Жерді тиімді пайдаланса, еңбек өнімділігі де артады

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Зеренді, Сандықтау аудандарында болып, орақ жұмысының барысымен танысты. Аудан активтерімен кеңес өткізіп, бюджеттің орындалуы және ауыл шаруашылығына бағытталған жерді тиімді пайдалану мәселесі жөнінде кеңес өткізді.

ЗЕРЕНДІ. Өңір басшысы алдымен, «Викторовка» серіктестігінің химиялық сұйық тыңайтқыш өндіретін шағын зауытының жұмысымен танысып, қаржы үнемдеу мәселесіне назар аударды. Шаруашылық басшысы Владимир Андрюхин өз сөзінде мол астық алу үшін жыл сайын жерге минералдық тыңайтқыштар енгізу қажеттігін, әртүрлі дақылдармен дұрыс жұмыс істей білу керектігін айтып өтті. Бұрынғы жылдары химиялық сұйық тыңайтқыш алыстан тасымалданып, бұлар біраз шығынға бататын. Осы орайда, серіктестік Ресейдегі Подольск қаласының кәсіпорнынан химиялық сұйық тыңайтқыш өндіретін қондырғылар сатып алып, арнайы нысанға орнатқан. Осы жерде арнайы тыңайтқыштар қоймасы салыныпты. Сұйық тыңайтқыш өндірудің арқасында кәсіпорынның біраз қаржысы үнемделген. Биыл шаруашылық егіс алқабына 400 тонна амофос, 1200 тонна сұйық тыңайтқыш сіңіріпті. Бұл гектарынан 30-35 центнерден өнім алуға өз септігін тигізіп отыр. Шағын зауыт тәулігіне 120 тонна химиялық сұйық тыңайтқыш өндіре алады. Бұл өзге де тұтынушылар сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндағы бу қазандығында көмірдің орнына зығыр сабаны жағылып, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге жылу беріледі. Облыс әкімі зауыттың жұмысын өзге шаруашылықтарға насихаттауды тапсырды.
Облыс басшысы «Викторовка» серіктестігінің егіс алқабының басында болып, орақ жұмысының барысымен танысты. Шаруашылық егіс алқаптарын әртараптандырған. Биыл 8387 гектар алқапқа дәнді дақылдар, 2647 гектарға бұршақты дақылдар, 5438 гектар жерге жасымық, зығыр, рапс тәрізді майлы дақылдар сіңірген. Владимир Андрюхиннің айтуынша, шаруашылық ауа райының қолайсыздығынан орақ жұмысына 20 тамызда кіріскен. Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 50 пайызы, жасымықтың 84 пайызы жиналып алыныпты. Ылғалды астық қырмандағы газбен жағылатын кептіргіш кешенінде кептіріліп, бірден элеваторға тасымалдануда. Облыс әкімі өнімділігі жоғары комбайндардың жұмысына назар аударды. Орақ жұмысының қарқынын еселеуді тапсырды.
Өңір басшысы Айдабол орта мектебінде аудан активімен бюджеттің орындалуы және ауыл шаруашылығына бағытталған жерлердің тиімді пайдалану мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Аудан әкімі Мереке Мұстафин 180,3 мың гектар егіс алқабының 76 пайызы жиналып алынғанын, гектар түсімі 16,3 центнерден айналып жатқанын атап өтті. Орақ жұмысына 350 комбайн, оның ішінде 171 өнімділігі жоғары комбайн қатысуда. Ел ырыздығын 4 астық қабылдау кәсіпорны қабылдап жатыр. Екі аукцион өткізіліп, жерлер сатылған. Сондай-ақ, жерді тиімсіз пайдаланғандар жауапқа тартылуда. Жиын барысында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Жеңіс Тәшеновтың есебі тыңдалды. Бұл басқарманың өзге мемлекеттік органдармен тығыз жұмыс істемейтіні белгілі болды. Берілген субсидия салық ретінде кері қайтарылмай отыр. Яғни, субсидияның мақсатты жұмсалуы бақыланбауда. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Әділбек Сыздықаев ауыл шаруашылығына бағытталған жердің тиімді пайдалануы жөнінде айтып берді. Ауданда жерді тиімді пайдаланбайтындардың және жеке тұрғын үй салуға өтініш бергендердің мәселесі туындауда. Кеңес жұмысын қорытындылаған облыс басшысы ауданда ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартылмайтынын, макарон, ет және сүт өңдейтін кәсіпорынның жоқтығын, субсидия-
ны салық түрінде қайтару қажеттігін атап өтті. Кейбір шаруашылықтар құжатында еңбеккерлердің санын, орташа еңбекақысын дұрыс көрсетпейді. Облыс әкімі тиісті басшыларға аталған олқылықтардың орнын толтыруды шегелеп тапсырды.
САНДЫҚТАУ. Облыс басшысының жұмыс сапары осы ауданның «ПКФ Новоникольский» серіктестігінің егіс алқаптарын аралаудан басталды. Серіктестік директоры Геннадий Бабахин 12 мың 60 гектарға дәнді дақылдар себілгенін, ауа райының қолайсыздығынан тек қана отыз пайызы жиналғанын айтып берді. Мұнда орақ жұмысына 14 комбайн, 14 автокөлік пен 19 трактор тіркемесі тартылған. Өңір басшысы аудан активімен бюджеттің орындалуы және ауыл шаруашылығына бағытталған жерлерді тиімді пайдалану мәселесі жөнінде кеңес өткізді. Аудан әкімі Асылбек Исмағамбетов орақ жұмысының барысы жөнінде айтып өтті. Бүгінгі таңда аудан диқандары 287 мың гектар алқаптағы астықтың 64 пайызын жинап алған. Гектар түсімі 16,5 центнерден айналуда. Қамбаларға 40 мың тонна астық құйылған. Ауа райының қолайсыздығы егіннің пісіп жетілуіне кері әсерін тигізіпті. Осы орайда, орақ жұмысының қарқыны көңіл көншітпейді. Қырмандарда астықты кептіру мәселесі туындауда. Өйткені, кептіргіштердің көбі газбен жағылады. Кеңес барысында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Сергей Мешеряковтың және аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Серкеш Жұмабаевтың есептері тыңдалды. Мұнда да субсидияға қатысты салық дұрыс жиналмай отыр. Салықтан жалтару оқиғасы да кездеседі. Еңбекақы төлеу мәселесін дұрыс жөнге келтірмеген. Ауыл шаруашылығы саласында тиімді пайдаланылмай отырған жерлер бар. Жайылым мәселесі туындауда. Облыс әкімі ашық күндерді тиімді пайдаланып, орақ жұмысының қарқынын еселеуді тапсырды.
– Бұл ауданда негізгі капиталға инвес-тиция тартылмай отыр. Соның салдарынан мұнда өңдейтін кәсіпорын жоқтың қасы. Шетелдерде салық төлемеу қылмыс болып саналады. Субсидияның қайда жұмсалатынын ешкім бақыламайды. Сондықтан, субсидия салық түрінде кері қайтарылмауда. Кейбір шаруашылықтар еңбеккерлерінің орташа еңбекақысын 19 мың теңге деп көрсетуі ешқандай қисынға сыймайды. Алдағы жылдары бірыңғай аграрлық салық жүйесі енгізілмекші. Сол кезде тек қана тиімді жұмыс істейтіндер жерге ие болып қалады,– деген өңір басшысы қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар