Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа талап және цифрлық технология сапалы қызметке жол ашады - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа талап және цифрлық технология сапалы қызметке жол ашады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді шешу үшін облыста денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынған. Солардың ішінде медициналық мекемелерді цифрлық технологияларға көшіру мен заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді.
Денсаулық сақтау саласының негізгі стратегияларының бірі – салауатты өмір салтын қалыптастыру арқылы тұрғындардың денсаулығын сақтау және нығайту, медициналық көмекке қолжетімділікті және оның сапасын жақсарту, өлім-жітім оқиғасының негізгі себепшісі болып саналатын сырқаттың диагнозын уақытында анықтау мен емдеу, сондай-ақ, кадрлық әлеуетті дамыту болып табылады. Бұл орайда, қазіргі кезде еліміздің әр түкпірінде емханалар жаңғыртылып, диагностика мен емдеу заманауи стандарттарға көшірілуде, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс істеу үшін жас мамандар арнайы оқытылып, қайта даярлықтан өткізілуде.
Ағымдағы жылы облыстың медицина қызметкерлері «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бірқатар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығына алдын ала қорытынды жасайтын болсақ, 30 көрсеткіштің 24-і нақты орындалады деп күтілуде. Бұл бағдарламаның 80 процентін құрайды. 2017 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырып қарағанда, көрсеткіштердің өскені байқалады.
Денсаулық сақтау саласын сандық технологияларға көшіру бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша жаңа пилоттық бағдарламалар және жүйелер, үш нозология бойынша ауруларды емдеу (артериалды гипертензия, қант диабеті және созылмалы жүрек ауруы) шаралары мен кешенді медициналық-ақпараттық жүйесі енгізілуде. 2018 жылдың 1 қаңтарындан бастап біздің өңір «қағазбастылықсыз ауруханаларды» енгізудің пилоттық жобасына қатысуда. Осы уақыт аралығында адамдардың денсаулығына қатысты 750 мың электронды паспорт толтырылып, медицинаның ақпараттық жүйесі арқылы 1 миллион адамға қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткішті де үлкен нәтиже деп есептеуге болады.
Биылғы жылы медициналық ұйымдарды жабдықтау үшін 944 компьютер сатып алу жоспарланған. Олардың 762-сі облыстық бюджет есебінен алынады. Бұл үшін бюджеттен 178 миллион теңге қаржы қарастырылуда. Қалғаны медициналық ұйымдардың жеке қаражаты есебінен сатып алынбақшы. Сонымен бірге, облыстық бюджеттен Шортанды, Есіл, Ерейментау және тағы басқа аудандарға қажетті 13 санитарлық транспорт пен барлық аудандық ауруханалар мұқтаж болып отырған физиотерапияның 23 құрал-жабдығын алуға 180 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Облыс орталығындағы медициналық мекемелерді жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету және оларды ынталандыру үшін облыс әкімі медицина қызметкерлеріне қызметтік пәтер бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл медицина қызметкерлерінің тапшылығын жою мәселесін шешуде айтарлықтай көмек болып табылады. 2017 жылы дәрігерлерге 20 пәтер бөлінді. Сонымен бірге, медициналық ұйымдарға кадрларды тарту мақсатында облыс әкімінің шәкіртақысы мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражаттарына өңіріміздің 200 түлегі республикамыздың медициналық жоғары оқу орындарында білім алуда. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің базасында медицина факультетін ашу мәселесі шешіліп, алдағы уақытта онда жылына 150 орындық бакалавриат деңгейінде үш тілде маман даярлауға қол жеткізілетін болады. Өткен жылы облысқа 384 медициналық қызметкер жұмысқа келді, оның 140-ы дәрігер, яғни, медперсонал саны 1,2 пайызға көбейіп отыр.
Биылғы жылы облыстағы медициналық ұйымдарды қаржыландыру үшін облыстық бюджеттен барлығы 28 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді, оның 5 миллиард теңгеге жуығы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарастырылып отыр.
Облыста денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын жаңғырту бағытында медициналық көмекті ұйымдастыру және сапалы стандарттарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, клиникалық-диагностикалық база жаңартылып, сараптамалық мақсаттарға жаңа құрал-жабдықтар сатып алынды.
Жыл сайын елімізде маусым айының үшінші жексенбісі Медицина қызметкерлері күні болып атап өтіледі. Биыл бұл айтулы күн 17 маусымға сәйкес келіп отыр. Облыстың денсаулық сақтау саласына үлес қосып жүрген мамандар қандай құрмет, сый-сыяпат пен марапатқа болсын лайық. Бұл күні медицина қызметкерлері өздерінің жетістіктері мен таңдап алған кәсіптеріне адалдығы үшін мақтана алады. Осынау ақ желеңді абзал жандардың арқасында біздің өңірде аурулардың дендеп кетуі айтарлықтай азайған.
Облыста онкологиялық ауруларды емдеу бойынша 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған жол картасы жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылы Көкшетауда бір ауысымда 150 науқасты қабылдайтын онкологиялық емхана құрылысы басталады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұжымының басты жұмыстарының бірі – халыққа медициналық көмек көрсету үшін медициналық қызметкерлерге жағдай туғызу. Бүгінгі таңда осы бағытта қол жеткізген жетістіктеріміз де аз емес. Қазіргі қоғамда медицинаның маңыздылығын, халықтың денсаулығын сақтау ісіне ақ халатты абзал жандардың сіңіріп келе жатқан еңбегін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Міне, сондықтан, Медицина қызметкерлері күні қарапайым мерекелердің бірі емес, еліміздегі шын мәнісіндегі атаулы күндердің қатарына қосылды десек, артық айтпаймыз.
Олай болса, кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын, барша ақмолалық медицина қызметкерлері!

Сәуле ҚИСЫҚОВА,
Ақмола облыстық денсаулық
сақтау басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар