Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 1922 жылы Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Майбалық ауылында дүниеге келген. Кішкентай кезінен ұшқыш болуды армандаған ол 1940 жылы Балашов әскери авиация мектебіне оқуға түсіп, кейін Чкалов әскери авиация училищесіне ауыстырылады. Ал, 1943 жылы қаңтар айында майданға алынып, басқыншы жаумен болған әуе ұрыстарында өзінің көзсіз ерлігімен ерекшеленді.
Атақты ұшқышқа Кеңес Одағының Батыры атағы алғашқы рет 1944 жылдың 26 қазанында Знаменка, Кировоград қалаларын жаудан азат ету кезіндегі ерлігі, яғни, жаудың 4 ұшағын жойғаны үшін берілді.
1-ші Украин майданында ұрысқа қатысқан эскадрилия командирі, гвардия капитаны Талғат Бигелдинов өзінің ерлік жолын одан әрі жалғастырды. Ол соғыс кезінде барлығы 305 рет жауынгерлік тапсырмаларға ұшып шығып, жаудың бекіністерін, әуежайларын, теміржол тораптарын, көпірлер мен шоғырланған жау әскерін қиратып, жермен жексен етті. Курск доғасындағы, Кишинев, Берлин және Прага маңындағы ұрыстар кезінде жаудың 7 ұшағын құлатып түсірді.
1945 жылдың 27 маусымында өз эскадрилиясына білікті басшылық жасап, Краков, Оппельн, Катовице, Бреслау және Берлин қалалары үшін болған ұрыстарда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін екінші мәрте Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Соғыстан кейін 1950 жылы Әскери әуе академиясын бітіріп, 1956 жылға дейін КСРО Әскери әуе күштерінде қызметін жалғастырды. Оның барысында реактивті ұшақтарды игерумен шұғылданды. Бір жолы сынақ кезінде апатқа ұшырап, алты ай бойы ажалмен арпалысты. Осылайша екінші топтағы соғыс мүгедегі болса да, бейбіт өмірден өз орнын табуға құлшынды. Ал, әскерден оралған соң еліміздің азаматтық авиациясы саласында басшылық қызметтер атқарып, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Қайтпас қайсар жанның қан майдандағы өшпес ерлігінің айқын айғағы ретінде Бішкек және Көкшетау қалаларында батырдың қола мүсіні орнатылған. Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Қарағанды қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернат та Талғат Бигелдиновтың есімімен аталады.
Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылып қалған даңқты жерлесіміздің жүрегі 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасқа қараған шағында мәңгілікке соғуын тоқтатты. Алайда, адамзат тарихындағы ең бір қанқұйлы соғыста өшпес ерлігімен көзге түскен Ақмоланың ақиық қыранының аяулы есімі ұрпақтан-ұрпаққа жасай береді.