Бурабайдағы тұңғыш рет өткізілген «Race Nation Burabay – 2018» төзімділік жарысы

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Щучинск қаласындағы шаңғы-трамплин кешенінде тұңғыш рет ұйымдастырылған кедергілер арқылы жүгірушілердің «Race Nation Burabay – 2018» жарысына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Жарыс «Экстремальды атлетика» қоғамдық бірлестігінің кəсіпқой командаларының ұйымдастыруымен және облыс əкімдігінің қолдауымен өтті. Облыс әкімі Мəлік Мырзалин жарысқа қатысушы спортшыларға сəттілік тіледі.
– Өздеріңіз байқап отырғандай бүгінгі жарысқа қатысушылардың саны көп. Өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарыс болғандықтан, баршаңыздың бойларыңыздан жеңіске деген жігерді көріп тұрмыз. Сол себепті, барлық қатысушыға жеңіс тілеймін. Келешекте біздің курортты өңір туристік орталық қана емес, салауатты өмір салтының символына айналатын болады, – деді Мәлік Мырзалин.
Жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Украина және Қырғызстан Республикасынан келген 500-ге жуық адам қатысты. Олар Open, Team жəне Elite санаттары бойынша шеберлік сынасты. Қатысушылар ұзындығы 5 шақырымдық жарыс жолымен 17 түрлі кедергілер арқылы жүгіріп, төзімдерін сынап көрді. Әсіресе, қолмен жүру, саз балшық ваннасы, рампа, ауырлыққа төзу жəне тікенекті сым сияқты кедергілерді бағындыру оңай болмады.
– Мен Астанадан келдім. Мұндай жарысқа тұңғыш рет қатысып отырмын. Ерекше сезімдемін. Кеңседе жұмыс істейтін адамдар үшін бұл спорттың пайдасы зор. Жарысқа қатысқаныма еш өкінбеймін, – деп өзінің әсерімен бөлісті Бауыржан Сүлейменов есімді жарысқа қатысушы.
Жарыс қорытындысына сәйкес, Elite санаты бойынша күш сынасқан ерлер арасында 29 минут 19 секунд нəтиже көрсеткен солтүстікқазақстандық Ризат Шауəлиев жеңіске жетсе, одан кейінгі орындарды Дмитрий Коломеец пен Степан Кинев өзара бөлісті. Ал, қыздар арасында щучьелік Анна Мельник бірінші келді. Оның көрсеткіші 34 минут 22 секунд. Одан кейін Наталья Черных жəне Анастасия Астафьева мəреге жетті. Бурабай ауданының әкімі Қанат Қарауылов бірінші орын алғандарға 150 мың теңге, екінші орынға 100 мың теңге және үшінші орын алғандарға 50 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
Жарыс жолын салуға кəсіби спортшылар мен элиталы арнайы əскери бөлімше сарапшылары тартылғанын айта кеткен артық болмас. Race Nation құру үшін осындай жарыстарды жиі өткізетін елдердің Tough Mudder (АҚШ), Super Hero (АҚШ), MUD RUN (АҚШ), The Color Run (АҚШ), Tru Grit (Австралия) тəжірибелері зерттеліпті. Батыс елдерінде мұндай жарыстарға миллиондаған адам қатысады екен. Бұл жолғы жарыстың жеңімпаздары Ризат Шауəлиев пен Анна Мельник Алматыда өтетін кезеңде бақ сынайтын болады. Сонда жеңіске жеткендер əлем чемпионатында ел намысын қорғайды.

Аслан Оспанов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар