүр. Баратын бала бақшасы осылайша көңілінен шықса, өзіне ұнаса, бала да әр күні оның табалдырығын қуанышпен аттауға құштар. Осында бүлдіршінін әкелетін ата-аналардың бірі Левадия Асанова дәл осылай қызының таңертең ұйқысынан көңілді оянып, бала бақшаға асығып тұратындығын айтады. Басқаша болуы мүмкін емес. Мұнда шынында да баланы өмірдің бар жақсылығына үйретеді. Әрі тәрбиеленушілерді жалықтырмай, осының ебін, жолын тауып, қызықтыра отырып, ілгері жетелейді. Осы бір ұлтымызға, ұрпағымызға керекті игі істе басты тұлғалар – біздің Нұрбике Сәкенқызы сияқты бала жанын түсінетін білікті ұстаздар екендігі даусыз. Бұл орайда, абырой биігінен көрінген әріптестері жөнінде бір-бірімен иық түйістіре, қатар еңбек етіп жүрген қызметтестері де жақсы пікірде. Нұрбике Сәкенқызы мейірімді, еңбекқор адам. Әсіресе, балаларды жанындай жақсы көреді. Солар үшін үнемі жаңа бір нәрсені ойлап тауып, мерекелік шаралар ғана емес, жай күндердің өзін қызғылықты ортаға айналдырады. Әрине, мұндай еңбектің ескерусіз қалмайтыны тағы белгілі. Солай демекші, Нұрбике Сәкенқызы да бір шеті облыстық, қалалық білім басқармасы мен бөлімінің Алғыс хаттары мен дипломдарынан құр алақан қалмай келе жатқан өнегелі педагог. Ал, біз осы «Өнер» тобындағы балғындардың әртүрлі байқауларда алып жүрген сый-жоралғыларын әлі толық айтып тауысқан жоқпыз. Солардың бірі Яна Лаврик республикалық «Сиқырлы пластилин» Интернет конкурсының жүлдесіне ие болған бүлдіршін.
Әрине, осы жолда әр бүлдіршіннің талабын ұштап, оны біз мысалға келтіріп жатқандай биіктерге қол создыру оңай емес. Алайда, Нұрбике Сатыбалдина сияқты жаны жайсаң, ұлағаты мол тәрбиешілер мұны өз мейірім-білігімен сөз жоқ, шындыққа айналдыра алады. Көктемнің жан жадыратар жарқын мерекесі – 8 наурызда осындай өз кәсібінің шын шеберлерінің де есімдерін әйгілеп, жаңа табыстар тілесек, әбден жарасып тұр.
Гүлнәр СЫЗДЫҚОВА,
Көкшетау қаласындағы
«Нұрай» бала бақшасының
орыс тілі пәнінің мұғалімі.