Туризм индустриясының жаңа мүмкіндіктері

Әлемде туризм саласының қарқынды дамуына байланысты Қазақстанның жекелеген өңірлеріне деген туристердің қызығушылығы артып келеді. Шетелдік қонақтардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатымен облыс аумағындағы курорттық аймақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлініп, туристік индустрияны цифрландыру жұмыстары оң нәтиже беруде.

Жуырда облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінің іс-шаралар жоспары шеңберінде «Ақмола облысының туристік индустриясын цифрландыру» тақырыбында брифинг өтті. Ақмола облыстың туризм басқармасының басшысы Данияр Идиятов облыстың туристік индустриясын цифрландыру жобалары мен «Е-туризм» бірыңғай туристік портал жұмысымен таныстырды.
Облыстық туризм басқармасының басшысы «Қазіргі уақытта цифрландыру жүйесі мемлекет дамуында, қоғамда қарыштап алға жылжып, заманауи технологиялар трендке айналып барады. Елбасы Жолдауында атап өткендей, цифрлық индустрияны дамыту барлық салаларға үлкен серпін бере алады. Сондықтан, үкімет IT саласын дамыту жолындағы мәселелерге ерекше назар аударады», – деді.
Облыс әкімдігінің бастамасымен 2017 жылдың мамыр айында Visit Aqmola туристік ақпараттық орталығы құрылған болатын. Орталықтың негізгі мақсаты туристерді жергілікті ақпаратпен қамтамасыз ету. Облыс аумағындағы туристік қызмет сапасын арттыру аясында «Е-туризм» бірыңғай туристік порталы мен www.visitaqmola.kz сайты жұмыс жасайды. Бұл сайт Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын аймақтары жөнінде толық мағлұматты, яғни, маршруттар тізімі, тамақтану орындары, ойын-сауық орталықтары, іс-шаралар қатары, қонақүйлер бағасы және сапасы жөнінде ақпарат ұсынады. Сайт мүмкіндіктерін жетілдіру мақсатында қосымша турконтент енгізілуде. Мәселен, 360 градус режиміндегі интерактивті карталардан ақпарат алу. Яғни, үйде немесе жұмыс орнында отырып-ақ курорттық аймақтың, қонақ үйдің, санаторийдің аумағын немесе маршрут жайы мен дүкендерді ұялы телефон, компьютер арқылы тамашалауға болады. Бұл демалысты жоспарлау үшін өте қолайлы. Туристік портал арқылы басқа туристермен де оңай тіл табысуға болады екен. Ол үшін порталдың арнайы чатына қосылсаң болғаны. Сонымен қатар, туризм саласын цифрландыру жаңа ақпараттық терминалдардың қызметімен ерекшеленеді.
«Ақпараттық терминалдар көмегімен туристер облысымыздың кез-келген демалыс орындары жайында дерек жинай алады. Бүгінгі таңда бұл терминалдар үш мекемеде, атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында, «Нұрлы жол» вокзалы мен Бурабай визит-орталығында іске қосулы тұр. Сондай-ақ, дәл осындай терминалдарды Астана қаласындағы ойын-сауық орталықтарына да орнатамыз. Себебі, туристердің салмақты үлесі Астана қаласынан келеді», – деп түсіндірді Данияр Идиятов.
Туристік ақпараттық орталық өз болашағын стратегиялық даму жоспарымен айқын көрсетеді. Осыған орай, электронды туризмді дамыту мақсатымен «Burabay PASS» ресми туристік картасы іске қосылды. «Burabay PASS» шағын қорапшасының ішіне смарт-карта, Beeline ұялы сим-картасы, Бурабай курорттық аймағы мен Астана қаласының картасы және жолнұсқаулық кіреді. «Туристік орталықтың шығармашылық ұжымы облыстың туристік әлеуетін ашатын тақырыптық және музыкалық бейнероликтер сериясын жасайды. Бейнероликтің басты кейіпкері Туристбай деп аталатын анимациялық кейіпкер. Туристбайдың келбетін жасау оңай іс болған жоқ. Себебі, барлық туристердің көңілінен шығатын кейіпкер жасағымыз келді. Ендігі кезекте біздің Туристбай бейнематериалдардың көмегімен туристер мен саяхатшылардың назарын облысымызда орын алған оқиғаларға аударуға қол ұшын тигізбекші. Сонымен қатар, «Е-туризм» порталының қызметін пайдалануға мүмкіндік беретін, кез келген QR кодты оқи алатын мобильді қосымша әзірленуде. Гаджеттерге арналған бұл мобильді қосымшаны IOS және Android амалдық жүйелерінде қолдануға болады», – деді облыстық туризм басқармасының басшысы.
Ақмола облысының туристік ақпараттық орталығы бірыңғай call-орталық құрған болатын. Қонақүйлер, мейрамханалар, санаторийлер, ойын-сауық орталықтарының қызметтері, бағалары жөнінде қажетті ақпаратты тәулік бойы жұмыс жасайтын 87088010000 нөмірі бойынша білуге болады.
Іс-шара соңында облыстық туризм басқармасы қолданушыларды қалалардың карталары мен электронды анықтамалар жүйесімен қамтамасыз ететін 2GIS халықаралық картографиялық компаниясымен ынтымақтастық қатынасын орнатып, бұл қосымша қызмет жүйесіне Көкшетау қаласын енгізу жөнінде келісім жасалғанын мәлімдеді.

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар