Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру – басты мақсатымыз - АРҚА АЖАРЫ

Жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру – басты мақсатымыз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тиімділігі, оның себеп-салдарын неғұрлым азайту кез келген елдің тұрақты дамуының басты шарты болып табылады. Жемқорлыққа қарсы стратегияда қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру үлкен орын алады. Мұның өзі жемқорлықты мүлдем қабыл алмайтын мәдениет пен сана-сезімді қалыптастыру жолында өте-мөте зор маңызға ие. Көп жағдайда жемқорлық құқық бұзушылықтар халықтың құқықтық сауатының нашар болуынан орын алып жатады. Сондықтан, біздің департамент қызметінің басым бір бағыты азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын арттыру екендігі айтпасақ та түсінікті. Осының бәрі Елбасының биылғы Жолдауында жақсы айтылған.

Бүгінгі таңда осы бағытта 400-ден астам ақпараттық түсіндіру шаралары өткізілді. Олар білім, ғылыми-тәжірибелік, мәдени-бұқаралық бағыттарда өрбіп отыр. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары отандастарымыздың бойында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетігін қалыптастырудың бір нақты жолы болып табылатындықтан, мерзімдік басылымдарда жарияланған материалдардың өзі 700-ден аса түскенін де айта кету керек.
Әрине, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу сияқты үлкен мәселеде өскелең ұрпақпен жұмыс істеу басты назарда ұсталуы керек. Осыған байланыс-ты облыстық білім басқармасымен және жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жоспарымыздың бары да кездейсоқ емес. Соның нәтижесінде 495 мектепте қатарына 30 мыңнан астам оқушыны біріктіретін «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. «45 минут жемқорлық туралы» сынып сағатының да жүйелі өткізілетіндігін атап өткен жөн. Сондай-ақ, аймақта құрамына департамент қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының, «Атамекен» өңірлік палатасының, «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің өкілдері кіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жедел топ жұмыс істейді. Бұл істен қоғамдық жұртшылық және БАҚ өкілдері де сырт қалған емес. Мұндай жедел топтар 263 еңбек ұжымында болып, 18 мың адамды жемқорлықтан бойды аулақ ұстау жөніндегі мәнді әңгімемен қамтып отыр.
Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап «Адал өмір сүру» жобасының аясында дәстүрге айналған «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өз жұмысын бастады. Бұл марафон облыстың 7 өңірінде өткізіліп, өзінің өміршеңдігін танытты. Бір құптарлығы, департаменттің осы марафонды өткізу жөніндегі бастамасын орталық аппарат қолдап, республикамыздың бүкіл аймағына таратып отыр.
Сыбайлас жемқорлық туралы халықтың да не ойлайтынын аракідік біліп отыру жұмысымызға тек пайда әкелетіні белгілі. Сондықтан, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, облыс кәсіпкерлері арасында осындай сауалнама жүргізу бұл тұрғыда біраз проблемалардың бетін ашуға оң септігін тигізді. Мұндай шараларды өткізу жемқорлық көріністерінің қалай туатындығын, оның кейбір біз ойлай бермейтін себеп-салдарларын анықтауға белгілі бір игі ықпал жасайтынына көзіміз жетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кез келген іс-шараны іске асыру мониторинг жүргізусіз қиынға соғады. Бұл жұмысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың құрамдас бір бөлігі деп қарауымыз керек. Өйткені, жемқорлықтың бет пердесінің өзі байқап, аңғару, талдап, баға беру тетіктері арқылы ашылып жататындығы бар. Сондай-ақ, мониторингті мықты саяси құралдардың бірі ретінде қарауымызға болады. Өйткені, оның нәтижелері билік пен азаматтарға оң әсер етіп, жаңа сана-сезімді қалыптастырады. Осындай мониторингтің қорытындылары бойынша 9 мемлекеттік орган мен ұйымда коррупциялық тәуекелдерге талдау жүргізілді. Олар: Көкшетау қалалық құрылыс бөлімі мен жұмыспен қамту орталығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, Целиноград аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, мемлекеттік кірістер жөніндегі департамент, облыстық мәдениет басқармасы, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен білім басқармасы, сондай-ақ, Атбасар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы.
Сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауда, оның зардабын төмендетуде тұрғындарға мемлекеттік қызметті сапалы көрсету де маңызды орын алады. Осыған байланысты бірінші кезектегі міндетке халықтың осындай қызметтердің көрсетілуінің тәртібі туралы кеңірек білуін, өз құқықтары мен заңды мүдделеріне батыл болуын қамтамасыз етуді жатқызамыз. Өткен бірінші тоқсанда 1,3 миллионға жедеқабыл мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Оның 119732-сі қағаз түрінде, 63433-і мемлекеттік корпорация арқылы, 1104036-сы электронды түрде көрсетілгенін айта кеткен жөн. Қызмет түрлерін электрондық форматқа көшіру көрсеткіштері де жақсара түскен жайы бар. Егер 2017 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 63 пайыз болса, биыл 82,4 пайызға жетіп отыр. Бұған электрондық үкіметті насихаттап, маңызын арттыру арқылы қол жеткізілгенін атап өткен абзал.
Халықтың көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын қалай бағалайтындығын білу үшін былтыр Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінде орналастырылған мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қоғамдық мониторинг жүргізілді. Оның нәтижесі тұрғындардың 83,7 пайызы жергілікті органдардың қызметтеріне қанағаттанатындықтарын көрсетті. Сонымен бірге, осы сауалнама барысында мемлекеттік қызметтердің көрсетілуі барысында көңіл толмайтын жайлардың да орын алатындығы байқалды. Айталық, мемлекеттік органдардың жұмыс кестесі, осы қызметтерге жүгінушілердің хабарламаларды алу сапасы, сондай-ақ қызметкерлердің өз міндеттеріне жауапкершіліктері тұрғысында бірқатар кемшіліктер атап көрсетілді. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін департамент бірінші тоқсанда мемлекеттік қызметтер саласындағы заңдылықты сақтау жөнінде 16 тексеріс өткізді. Оның барысында 500 тәртіп бұзу оқиғалары тіркелсе, соның 55-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық құрылымдарында, 445-і жергілікті атқару органдарында орын алды. Кейін осыған жол берген кінәлілер тәртіптік және әкімшіліктік жауапкершілікке тартылды.
Осындайда жекелеген азаматтардан түсетін арыз-шағымдарды қарай келіп, департамент кінәлілерге шара қолданумен бірге, сол азаматтардың бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіру жөнінде де жұмыстар жүргізеді. Айталық, бірінші тоқсанда мемлекеттік қызметтердің сапасына байланысты 10 арыз-шағым қаралды. Соның негізінде жоспардан тыс 10 тексеріс өткізіліп, 4 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді. Алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу және ондайға жол бермеу мақсатында тұтастай шаралар кешені қолға алынып отыр. Мәселен, Целиноград ауданының Родина селосында осы көктемде «Ауылдық округтардағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі» тақырыбында өткен семинарға Агенттік өкілдері қатысып, электрондық үкіметтің порталымен жұмыс істеу машықтары ортаға салынды. Сөйтіп, нақты іспен ұштастырылған бұл семинар ауылдықтар тарапынан жақсы бағаға ие болды. Кейін осындай шаралар Атбасар, Астрахан, Аршалы, Зеренді, Сандықтау және Біржан сал аудандарында ұйымдастырылып, онымен бүкіл облыс қамтылды.
Халыққа бұл мемлекеттік қызметтерді көрсететін – ертеңгі жастарымыз. Сондықтан, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде 99 студент электрондық үкімет порталында осы мемлекеттік қызметтерді көрсетудің негіздерін үйреніп, енді өздері оны басқаларға үйрету мүмкіндігіне ие болды. Бұл орайда, облысымызда мемлекеттік қызметтер жәрмеңкесін өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндірме жұмыстарын жүргізу дәстүрге айналып отыр. Жоғарыда аталған университет негізінде өткізілген жәрмеңке де айтарлықтай нәтижесін берді деуге болады. Осындай белсенді жұмыстардың арқасында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда электрондық үкімет арқылы берілген анықтамалар 1,2 есеге өсіп отыр. Осындай қызмет түрлеріне жүгінетін ұялы телефон қолданушыларының саны былтырғы 3674 адамнан бірден 72255 адамға көбейгендігі де қуантады. Жыл басынан бері бала тууына байланысты көрсетілетін жаңа қызмет түрі енгізіліп, қазірдің өзінде осы қызметке 1186 ата-ана жүгініп үлгерді.
Міне, жақсы бастау алып отырған жұмыстың сапасы семинарларда, басқа да көпшілік шараларда жиі сөз болуының мәні де осында – халыққа мемлекеттік қызметті барынша жақындатып, тиімді әрі қолайлы етуде жатыр. Бүгінге дейін мұндай шаралар сәулет, мемлекеттік кірістер, ішкі істер, денсаулық сақтау басқармаларында, табиғатты пайдалану, мұрағат, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тағы басқа құрылымдарда үздіксіз өткізіліп келеді. Оларға кәсіпкерлер палатасының, фермерлер одағының, азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тарту да ортақ істе жоғары тиімділікке қол жеткізудің әрекеті. «Азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясында ашылған «Қоғамдық қабылдау» қызметі де осы мақсатты көздейді. «Ашық қызмет» жобасын іске асыру аясында департамент мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасына қатысты өзекті мәселелер жөнінде интернет-конференцияларды жиі өткізіп тұруды өзінің басты парызының бірі санап отырған жайы бар. Осы мақсатта облыстық және аудандық деңгейдегі Қоғамдық кеңестермен де белгілі бір жұмыс жолға қойылған. Облыстық Қоғамдық кеңес және оның жергілікті жерлердегі құрылымдары бұл мәселені арнайы күн тәртібіне шығарып, мұқият қарастырғаны да өз нәтижесін беретіні сөзсіз. Агенттік тапсырмасын орындау бойынша әкімшіліктік бөгеттерді жою жөніндегі шаралар да маңызды салаға жатады. «Құпия тұтынушы» жобасы шеңберінде осындай 35 бақылау шарасы өткізілді. Сөйтіп, оларда консультативтік ақыл-кеңестерді дұрыс бермеу, мемлекеттік қызметтердің ескірген стандарттары мен регламенттерін орналас-тыру сияқты олқылықтардың беті ашылып, оларды қайталамау жөнінде шұғыл шаралар қолданылды. Өкінішке орай, мұндай фактілер тұрғындар тарапынан өкпе-реніш туғызып, соңғы нәтижеде қоғамдық пікірге, мемлекеттік қызметтің имиджіне кері әсерін тигізетіндігі белгілі.
Сондықтан, қашан болсын, біздің департаменттің басты міндеті қоғамымызда жиі көрініс беріп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес жүргізіп, мемлекеттік қызмет сапасын жетілдіру, бұл үшін мемлекеттік қызметшілер арасында жан-жақты жұмыс жүргізіп, мемлекеттік органдарды қабілетті де жауапкершілігі жоғары кадрлармен нығайту болып табылатындығын бір сәт те естен шығармаймыз.

Берген БЕСПАЛИНОВ,
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар