Елбасының Жолдауын қолдаймыз, міндеттерді жүзеге асырамыз!

(Актив жиналысында сөйленген сөздер)

«Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры,
жазушы Жабал Ерғалиев:

– Біз ендігі арада Елбасының жаңа Жолдауын оқып, талқылар кезде сол Жолдаулардың тарихи және әлеуметтік сабақтастықтарын да білуге және сол жайында айтуға да тиістіміз. Президентіміздің сол алғашқы, яғни 1997 жылғы Жолдауынан бастап күні кешегі Жолдауы аралығындағы стратегиялық міндеттердің бірде-бірінің маңыздылығы әлі күнге дейін жойылмағандығын аңдар едік. Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы 21 Жолдауларының барлығын да алдымызға жайып қойып, зерделер болсақ, бәрінде де бір мақсат – ел болу, Қазақстанды әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің қатарына қосу, жаһандық дағдарыс жағдайында экономиканы алға жылжыту әрі даму, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, алыс және жақын шет елдермен стратегиялық тең тұрғыдағы халықаралық байланыс орнату, еліміздегі ұлтаралық және конфессияаралық бірлік пен ынтымақты сақтау, халқымыздың әлемдік бәсекелестікке қабілетті ұлт болуы сияқты аса маңызды, тіпті өмірлік маңызы бар мақсаттар мен міндеттер алға тартылып келеді екен.
Бұл Елбасының өзінің әр Жолдауында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен ішкі және сыртқы саясаттағы негізгі әрі басты бағыттарын айқындап отырар тарихи ерекшелігі мен маңызы бар екендігін көрсетеді.
Біздің осы ойымызға арқау боларлық жайлардың Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты осы жиырма бірінші Жолдауында да тағы да айқын айтылып отырғандығы бар. Ал енді бұл жолғы Жолдаудың бір ерекшелігі мен маңыздылығы сол Елбасы қазақстандықтардың табысының өсуі мен тұрмыс сапасының жақсаруына айрықша көңіл бөліп отырғаны деп санаймыз.
Елбасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан барлық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін тұтас қоғам болып ортақ мақсатқа жұмылудың аса маңыздылығын атап көрсете отырып, ой мен сананы жаңғыртуға жаңа серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі қарай «жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» дей келіп, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы қажеттілігін орынды айтты әрі дер уағында көтерді деп санаймыз.
Құрметті Мәлік Кеңесбайұлы! Жуырда Тараз қаласына барып, Жамбыл облыстық филармония-сына халық ақыны Кенен Әзірбаевтың атының берілуіне арналған салтанатқа барып қайттым. Алқалы жиында сөз сөйлеп, Сіздің ыстық сәлеміңізді жеткізіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өзіңіздің қолдап, демеуіңізбен шығарылған Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдығын тарту еткенімде жұртшылықтың аса риза болғандығын айтқым келеді. Кезінде Мәлік Ғабдуллиннің көзін көрген, шәкірті болып, дәрісін тыңдаған, жақсылығын көрген, алды жетпіс пен сексенді жағалап қалған жамбылдық ел ағаларының Сізге деген ризашылығын жеткізгім келеді. «Мәліктің өзі келгендей болды» ғой деп толқығандары болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Сәкен Жүнісовтың «Аманай мен Заманай» романының Лондонда ағылшын тілінде жарық көруі және «Көкшетау сал-серілері» сериялы кітаптардың дайындалып жатқандығы тағы да бар. Ал енді, Ақан сері мен Үкілі Ыбырай, Біржан сал әндерінің дискілерін шығарып берсеңіз дұрыс болар еді. Арқаның осынау тамаша ән саңлақтарының туындыларын кезінде Манарбек Ержанов, Әміре Қашаубаев, Ермек Серкебаев сынды қайталанбас талант иелері орындаған болатын. Солардың және қорғалжындық тамаша әнші Рабиға Есімжанова мен қызылсаялық әнші Ләззат Сүйіндіковалардың салған әндері Қазақ радиосының алтын қорында қозғаусыз жатыр. Осыларды жаңа жазба әдісімен дискіге жазу аса қажет-ақ. Соны жасатып берсеңіз дұрыс болар еді. (Облыс әкімі Мәлік Мырзалин осы арада бұл жұмысты қолға алуды мәдениет басқармасының басшысына жүктеді.)
Елбасы 2019-шы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды да ұсынды. Әрине орынды! Елбасы қашан болсын, жастарға үлкен сенім артып, қолдап келе жатқаны да бар. Мұны осы жолы да анық тани түстік. Алайда, алдағы «Жастар жылын» құр даңғазалыққа айналдырып алмауға да тиістіміз. «Жастар жылында» жастардың ең әуелі өз ата-анасы мен Отаны алдындағы, үлкен мен кішінің, өз елі мен жері, өз тілі мен өз салт дәстүрі алдындағы, ел бірлігі үшін жауапкершіліктерін сезіне түсулеріне және соны білетіндей тәрбие бесігінен өтуге тиісті ғой деп ойлаймыз.
Біз бай да бақуатты және алаңсыз өмір сүрудің жаңа кезеңін бастағалы отырмыз. Бұл құр сөз емес. Елбасының Жолдауында айтылып, ел игілігі үшін алдағы уақытта жасалатын істерді толыққанды жүзеге асыру үшін 1,5 триллион теңгеден асатын қаржы да қарастырылып отыр. Бұл сөз жоқ, халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға зор серпін беретін ең сенімді әрі тиімді инвестиция екендігін Елбасы айқын мәлімдеді.
Біздің басты мақсатымыз да мұратымыз да Қазақстанды әлемнің дамыған озық 30 елінің қатарына қосу және де Мәңгілік ел болу! Тәуелсіз еліміздің мәңгілік осы мұраттарына қол жеткізуге ұмтыла отырып, заманның беттен қағар кей сындарына өзіміздің бойымызға біткен ақыл-парасат, сабырымызбен, тегеурінді іс-қимылымызбен және еңбегімізбен, бірлігімізбен, ынтымағымызбен төтеп беруге тиістіміз және мұны ел мен халық алдындағы парызымыз деп білеміз.
«Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуге тиіс», – деді Елбасы өз Жолдауында. Осы бір аталы сөздің астары мен қапталында біздің әрқайсымыздың мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігіміз бар екендігін ұғына білгеніміз абзал. Өйткені, Қазақстанда жүргізіліп жатқан барлық реформалар мен өзгерістер халықтың игілігі мен ел тәуелсіздігінің баянды болуы үшін жасалып жатыр. Сіз бен біз үшін және болашақ үшін жасалып жатыр!

Қазақстан Республикасы
Ұлттық банкі Ақмола филиалының директоры
Виталий Чеусов:

–Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 5 қазанындағы ел халқына арнаған Жолдауында тұрғындар үшін өмір сүрудің қолайлы алғы шарттарын қалыптастыру мәселесіне зор көңіл бөлінді. Халықтың тұрмысын көтеру деген сөз ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігін, оның ауласының әсем де қауіпсіз болуын, өмір сүруге және еңбек етуге сапалы инфрақұрылымның жасалуын білдіреді.
«7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы құрылды. Ол аталған бағдарламаның операторы болып табылады. Бағдарламаны ерекшелендіріп тұрған бір жай, онда белгілі бір мақсатты мемлекеттік қаржыландыру жоқ. Бағдарламаны қаржыландыру кредиттік ресурстардың тез қайтарымын қамтамасыз ету үшін қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен іске асырылады.
«7-20-25» бағдарламасы биылғы жылдың шілдесінен бастап жұмыс жасауда. Осы бағдарлама іске қосылғалы Ұлттық Банктің облыстық филиалы бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желілерге де қажетті ақпараттарды жариялауда. Түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ірі кәсіпорындарға («КамАЗ-Инжиниринг» АҚ, «Алтынтау-Көкшетау» АҚ, т.б) барып тұрамыз.
Қыркүйек айындағы өсім деңгейі тамыздағы көрсеткіштен екі есе асып түсті. Өңірлер бойынша Алматы және Астана қалаларын санамағанда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары алдыңғы үштіктен орын алды. Біздің облыс бойынша 1 миллиард теңгеден астам қаржыға есептелген 121 өтініш қанағаттандырылды.
Жаңа тұрғын үй құрылысын алушыларды ынталандыру үшін «Баспана» ипотекалық ұйымы арқылы 150 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Мынадай қаржы көлемі белгіленіп отыр: Астана, Алматы, Шымкент қалалары үшін 20 миллиард теңгеге дейін, өзге өңірлер үшін 6,4 миллиард теңгеге дейін. Егер пәтер құнын орта есеппен 10 миллион теңге деп алсақ, бұл қаржыға респуб-лика бойынша 15 мың пәтер, біздің облыста шамамен 640 пәтер салуға болады.
Жалпы, бағдарламаны өңірлерде табысты орындаған жағдайда, сондай-ақ, жас отбасылар мен бюджет саласының өкілдеріне қаржылай жеңілдік көрсету мақсатында «Баспана» ипотекалық ұйымы «Қамқор баспана» және «Жас арман» жүйесін енгізуді қолға алады. Баспана ипотекалық ұйымы Ақмола облысының әкімдігімен бастапқы жарнаны субсидиялау бойынша меморандум жасауға дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар, екінші нарықтағы тұрғын үй нысандарын ипотека бойынша несиелеу мақсатында Баспана 2018 жылдың 11 қыркүйегінен бастап, «Баспана Хит» жаңа жобасын іске қосты. Ондағы бастапқы жарна 20 пайыз, Ұлттық банктің жылдық ставкасы 9 пайыз + 1,75 пайыз =10,75 пайыз. Несиелеу мерзімі 15 жылға дейін.
Президент өзінің әр Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкіметке ең төменгі жалақыны 1,5 есеге ұлғайту туралы тапсырма берді.
Бұл тікелей барлық салалардағы әртүрлі меншік түріндегі кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамды қамтиды. Еңбекақыны көтеру бюджеттік ұйымдардың 275 мың еңбеккерін қамтиды. Еңбекақы орташа алғанда 35 пайызға өседі. Бұл мақсатқа 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлінеді. Бұл дегеніңіз көптеген тұрғындар, оның ішінде ақмолалықтар үшін көптен күткен тұрғын үй сатып алу мүмкіндігі артады деген сөз. Тұрғындар өмірінің сапасы жақсарады. Ипотекалық несиелеудің қарқыны жанданады. Мұның бәрі облыс экономикасының дамуына оң ықпал етеді. Құрылыс саласы әрқашан экономиканың драйвері болды. Мұнда әртүрлі мамандықтың және аралас салалардың көптеген адамдары тартылған. Сондай-ақ, бұл үй салушылар үшін тұрғын үй тұрғызуға ынталандыратын фактор болады. Бұл жағдайда барлығы, яғни, тұрғындар, бизнес, мемлекет пен экономика ұтады.

Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры
Дана Ысқақова:

–Бүгінгі қоғамға маңызы бар үлкен отырыста барлық Ақмола облысының ұстаздары атынан сөз сөйлеуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Ұстаз қашан да болмасын қоғамдық дамудың деңгейінен көрінетін, оның әлеуметтік парызына жауап беруді көздейтін, жаңалыққа жаршы маман иесі.
Сондықтан да, Елбасымыздың кезекті Жолдауы – білім беру саласы үшін маңыздылығы зор Жолдаудың бірі болды.
Жолдауда «Білім сапасын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс»,– делінген. Сонымен қатар, білім беру ісінде оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін енгізуге баса назар аударылуда. Осыған орай, өзім жұмыс жасайтын дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқу әдістемесіне Кембридж бағдарламасы бойынша Назарбаев мектептерінің тәжірибесі енгізілді. Барлық сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына сатылап көшірілуде. Жаратылыстану-математика пәндерінің үш тілде оқытылуы жүзеге асырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде өткен оқу жылында 5 оқушымыз республикалық, 2 оқушымыз халықаралық білім байқауларының жеңімпаздары болғандығын мақтанышпен айта аламын.
Сонымен қатар, басқа да білім ұйымдары сияқты мектебіміз Жолдауда айтылғандай, балалар қауіпсіздігінің маңыздылығы ескеріліп, 54 бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Облысымызда бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермекші.
Білім саласында 2018 жылғы басымдыққа ие болған жобалардың бірі – «Тегін ІТ сыныптарын ашу». Бұл мақсатта облыс мектептерінде 61 тегін ІТ сыныптары ашылды. Сонымен қатар, жаңа оқу жылында облыс орталығы Көкшетау қаласында тұңғыш рет 900 оқушыға арналған қазақ тіліндегі ІТ мектеп-лицейі ашылды. Барлық заманауи технологиялармен жабдықталған мектеп-лицейінде оқушыларға ІТ саласында тереңдетілген білім беруге толық мүмкіндік бар.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,–деп бекерге айтылмаған болар. Сондықтан да, білім ұйымдарында білім мен тәрбие қатар жүргізіледі. Оқушылардың бойында отансүйгіштікті, ұлтжандылықты, патриотизмді қалыптастыратын «Жас ұлан», «Жас қыран» атты клубтар жұмыс істейді. Алдағы тұрған міндеттердің бірі – «Сарбаз» бірлестіктерін құрып, әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейту.
Биылғы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет облыстың 70 оқушысы Қызылорда облысының киелі жерлерімен танысу мақсатында саяхатқа барып қайтты. Бұл бастама – мектеп туризмін дамытудың алғашқы қадамы.
Сонымен қатар, бюджеттік мекемелердің, мұғалімдердің жалақысын көтеру Елбасымыздың назарынан тыс қалған емес. Соңғы екі жыл ішінде жаңартылған бағдарламаға сай ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артты. Келесі жылы жалақының орта есеппен 35 пайызға өсетіндігі ұстаздар қауымын тағы да қуанышқа кенелтті. Жолдауда «мұғалімдердің ипотекамен үй алуына көмек берілсін»,–деп тапсырылуы мұғалімдер қауымына қуаныш сыйлағандығын ақпарат көздері арқылы мұғалімдердің бір-біріне толассыз жіберілген хабарламаларынан байқауға болады.
Халқымызда «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген қанатты сөз бар. Елбасының ұстаздардың қоғамдағы орнының ерекше екендігін айқындап, төл мерекемізде жолдаған Жолдауында педагогтер мәртебесін көтеруді тапсыруы, яғни, ұстаздар қауымын ерекше қолдауы Ақмола облысының ұстаздарына да қуаныш сыйлап, қанат бітіріп, мамандықтарына деген құлшыныстарын арттыруда. Осы орайда, облыстың 20 мыңнан артық ұстаздар қауымы атынан және барлық қазақстандық ұстаздар атынан Мемлекет басшысына шексіз алғысымызды білдіреміз! Біз, мектеп мұғалімдері, Елбасының бастамасын шынайы қолдаймыз, оның жүзеге асырылуы жолында аянбай еңбек етіп, бәсекеге қабілетті тәрбиелі де, білімді ұрпақ даярлау ісіне бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

«Аймақтық астық холдингі» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры Ербол ТӘШЕНОВ:

–Мені кәсіпкер ретінде Елбасының бизнестің проблемаларына терең назар аударғаны қуантты. Біз кірісіміздің өсімі тікелей экономикамыздың кірістеріне байланысты екендігін жақсы білеміз. Ал, экономиканың қозғаушы бір күші шағын және орта бизнес болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің жыл сайынғы Жолдауларында кәсіпкерлікке ерекше көңіл бөлумен келеді. Бұл жолғы Жолдауда да өте өзекті мәселе – шағын және орта бизнес пен өңдеу секторы үшін несие берудің қолжетімділігіне баса назар аударылды. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың бәрі өз еліміздің ішінде өндірілуі керектігі жөнінде нақты міндет қойылды. Бұлар – азық-түлік, киім-кешек, аяқ киім, бір сөзбен айтқанда, әр елде өндірілетін халықтың қарапайым қажеттіліктері. Міне, біз өз тұрақты экономикасы бар ел боламыз десек, осыған толық қол жеткізуіміз керек. Мұны бір жағынан отандық өндірушілерді нақты іске шақыру деп бағалауымызға болады. Отандық өнімді сатып алу барысында ел бюджетіне сол өнім бағасының кемі 35 пайызы пайда болып құйылатынын бәрімізге де білу қажет. Өз еліңде өндірілген өнімді тұтыну бір жағынан мақтаныш, бір жағынан патриотизм. Басқа елдің өнімін сатып алғанда біз солардың экономикасын көтереміз, ақшамыз басқа елдің бюджетіне кетеді. Бүгінгі таңда бізге жетіспей тұрғаны да осы. Әлі күнге өзімізде өнім шығаруға толыққанды қол жеткізе алмау. Сондықтан, бұл іске қоғамымыздың әрбір мүшесі өз үлесін қосуға тырысуы керек. Бірлескен күш-жігермен ғана алға қойылған міндеттерді шеше аламыз.
Биылғы Жолдаудың атауының өзін осы маңызды құжаттың бет-айнасы деуімізге болады. Қазақстандықтардың әл-ауқаты бірінші кезекте кірістердің тұрақты өсуіне және өмір сапасына байланысты. Елімізде жүргізіліп отырған барлық реформалар ең алдымен, ел тұрғындарының тұрмыс деңгейінен көрініс табуы тиіс.
2050 жылға қарай дамыған отыз елдің қатарына қосылу – біздің стратегиялық міндетіміз. Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында 36-ыншы орынға көтерілді. Елімізде үшінші модернизациялау жүріп жатыр. Оның басты міндеті – еліміздің кең көлемді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыру болып табылады. Бәсекелестікке қабілеттілік тек қана интеллектуалдық көрсеткіш емес, онымен бірге, біз сыртқы нарықта сапалы өнімімізбен бәсекеге түсе алуымыз керек. Ал, бұл бизнестің жауапкершілігі. Ал, бизнестің жауапкершілігі салықты уақытында төлеуден басталады. Өмір сапасын жақсарту үшін қажет болатын ел бюджетінің өзі салықтардың түсуінен қалыптасады.
Біз уақытпен бірге алға басуымыз керек. Қазіргі техникалық прогресте құрал-жабдықтарды, техникаларды дер мезгілінде модернизациялауға, жаңа өндірістер құруға қол жеткізуге тиіспіз. Осы мақсаттар үшін Үкіметке 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлуге және қосымша 500 миллиард теңгені өңдеу өнеркәсібін қолдауға бөлуге тапсырма берілді. Шикізатты өңдеп барып экспортқа шығару бизнеске оттегі сияқты қажет болып отыр. Соның арқасында ғана экономика кең тыныс алады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылып, оны іске асыруға жыл сайын қосымша 30 миллиард теңге қаржы бөлінетін болды. Бұл бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетіп, жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Кәсіпкерлерге осындай қолдау көрсетілгені өте қуанышты.
Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін іске асыру қажет. Бұл орайда, еңбек өнімділігін және өңдеу саласы экспортын 2,5 есе ұлғайту жөнінде міндет қойылды. Үкіметке өңдеу секторындағы экспортшыларды қолдау тапсырылды. Экспортты дамыту үшін не қажет? Вагондар қажет, валюта курсының тұрақты саясаты қажет. Мәселен, доллардың бір курсы бойынша контракт 380 теңге делік. Тауарды жеткізіп үлгергенше курс 325 болып кетті, мұндай жағдайда экспорт қалай дамымақ? Сонымен бірге, қосымша құн салығы жедел қайтарылып отыруы керек. Ақша экономикаға жылдам қайтуы тиіс. Жоғары пайыздық ставкалар ел экономикасын тек тұншықтырады.
Біз «Аймақтық астық холдингі» ауыл шаруашылығы кооперативі шикізат экономикасына тәуелділікті сезінеміз. Шикізат экономикасы дегеніміз не? Ережеге сайсақ шикізат бағасына ешкім ықпал ете алмайтын биржалық тауар. Сондықтан, тәуелділіктен кету үшін өнімді соңына дейін өңдеуді жолға қоюымыз керек. Сонда ғана кепілдендірілген оң экономика болады. Біз Президенттің идеясын пайдаланып, барлық өсірілетін өнімді өңдейтін комбинат салғымыз және түпкі өнім арқылы қосымша құнның тиімділігін арттырғымыз келеді.
Сондай-ақ, бізді Елбасының «Біз ортақ бір істі атқарамыз, бір елді көркейтеміз» деген сөздері де толғантты. Біздің бәріміз бірлесіп бүкіл күш-жігерімізді елдің өркендеуіне, өз мамандығымыздың нағыз иесі болуымызға жұмсауымыз керек. Сонда ісіміз де алға басады.

Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафин:

– Қазақстан Республикасының Президенті ел халқына жолдаған жаңа Жолдауында туризм мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Алдымызға асқаралы міндет қойылғандықтан, біз өзіміздің аса бай табиғатымыздың игілігін көруіміз керек. Осы орайда, Зеренді ауданының бұл бағыттағы мүмкіндігі зор екендігін айтқым келеді. Қазіргі күні 39 туризм нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 9-ы жыл бойы өз қызметін тоқтатпайды. Жыл ішінде екі мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Сыртқы келушілерді өзіне тартатын нысандардың ішінен үш жұлдызды «Елікті Парк» тау шаңғысы базасын бөле-жара айтуға әбден болады. Сондай-ақ, «Аврора Гарден» де екі жұлдызға ие болып отыр.
Үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында туризм нысандары 16380 адамға қызмет көрсетті. 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстыратын болсақ, бұл көрсетекіш 8,2 пайызға жоғары. Саладан түскен қаржы көлемі де біршама арта түсуде. Үстіміздегі жылы 156,5 миллион теңге кіріс кірді. Өткен жылғы осы уақытта бұл көрсеткіш 150,8 миллион теңгеге тең болатын. Демек, өсім 6,3 пайызды құрап отыр. Туризм нысандарынан түсетін салық көлемі үстіміздегі жылдың 9 айында 76,6 миллион теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім бар. Нақтылай түсетін болсақ, кіріс көлемі 101,1 пайызға жетіп отыр.
Ендігі мәселе алдағы уақытта аудандағы туризм кластерін дамыту. Бұл орайда, 2018-2020 жылдарға арналған Зеренді курортты аймағын дамытудың жоспары жасалғандығын айта кетуіміз керек. Бұл бағытта жалпы көлемі 1,3 миллиард теңгені құрайтын 26 іс-шараны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Үстіміздегі жылы Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қатысуымен «Zerenda Park» демалыс аймағының салтанатты ашылуы өтті. Сондай-ақ, «Аңсат КЗ» қонақ үй корпусы пайдалануға берілді. Оған қоса «Парус» демалыс аймағының асханасы мен әкімшілік корпусы, «Елікті Парк» тау шаңғысы базасының бассейні және «Аврора Гарденнің» демалыс орталығы іске қосылды. Туризм нысандарына алғашқы жартыжылдықта 215,0 миллион теңге инвестиция құйылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Парус» демалыс базасының жыл бойы жұмыс істейтін су аттракционының құрылысына 2 миллион теңге грант бөлінді. Зеренді көлінің жағасын игеру қарқынды жүргізіліп жатқандықтан көпшілікке қолайлы жағдай туғызу мақсатында коммуналдық жағажай жұмыс істеуде. Бұл орайда «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркінің Зеренді бөлімшесімен меморандумға қол қойылды.
Туризмді дамыту мақсатында аудан орталығында халықтың қызығушылығын туғызатын шаралар өткізілуде. Мәселен, «Елікті Парк» тау шаңғасы базасында жыл сайын байк-рок фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Бұл шараға таяу шетелдер мен өз елімізден екі мыңға жуық туристер қатысады. Ал, дүниежүзілік туризм күні әрдайым өз деңгейінде аталып өтіледі. Бұл күні қонақтар велоэкскурсияға шығып, аудандағы табиғаты шүйгін, тамаша жерлерді араласа, әуесқойлар балық аулаудан спорттық жарыстар өткізеді. Осындай бұқаралық спорттық-мәдени шаралар әлем туристерінің назарын өздеріне аударуда. Бұл орайда, жарқ еткен жаңалық та жоқ емес. «Сұңқар» сауықтыру кешенінің базасында демалыс үйлерінің фирмалық ас мәзірінен байқау өткізілді.
Туристерге қолайлы жағдай туғызу үшін туризм бөлімінде Call-center құрылды. Ендігі арада ауданның кез-келген қонағы 79-0-79 телефонына қоңырау шалса, барлық ақпаратты біле алады. Үстіміздегі жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай қыруар шаруа атқарылды. Өз еліміздегі қасиетті жерлердің қадірін біліп, туған өлкенің тарихын тереңірек зерттедік. Қазіргі күні Зеренді ауданының аумағында тарихи-мәдени мұра санатындағы 16 нысан бар. Қасиетті жерлердің картасы жасалып, деректер жинақталды.
Зеренді ауданының туризміне Щучинск-Зеренді бағытындағы жаңа автомобиль жолы тың серпін беруге тиісті. Бұл жолдың қос қапталында Серофимовка, Ақкөл, Молодежный елді мекендерінің маңында жол бойындағы сервис нысандары салынатын болады. Сонымен қатар, 2019-2021 жылдары Зеренді курортты аймағын дамыту жоспарына Зеренді селосының шеңберінде этноауыл салу, «Елікті Парк» тау шаңғысы кешенінің қызметін кеңейту, «Зеренді Парк» демалыс аймағы мен Қошқарбай ауылындағы «Аспан Парк» демалыс аймағының құрылысын қолға алу жоспарланған.
Зеренді курортты аймағы Қазақстанның туристік картасына енген, осы бағыттағы болашағы зор өңір. Біз ендігі шаруамызды Елбасының елге арнаған Жолдауынан туындайтын асқаралы міндеттер аясында атқаратын боламыз.

«Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты Көкшетау қалалық филиалының басшысы Аян Хафиз:

–26 жыл Тәуелсіздігі бар еліміздің тарихында 2019 жылды Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – «Жастар жылы» деп жариялады. Еліміздің барлық жастары бұл жаңалықты зор шабытпен қабылдады. Ол жастар үшін тек қана қолайлы жағдай жасайтын жыл ғана емес, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік жылы. Елбасы өз Жолдауында: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын. Біз ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғыртуға кірісуіміз қажет. Бұған арнайы «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іске қосылуы септігін тигізеді. Бұл жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алу керек. Бойскаут қозғалысы сияқты «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейткен жөн. «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек», – деді. Міне, Елбасы алға қойып отырған осы міндеттерді іске асыруға біз жастар бұл шаралардың бел ортасында жүретін боламыз. Өйткені, отансүйгіштік тәрбиенің қазіргі кезде маңыздылығы бәрінен де жоғары болып тұр. Өз Отанын сүйген жастар ғана өз елін көркейте алады».
Қазіргі кезде облыста тұратын жастар саны 148 996, бұл облыстағы жалпы халық санының 20,2 пайызын құрайды. Экономикалық белсенді жастар 86 мыңнан астам. Ауылдық жерлердегі жастар үлесі жалпы жастар санының 55 пайызына тең.
Бүгінгі таңда жастар үшін өзекті мәселелер – білім алу, жұмысқа орналасу, тұрғын үй және бос уақытты тиімді пайдалану болып табылады. Біздің, жастардың жан-жақты дамуы үшін елімізде біраз қажетті жағдайлар жасалған. Мысалы, тек Көкшетау қаласында «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының арқасында 300-ден астам жас отбасы баспаналы болуға мүмкіндік алды.
«Жастар жылында» Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында жалпыға арналған «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, облысымыздың жас азаматтары үшін жаңа «Тұрғын үй» жобасының қабылданғанын қалар едік. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасудың тиімді жүйесін құру болашақ жас мамандарға өзіміздің әлеуетімізді кеңірек іске асыруға мүмкіндік берер еді.
«2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы біздің аймағымызда ойдағыдай іске асырылуда. Ағымдағы жылдың басынан бері 3 872 жас осы бағдарламаның қатысушысы болды, оның 1 842-і – ауыл жастары. Сондай-ақ, жастар іс-тәжірибесі тұрақты жұмыс орнына орналастыруға мүмкіндік берді.
Жыл сайын жастарды қолдау және кадрлар тапшылығы мәселесін шешу үшін жас азаматтарымызға облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы тағайындалады. Қазіргі уақытта еліміздің түрлі жоғары оқу орындарында 276 ақмолалық жас облыс әкімінің атаулы шәкіртақысының иегері ретінде білім алуда. Мемлекет басшысы да талай рет өз сөзінде жаңа типті жас ұрпақты тәрбиелеуге ерекше назар аударып, бәсекеге қабілетті, әділ, өз ісіне адал кәсіпқой, мәселелерді шешуде жаңа тәсілдер қолданатын жастарды қолдау туралы атап өткен болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамда кең қолдау алып, жаңғыру процестеріне зор талпыныс берді. Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауылдық жастарға өзін-өзі дамытуда үлкен мүмкіндік туғызады. Жастар сонымен қатар, «Цифрлық Қазақстан», «Латын әліпбиіне көшу», «Үш тұғырлы тіл» және тағы басқа бағыттарға белсене атсалысуда. Бұл тұрғыда, облыс жастары волонтерлер қозғалысын қарқынды дамытуда.
Әр уақыттың өз талаптары бар, кейде аға ұрпақ өкілдері жастарды еңбекке жоқ, еріншек деп сынайды. Бірақ, жастар әр салада биік белестерді бағындырып, өз мақсаттарына жетуде. Бүгінгі ұрпақ ынталы, дарынды, талантты және жаңа ойлары бар азаматтар. Дәл осындай жастардың күш біріктіруінің арқасында жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Президентіміздің жүктеген мақсат-мүдделерін жүзеге асыруда жас ұрпақ туған жеріне, туған еліне ерең еңбек етеріне күмәнім жоқ!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар