Білім беру жүйесінде біраз мәселе шешімін табуда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында білім саласына да жіті көңіл бөлді. «Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертті», деп жалпы саясатты айқындап берді Мемлекет басшысы.

Мен осы білім саласында 15 жылдан бері қызмет істеп келемін. Бірақ, қашықтықтан сабақ беру біз үшін жаңалық болды десек те болады. Ал, Президентіміздің бұл жұмыстың қиындығын да тілге тиек еткені, – ауыл мұғалімінің жағдайын біліп отырғаны «Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермей әлеуметтік желі арқылы жұмыс істедік. Сондықтан, ел Президенті толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажеттігін баса айтты. Демек, электрондық технология дамыған заманда ұстаздар ештеңеге қарамастан, оқушыларды білім нәрімен сусындатуы керек.

Жалпы, орта білім саласындағы әріптестерімнің айлығының аздығы, ауылдық жерлерге баратын білікті мамандар аз болатыны – «Педагог мәртебесі туралы» заңда айқындалды.
Баршамызға белгілі, ауыл мұғалімдеріне ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап еңбекақыны 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылданды. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта беретіні айтылды. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлініп отырғаны бізді қатты қуантады. Әрине, бұл ұстаздар үшін жақсы жаңалық. Өзімізге сеніп тапсырылған оқушының сауатты, тәрбиелі, білімді, білікті қылып, мектеп қабырғасынан шығарып салу біздің қастерлі міндетіміз екенін жақсы сезінуге тиіспіз.

Қазақстандық ғылымның ертеңі еліміздегі білім жүйесіне де тікелей байланысты. Осы саланы басқарудың тікелей негізгі қағидаларына сүйенсек, қаржыландыру жағынан мемлекеттік және мемлекеттік емес болып есептелетін еуропалық типтегі білім беру жүйесі қанат жайып отыр. 1995 жылғы Конституцияның 30-бабы бойынша баршаға бірдей міндетті болып есептелетін толық орта білім алуды мемлекет тегін жүргізеді. 1997-1998 оқу жылынан бастап жалпы білім беретін мекемелерде ақпараттандыру мен компьютерлендіру бағдарламасын орындау міндеттелді. 2001 жылы мектептерді компьютерлендіру толығымен аяқталды. Сондай-ақ, жеке меншік мектептер мен олардағы оқушылар саны 1996 жылғымен салыстырғанда үш есеге артты.

Мамандар даярлауды жаңарту мен жақсарту үшін «Дарын» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылу үстінде. Бұл бағдарлама жасөспірімдер мен жеткіншектерге тәрбие мен білім берудегі білім органдарының негізгі стратегиялық іс-шараларын белгілейтін болады. Ерекше дарынды балаларды шетел оқу орындарына жіберіп отыру мақсатында 1993 жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп келеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деп орынды айтқаны еске оралады. Бүгінде Қазақстан Республикасы білім беру саласында халықаралық ақпарат кеңістігі жүйесіне қосылу әрекеті жүзеге асырылуда. Республиканың оқу орындары, қаржыландыру формаларына қарамастан, бүгінде халықаралық кәсіптік білім беру саласының коммерциялық және инновациялық қызметін қабылдауда.

ХХІ ғасырдың жас ұрпақтары зияткерлік білімді терең меңгеруі керек болса, ұстаздар қауымының да білімі мен біліктіліктерін арттыру міндеті жыл сайын кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Алыс-жақын ауыл мектептері де бұл қойылған талаптарға жақындап келеді және осы мақсатқа жетеміз деп нық сеніммен айта аламыз.

Дүниежүзілік білім беру үдерісіне сәйкес Қазақстанда үздіксіз білім беру жүйесі енгізілуде. Бұл бүгінде кадрларды даярлау, қайта даярлау және мамандығын жетілдіру жүйесін құрудан көрініс табуда, жекелеген жағдайларда бұл жүйе тұрғындарды еңбекпен қамту қызметімен бірлікте әрекет етеді.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауы уақыт талабына жауап беретін маңызды құжат дегім келеді. Сондықтан, оның әр бөліміндегі көтерілген мәселелер мен тапсырмалар ұлтымыздың ертеңі үшін нақты жол. Яғни, жасампаз шығармашылық, кәсіби мамандарды шыңдап, ел игілігіне қызмет етуге жұмылдыру – басты мақсатымыз. Баршамыздың ендігі міндетіміз сапалы білім беруді әлемдік көшбасшылардың деңгейіне шығару болса керек. Осынау істердің нәтижелі болуына сенемін және соған өз үлесімді қосуға мүдделімін деп санаймын.

Меруерт САВИЛХАН,
Қоянды №2 жалпы орта білім
беретін мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар