Ел абыройы үшін адал еңбек етейік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы ардагерлер арасында да үлкен серпіліс туғызды. Ел экономикасын өркендетуге елеулі үлес қосқан аға ұрпақ өкілдері Қазақстанның алдағы даму стратегиясына, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, жас ұрпақты сапалы біліммен қамтуға, тағы басқа игі мақсаттарға бағытталған бағдарламаларды қызу қолдауда.

Алтай НҰРҒАСЫМОВ, облыстық ауыл шаруашылығы саласының төрағасы:
– Екі дәуірдің куәгері болғандықтан, біздер, бірлік пен келісімнің қадір-қасиетін жақсы білеміз. Өмірдің шынайы көрінісі, рухани асыл қазынамыз саналатын өзекті бұл мәселеге үстірт қарауға болмайды. Өйткені, бұл ұғымның астарында жүздеген ұлттар мен ұлыстардың сан қырлы тағдыры жатыр. Ендеше, адамды ұлтына, нәсіліне, тіліне қарап, кемсітуге жол бермеуге тиістіміз.
Ауыл шаруашылығы саласы сияқты көп ұлтты ұжымның басшысы болып істегендіктен, ұлттық ерекшеліктердің қоғамда, жалпы өмірде қаншалықты шешуші рөл атқаратындығына әлдеқашан көзіміз жеткен. Сондықтан да, этносаралық және конфессияаралық қатынастың маңызды екендігін назардан шығармайық. Достықты, ұлттық салт-дәстүрімізді жастардың санасына сіңіріп, насихаттау үшін Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүмкіндігін тиімді пайдаланған жөн. Қоғамдық ұйымдардың елді бірлікке, татулыққа шақырған жұмыстары мен міндеттері Мемлекет басшысының Жолдауында жан-жақты қамтылғандықтан, оны орындауға біркісідей атсалысуды азаматтық парызым санаймын.
Рашит ГАЙНУЛЛИН, Көкшетау қаласының құрметті азаматы:
– «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп, хакім Абай айтқандай, қоғамның қозғаушы күші – еңбектің адам өмірінде алатын орны ерекше. Кәсібімізді дұрыс істей білсек, зейнетке бөленерің хақ. Бұл орайда, жастарға айтарым, іскерлік қабілетіңді тез шыңдау үшін жұмысшы мамандықтарын көбірек меңгерген жөн. Өйткені, халық шаруашылығының қай саласында болсын сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ал қазіргідей, жаппай цифр-ландыру жағдайында оларға қойылатын талап тіпті ерекше.
Мәселен, құрылыс индустриясын алайықшы. Осызаманғы архитектуралық тың үлгідегі ғимараттар, тұрғын үйлер қажет. Оларды жоғары талаптарға сәйкес сапалы түрде салу – қарапайым тас қалаушы, сылаушы, сыршыдан бастап, сәулетшіге дейін кәсіби біліктілікті қатаң талап етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, бізде құрылысшы мамандығына зәрушілік басым. Шетелдерден, басқа аймақтардан мамандарды көбірек шақырамыз. «Гаст-роль» мердігерлік ұйымдар тапсырылған жұмысты тез атқарып, қалталарын ақшаға қампитып, тайып тұрады. Ал, сол ғимарат не үйді пайдалану кезінде орын алған олқылықтардың бейнетін тұрғындар көреді. Осы орайда айтпағым, мектептер, жұмысшы мамандарын даярлайтын орта оқу орындары, мердігерлік құрылыс ұйымдары бірлесіп, үш жақты кешенді жоспар жасау керек. Мұндай қадам мектеп түлектерінің құрылысшы мамандығын таңдауына, кейін оқу бітірген соң жұмысқа орналасуына кепілдік береді. Ең бастысы, кадр тапшылығын жоюға ықпал етеді. Әсіресе, ауыл жастарын жұмыс табудағы әлеуметтік дағдарыстан құтқарады. Байқағаным, біздің қоғамда да әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып барады. Жолдауда айтылғандай, «Кәсіби біліктіліктер туралы» Заң қабылданса, оның жұмысшылдарды өз қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандырары сөзсіз.
Баян БАЙЛИНА, Қазақстанның денсаулық сақтау ісінің үздігі:
– Коронавирус жалпы әлем бойынша денсаулық саласы үшін үлкен сынақ болды. Осы індет белең ала бастаған сәттен бастап емдеу мекемелерінің қызметі жаңа уақыт талабына сәйкес тез бейімделді. Қазақстан коронавирусқа қарсы QazVac вакцинасын жасап шығарды. Дертті ауыздықтауға бағытталған шаралар жоспарлы түрде шапшаң жүзеге асырылғанына қарамастан, науқастар саны өкінішке орай, әлі де азаяр емес. Бұдан шығатын қорытынды мынадай. Мемлекет тарапынан тиісті дәрежеде қам-қарекеттер жасалғанымен, адамдар көрінер көзге санитарлық талаптарды орындамайды. Әлі де болса, той-томалақ тиылар емес, жаназаға да мұсылман жамағат тым көп жиналады. Былайша айтқанда, жауапкершілік жағы жетіспей жатады. Ал, дәрігердің күнделікті қызметіне келер болсақ, коронавирус пандемиясын сылтауратып, басқа науқастарға байланысты ахуалды нашарлатып алған сияқтымыз. Өйткені, Жолдауда атап көрсетілгендей, жоспарлы скринингтер мен ота жасау, балаларға екпе салу кейінге қалып жатыр.
Көпшілікті қатты алаңдататын келеңсіздік дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екен. Бұл дегеніміз, біздің әлі де болса, импорттық өнімдерге тәуелді екендігімізді аңғартады. Осы олқылықтың орнын толтыру тиісті дәріні, жабдықты шеттен қымбат бағаға сатып аламыз да, шығынның орнын толтыру үшін халыққа үстеме бағамен сатамыз.
Иә, адасқанға жол сілтеп, бір ауыз сөзбен тентегін тыйып, тектісін төрге оздырған ардагерлер қауымы қоғам алдындағы жауапкершілігін айқын сезіне отырып, елге қызмет ету сияқты қанға сінген қасиеттен еш уақытта таймайды.
Топтаманы дайындаған
Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар