Табалдырықтан енді аттай бергенімізде сұңғақ бойлы, сары бала қос қолын ұмсынып, аузын толтырып:
–Ассалаумағалейкум,–деп сәлем берді,–төрге шығыңыздар, анам үйде, қазір шақырайын.
Еңселі, аумағы ат шаптырым кең, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы үйдің қай бұрышына қарасаң да, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Көлденең жатқан бір бұрау жоқ, мұнтаздай таза. Бой жетіп қалған, ұқыпты киінген қыз бала компьютердің жанында отыр. Шамасы інісі болуы керек, енді біреуі дәптерге жазу жазып жатыр. Балалардың анасы Гүлнәр Әміржанқызы сапарымыздың мән-жайын білетін. Алдын ала телефон арқылы хабарласқанбыз. Сәлден соң осы балаларды асырап алуы жайлы, шешіле сөйлеп айта бастады.
–Өз перзенттерім ер балалар болған соң бір қызды бауырыма басқым келген. Бірақ, жетімдер үйінен қыз бала таба алмадым. Алғашқыда таба алмағаныма өкінсем де, кейін қазақ қызының жанары жәудіреп, жетім болып жүрмегеніне қуандым. Патронаттық тәрбиеме алған мына балалар қазір әбден бауыр басып, үйреніп кетті. Өзімнің туған балаларымдай. Ауылдағы қазақ мектебінде оқиды. Қазақшаға тілдері әбден жаттыққан, бір мүкісі жоқ. Біздің шаңыраққа келгенше тіл сындырған екен. Ақкөлдегі балалар үйінде ертеректе Вера Ковалева деген директор болыпты. Негізінен сол кісінің еңбегі. Біз барып бала таңдап жүргенімізде естіген мына бір сөз жадымызда жатталып қалыпты. Ұзақ жылдар бойы сол мекемеге басшылық еткен директор көңіліне көп жайды тоқыса керек. Балалар үйінің тәрбиеленушілерін жергілікті ұлт тілінде тәрбиелеуге тырысқан. «Осы балаларды бауырына бір басса, қазақтың отбасылары басады» депті. Астарындағы ойды қараңызшы, жалғыз ауыз сөздің мазмұнында үлкен мән жатыр ғой.
Баратай негізгі мектебінде аспаз болып еңбек ететін Гүлнәр Әміржанқызы мен ауданда ветеринар болып қызмет ететін жары Сайран Ыбыраевтардың шаңырағында Виктория, Евгений және Иван Клепцовтар тәрбиеленуде. Біз бұрынғы есімдерімен атап отырмыз. Әйтпесе, қазір бұлардың барлығына өз еріктерімен, азан шақырылып, қазақша ат қойылған. Оны айтасыз, сүндетке отырғызылған. Оның да қызық себебі бар екен. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдың білім ошағындағы оқушылар онша көп емес. Бір-бірімен тығыз араласады. Алғашқыда тілі жатық болғанымен, түрі жат балаларға тосырқай қараған. Кейін еттері үйрене келе ұлттарының кім екендігін сұрамай ма?
–Қазақпыз,– дейді жаңадан келген балалар.
–Қазақ болсаңдар сүндетке неге отырғызылмағансыңдар?–дейді Баратайдың тентектері.
Ниет осыдан басталса керек. Бірден емес, әрине. Жыл жарым ойланып-толғанған. Оңай емес қой. Балалар өздері өтініп, қайта-қайта сұраған соң сүндетке отырғызып, тойын жасаған, қолдарына асықты жілік ұстатқан. Ауылдың үлкендері келіпті, бата берген, бағзы заманның салтымен байғазысын да.
Айгерім деген әп-әдемі қазақ қызының есімі берілген Виктория жыр жаттағанды, ән салғанды жақсы көреді. Қазір білім ошағындағы ауық-ауық өтіп тұратын мәдени шараларға үзбей қатысады. Ауылда ғана емес, ауданда да, облыстық деңгейде де өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Шай үстінде самал желдей желпіген музыка әуеніне қосылып, ана туралы ән салды. Әуені де, сөзі де жақсы екен. «Ана сені Меккеге апарамын» деген ән сөзінің жүрек шымырлатар тұсына келгенде анасының кірпігіне мөлдір тамшы ілініп қалды. Өз бойындағы анаға деген алқаусыз сезімнің, нақтырақ айтсақ, перзенттік пейілінің, махаббатының шымырлай қайнаған шарпылысы іспетті.
Облыстық «Абай оқулары» сайысына екі жыл қатарынан қатысып, екі жолы да екінші орынды иеленген Айгерім «Балдәурен» балалар лагерінде болып қайтыпты. Әсерін, көңілге түйген әдемі жайларды айтып тауыса алмай отыр. Евгений – Ерхан мектептегі белсенді оқушылардың бірі. Үйге келгенде де сабақтан бас алмайды. Қолы босай қалса, кәдімгідей қолғанат. Жылқыны жақсы көреді. Түнеукүні жабағыларға бас білдірді. Егер сабағын оқуы керектігін есіне салмасаң, жылқының жанынан екі елі шықпауға бар. Қазір интернеттен жылқы жайлы мәліметтерді, ат әбзелдерін жинастырып жүр. Ер тоқымның түрлерін де зерттеп жүр.
–Бұл балалардың бәрі тәртіпті, – дейді негізгі мектептің директоры Толқын Сәдуақасова,–әсіресе Айгерім мектеп мақтанышы десек, артық айтқандық емес. Жалғыз бұлар ғана емес, біздің ауылда тағы төрт баланы тәрбиелеп отырған Айтпаевтар отбасы бар. Үлкендері Жолан қазір Краснояр селосындағы №3 агротехникалық колледжінің үшінші курсында. Болашақ фермер. Інісі Руслан да сол колледжде бірінші курста. Ал, Еламаны мен Серігі мектеп оқушылары.
Осы балаларды бауырына басып отырған Қарақат Жәнетқызымен де жолықтық. Жолан, Руслан, Еламандар бір отбасының балалары екен. Ал, Серігі басқа отбасының перзенті. Қазір төртеуінің арасында бөтендік жоқ, барлығы бір үйдің балаларындай. Қарақат Жәнетқызы үшін де дәл солай.
Әуелі бір жұмаға қонаққа әкеліпті. Балалар үйінің тәртібі солай екен. Бауырына басатын балалар болашақ ата-аналарының мекен-тұрағын, ауыл-аймағын өз көздерімен көрмек. Бауыр басып кете ме, жоқ па, ол да үлкен мәселе. Ең қызығы, бір жұмадан кейін қайтадан балалар үйіне алып бармақшы болғанда басталған. Айналдырған бір жұманың ішінде жаңа отбасына бауыр басып қалған балалар «біз ешқайда бармаймыз, осында қаламыз» деп қиғылықты салған.
–Дәл сол сәтте,–дейді Қарақат Жәнетқызы,–аналық сезімім оянып, жүрегім елжіреп кетті. Бірақ, тәртіп бойынша балалар үйіне апаруымыз керек. Айналып-толғанып, сендерді қалай да алып кетеміз деп уәде бердік те, құжат толтыруға жүгірдік. Балалар түгілі өзіміз де қашан сол күн жетеді екен деп асыққанымызды айтсаңызшы.
Баратай негізгі мектебінде балалардың заман талабына сай білім, тәрбие алуына барлық жағдай бар. Компьютерлер интернет желісіне қосылған, мектептің шағын да болса кітапханасы, пән кабинеттері бар, әртүрлі үйірмелер жұмыс істейді.
Отбасындағы тәрбие де олқы емес, қайта көп жерден көркем, ұлағат-тәрбиесі мол. Мәселен, Ыбыраевтар отбасы бірнеше жылдан бері аудандық және облыстық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысады. 2016 жылы аудандық байқауда жеңімпаз атанған. Ал, 2017 жылы республикалық байқауда 68 отбасының ішінде екінші орын иеленіпті.
Балалардың киім-кешегі, ас-суына жағдайлары толық жетеді. Отағасының өз шаруа қожалығы бар. Ауылда тұрған соң тіршілік көзі – төрт түліктің сүмесі. Отағасы Сайлаудың шаруа қожалығында үйір-үйір жылқы, табын-табын қара мал бар. Оған қоса үй іргесіндегі көлшікте жүздеп қаз-үйрек бағады. Үйдің іші де кірсе шыққысыз болып жайнап тұр.
Балалардың оқудағы озат үлгерімі – ата-ана үшін мәртебелі мерей. Ал, өзге ұлт өкілдері арасындағы сайыстардан әсіресе, «Абай оқулары», «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» байқауларының жүлдегері атануы шын мәнінде мақтаныш.
Әңгіме ау-жайы қайтадан тіршілік қамына ауысқан. Болашақ бағдары жөнінде.
–Бұл балаларды өз атымызға түсірген жоқпыз,–дейді Гүлнәр Әміржанқызы.
Алғашқыда сөз астарын ұқпағанбыз. Сөйтсек, жетім балаларға берілетін жеңілдікті сақтау үшін жасалған қам екен.
–Жетім балаларды мемлекет қамқорлығына алып, пәтер береді емес пе?–дейді анасы,–біз ата-ана болып асырап, сақтағанымызбен, бәріне бірдей үй әпере аламыз ба, жоқ па сол жағын ойладық.
Патронаттық тәрбиеге алған ата-анаға егер педагогикалық білімі болатын болса, ай сайын 67 мың теңгеден, әйтпесе, тәрбиеші ретінде 53 мың теңгеден жалақы төленеді, әр баланың киім-кешегі, ас-суына 22 мың теңгеден көмек беріледі.
–Негізінде оған қарап отырған жоқпыз,–дейді Гүлнәр Әміржанқызы,–шынтуайтында 22 мың теңге көп қаржы емес қой. Біз балаларды әр сенбі сайын облыс орталығына апарып қыдыртамыз, балалардың ойын-сауық орындарында болып бой жазады, бассейнге суға түседі.
Бассейн дегенде, демалыс күндері үйде қамалып отыратын екі-үш немере еске түскен.
Баратай – бірлігі бекем, берекесі мықты ауыл. Ел жайын ойлайтын ер-азаматтары көп. Шет жайлап, шалғайда жүрсе де, туған жерлері естерінен шықпайтынға ұқсайды. Аға буыннан Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, бұрынғы ауыл әкімі Асылбек Есмағамбетов. Әсіресе, Астанада тұратын кәсіпкер Абай Әлиев, сондай-ақ, Мереке Рүстемов, Мұса Рахимов, Еркін Жарқынбаев тәрізді жігіттер ұдайы қамқорлық көрсетіп тұрады екен. Балаларға қажетті киім-кешек, спорттық бұйымдар, ойыншықтар. Осы қамқорлықтың ар жағында бала саны азайып, мектебі жабылудың аз-ақ алдында тұрған ауылға деген перзенттік пейілдің ыстық ықыласы естіген сәтте-ақ жүрегіңді жылытып жібереді.
Небары 36 оқушысы бар негізгі мектеп осы балалардың есебінен де жабылмай тұр. Жарым көңілдері жақсы ата-ана тауып жайланған, титімдей кезінен тіршіліктің ақ бас толқындарымен алысып, өмірдің өкпек желіне төтеп берген көкөрім жастар ауыл қотанын толтырып, салмағын көтеріп тұрған тәрізді. Ауыл – балаларға бесік. Балалар – ауылдың базары. Туған жеріңнің түтіні түзу ұшу үшін де дәл осылай толысуың керек екен ғой.
Аттанарда жеті жастағы Иван, жаңаша азан шақырып қойған аты Олжас алақанын жайып үлкендерше бата берген. Өзі де елгезектігімен көрші-қолаңның батасын алып жүр екен. Пейіліне қарап, болашағына сендік. Баталы бала арымайды ғой.
Байқал Байәділов.
Зеренді ауданы.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов.