Сарғайған газет бетінен сағыныш есіп…

Журналист, жазушы, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Жайық Кәгенұлы Бектұров 1912 жылы дүниеге келген. Ежелден моншақты атанған (қазіргі Ақмола облысы, Алексеев ауданы, «Үріті» ауылы) Ақкөл атырабы Жайық Бектұровтың кіндік қаны тамып, табан ізі түскен құтты мекен. Алғаш ауылдағы молдадан сабақ алып, ескіше хат таныған ол шаруа жастары мектебінде оқыған. Жайық Бектұров еңбек жолын ұстаздық етуден бастапты. Сонау Қазан төңкерісі тұсындағы жас ұстаз Сәкен ағасының ізімен ілгерілей бұрын «Ахмет ауылы» атанған, қазіргі «Интузияст» (Қарағанды облысының Нұра ауданы) совхозына келіп, мектепте мұғалім болған. Алғашқы жауқазын жырларын сол Ахмет ауылында жазған, Сәкен Сейфуллинге еліктеді ме, Жайық Бектұров 30-шы жылдардың басында қолына қалам алып, Ақмола қаласында шығатын «Сарыарқа» газетіне ел тұрмысынан шағын хабарлар жаза бастады. Жайық Бектұровтың ұзақ жылдарға созылған журналистік жазушылық еңбегінің бастау алған жері – осы Ақмола атырабы, «Сарыарқа» газеті. Ол содан бері ауыл, қала, интеллегенция, жастар өмірінен көптеген очерктер, әңгімелер, қазақ жазушылары жайлы әдеби сын, мақалалар жазады. Ол 1934 жылы ҚазССР-інің Халық ағарту комиссариатының мұғалімдер курсын бітірген,1934 жылы Қазақ коммунистік университетін, ал 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Жайық Бектұров 1932-1937 жылдары комсомол қызметінде болған, 1937-1939 жылдары республикалық «Лениншіл жас» жастар газетінің редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары міндеттерін атқарған.1939-1940 жылдары Жамбыл облыстық газетінің жауапты редакторы, ол соғыс басталғанда дивизиялық газеттің редакторы болған. 1942 жылы мамыр айында Жайық Бектұров қамауға алынып, КСРО НКВД-сінің айрықша кеңесінің шешімімен РФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға жер аударылды. Жабылған жала тек қана 1955 жылы ҚазССР Жоғарғы сотының Президиумының шешімімен күшін жойып, ал 1989 жылы түбегейлі ақталды. КСРО Жазушылар одағының, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, партия мен еңбек ардагері Жайық Кәгенұлы Бектұровтың қоғамдық және әдеби өмірдегі еңбегі оған атақ-абырой әкеліп, жұртшылықтың құрметіне бөленді. Публицист Жайық Бектұров өзінің ауқымды да бейнелі сөздерімен Орталық Қазақстанның көптеген фактілері мен тарихи оқиғаларын көпшіліктің жадына қалдырды. Ол республиканың әдеби ортасында, кеншілер өлкесінің қалыптасуы мен дамуының, оның орталығы – Қарағандының шежіресін жазушы ретінде белгілі. Жайық Бектұров өзінің шығармашылық және ұйымдастырушылық таланты арқылы облыс пен республиканың мәдени өміріне үлкен елеулі үлес қосты. Ол Қарағанды және Қарағанды облысының энциклопедиясын жасаушылардың бірі болды. Оның көп жылғы әрі тынымсыз еңбегі көптеген үкімет наградаларымен марапатталған. 1977 жылы «Жол жоралғысы» деген кітабы шықты. Бұл жинаққа қаламгердің Ы.Алтынсаринмен, Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, қобызшы-жыршы Н.Атабеков жайлы тарихи-көркем очерктері енгізілген. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қажымай жинап, бастырудағы еңбегі өз алдына бір сала. Жайық Кәгенұлы Бектұров Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Саттар Ерубаев, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Зейін Шашкин және өзге де қазақ ақын-жазушылары жайында көптеген сын, мақалалар жазған. Жазушы басқа ұлттардың әдебиетінің озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытуда көп жұмыс тындырды. Жайық Кәгенұлының өрнекті тілімен қазақшаланған Г.Серебрякова, Петефи, Дефо, Гашек, Л.Пантелеевтің шығармаларын оқырмандар жылы қабылдаған. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде жазушы Азия, Африка елдері қаламгерлерінің бірнеше әңгімелерін аударып бастырған. Кейінгі жылдары, яғни, 1991 жылы «Өткел» өлеңдер жинағы, ал 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан «Таңба» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талай тағдырлар жайында баян ететін туынды. Мұның жарық көруінің арасы 40 жылдай уақытқа созылған екен. Сол қырғынның өзі де куәсі болған, кезінде жазықсыз танылғандықтың кесірінен жапа шегіп, жалынды жастық жылдарын айдауда, азап лагерінде өткізген ардагер жазушының аталмыш романы тасада қалып, кеңес империясы тараған соң, жалғанның жарығына әрең шықты. Жалпы бұл шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнеленген тұңғыш еңбек. Жайық Бектұров – қазақ көсем сөзінің көш бастаушыларының бірі емес, бірегейі. Оның таяуда ғана «Қазақстан» баспасынан жарық көрген «Енеден ерте айырылған төл секілді…» атты кітабы – қазақтың біреуге бодан болған заманы мен бүгін өз алдына егемен ел болған кезеңін жалғап тұрған көшелі көсем ойының бір алтын жібі десе болады. 1998 жылы 26 наурызда сексен алты жасына қараған шағында журналист, жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Жайық Кәгенұлы Бектұров өмірден өтті. «Өлді деуге бола ма, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтқандай Жайық Бектұровты өмірден өшіріліп кеткендер санатына қоса алмаймыз. Ол кісінің қалдырған мұралары көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың жадында мәңгіге сақталады. Жазған дүниелері тарихтың құнды құжаттарына айналатыны ақиқат. Қаламгердің жеке мұрасын мұрағат қорына алынды, өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Жайық Бектұров аты беріліп, онда кабинет-мұражай ашылды.

Таяуда Ақкөл ауданында жазушы-шежіреші Жайық Кәгенұлы Бектұровтың 105 жылдығына орай ұйымдастырылған жиында көкшелік ақын-сазгер Иран Тасқараұлы маған жиырма шақты сарғайған газеттерді ұстатты.

Бұл кісі тау-кен инженері ретінде біраз жыл Жезқазған өңірінде қызмет атқарыпты. Жәкең Қарағанды облысаралық Жазушылар одағының төрағасы болып қызмет атқарып жүрген кезінде Ирекеңмен танысып, бұл кісінің ақындыққа, сазгерлікке жақын адам екенін байқаған. Содан бері бұл кісілер рухани байланыста болып, бірін-бірі толықтырып жүрген. Иран Тасқараұлы Жайық ағамыздың «Желқызыл» өлеңіне ән шығарыпты. Сол әнді сол күні Амангелді ауылында өткізген шарада Жәкеңнің жерлестерінің алдында орындап, ел қошеметіне ие болды. Сазгер Иран қызмет бабымен Көкше жеріне ауысқанда да байланыстарын үзбеген. Менің қолыма тиген газеттерді кезінде Жәкең рухани інісіне жіберіп тұрған. Бұл газеттер негізінен Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», бірен-сараң «Индустриальная Караганда» мен «Көкшетау правдасы». Бұдан қырық жылға тарта бұрын шыққан газеттерде Жайық ағаның өлеңдері жарияланыпты. Өлеңдері әр тараптан, сол кездің өміріне үндес жазылған. «Аспандағы ақ сызық» космонавтикаға, «Сарыарқада теміржол» теміржолшыларға арналыпты. Біраз өлеңдері табиғат құбылыстарына арналған. Олар: Ақ қайың, Бозторғай, Көбелек, Ұшқан құсқа қарап, Жартас тағы басқа өлеңдер бар. Жәкеңнің кіндік қаны тамған жері «Желқызыл» деп аталады. Осы туған өңіріне арналған өлеңінде мынадай жолдар бар:
Сағындым ата мекен Желқызылым,
Құлаққа тиер ме деп жел-ызыңың.
Алыстап кетсеңдағы құйын қуып,
Көңілімнен кетер емес бал қызығың.
Жәкең осы жолдарын «…құйын қуып» – деген мағынасында өмірінің ауыр жылдарын екі сөзбен келтіріп, бала кезінде асыр салып ойнаған мекенін еске алады.
Биыл мерейтойдың қарсаңында сол жердегі бейітке «Ж.Бектұровтың ата-бабасының қорымы» деген жазумен тас қойдық. Сол тасты қоюға қолғабыстарын тигізген Жанбота Асанұлы мен Мұрат Көсембаевқа ризашылығымды білдіремін. Осы газеттерде жер жәннаты Бурабайға арнап «Көкшеден көз кетпейді», «Көкше» атты өлеңдерін орналастырған. Бұл өлеңдерінде осы жердің әсем табиғатын жырлай отырып, туристік «Кенесары үңгірі», «Оқжетпес» шыңын, «Айнакөл» көлдерін тағы басқа жерлерін оқушыға жыр жолдарымен таныстырып өткен.
Автор Ұлы Абайдың туғанына 140 жыл, қайтыс болғанына 80 жыл толуына арнаймын деп, «Абайға алғыс» деген атпен көлемді газеттің бір бетіндей өлең шығарыпты. Бұл өлең жолдарында Абайдың ұлылығын, көрегендігін мына жолдарымен паш етеді:
Халқымның ел болғанын аян еткен,
Осы Абай екі заман кәрібозы.
Жүгініп, табынамыз біз Абайға,
Бой созған өсімдіктей күн мен айға.
Осындай өлең жолдарын Ш.Уәлиханов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин сияқты халқымыздың зиялы азаматтарына арнаған. Жәкең өзінің туыстары мен замандас інілерін де ұмытпапты. Соғыста ерлікпен қаза тапқан туған ағасы Қажыбай Кәгенұлына, ұзақ жыл ұстаздық еткен ғалым, қарындасы Бәтима Кенжебайқызына «Қараторғай» өлеңін жолдаса, рухани інісі академик, Еңбек ері, политехникалық университетті ұзақ жыл басқарған Әбілқас Сағыновтың мерейтойы-
на арнап «Әбілқасқа» деп жырлапты.
Интернационалдық тәрбие белгісіндей болған «Сергей Есенин» өлеңін қалай атамасқа. «Кісілік неде?», «Төзімді бол дейміз…», «Сырласу», «Өкініш те өтініш» балладасы, «Бір сөз», «Сәлем бердім», «Ақ тілек» тағы басқа өлең жолдарын оқып отырсаң, тәрбиелік мәні зор өлеңдер екенін байқайсың.
Жайық ағамыздың жазушы, шежіреші ғана емес көрнекті ақын екендігі де байқалады. Бүгінгі күні жерлесіміздің 500 беттен артық өлеңдер жинағы баспаға дайын тұр. Оны шығаруға қаржылық көмек қажет. Ақмола облысы мен Ақкөл ауданының қаржылық мүмкіншілігі бар азаматтары жерлесіміз Жайық Бектұровтың осы еңбегін шығаруға көмектессеңіздер ағамыздың келесі жас ұрпақты тәрбиелеуге тартқан сыйы болып, аға аруағына құрметіңіз болар еді. Қаржылық көмектесу ниетіңіз болса, редакция арқылы осы жолдардың авторымен хабарласуларыңызға болады.
Сөз соңында Иран Тасқараұлына рухани ағасының аруағын сыйлап осындай ұзақ жылдар жіберген өлеңдерін сақтағанына ризашылығымды білдіре отырып, сексеннің сеңгіріне аман-есен шығып, бақытты, табысты ғұмыр кешуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін.

Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
жайықтанушы.
Астана қаласы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *