Жанкешті еңбекпен жаңарған ауыл

Өз еңбегіне сүйеніп, қолға алған ісін алға бастырғанша асығатын азаматтарды көргенде көңіліңді бір ризашылық сезім баурап алатыны бар. Ел ішінде еңбекке ынталы жан көп, әрі олар бастаған ісіне береке бітіріп отыр. Сол берекенің бастауы әлбетте, жұрт жайын ойлаған мемлекеттік бағдарламалар.

Қиқулаған қаз дауысынан құлақ тұнады екен. Бір өңкей етжеңді, ақ қаздар. Дәл қазір ет жинай қоймаса да, алғашқы қардан кейін суық сорған соң қарбыта жем жеп, торланады. Құс еті қашанда таңсық ас санатында. Кәсіпкер де сол жайды жақсы білетін тәрізді.
Әуел баста жұмыспен қамту орталығынан 4 миллион теңге несие алып, құс шаруашылығын ашқан. Қазір 500 бас аналық қазды сатып алыпты. Кәсібін бастау үшін әрине жер керек. Ауыл іргесінде туырылып бос жатқан жер жетерлік. Таяқтастам жерде Шағалалы өзені ағып жатыр. Бұл ауылда шабындық жер жоқтың қасы. Көкшетау қаласының дәл іргесінде қоныстанғандықтан жайылым жердің де өрісі тар. Осының бәрін ақыл таразысына салып екшей келе, Жанбота Ахметов құс бағуды қолайлы көрген.
Өзінің айтуына қарағанда, кәсіпкерлікпен 1990 жылдардың орта шенінен айналысып келеді. Әуелі сауда-саттықпен несібе айырған. Бірақ, оның өткінші екендігін іші сезсе керек. Өзгенікін емес, өзіңдікін сатқан ләзім.
–Бала-шағаны асырау керек болды,–дейді Жанбота Базарбекұлы,–ол кездегі сауданың жайы белгілі ғой. Қат тауарды бір жерден аласың, екінші жерге сатасың. Кейде қолың жүреді, кейде тоқырап тұрып қаласың. Жаман болған жоқ, басымызға баспана алдық, дүкен де аштық. Құсқа әуестігім бала кезден бар еді. Ел ішінде отырған соң көріп, бағып өстік қой. Осыдан бірер жыл бұрын жұмыртқа басатын инкубатор сатып алғанмын. Қажетті жұмыртқаны Солтүстік Қазақстан облысының құс фабрикаларынан сатып алып жүрдік. Мендегі инкубаторға 1200 жұмыртқа сияды. Кейде жұмыртқа сапасыз болса, балапанның шығуы азайып, шығынға ұшырайтын да кез болады. Енді міне, өзімнің 500 аналық қазым бар. Ешкімнен жұмыртқа сатып алмаймын. Артылғанын сатамын. Шыққан балапанды мәпелеп бағып, аман-есен өсірсең, пайдасы көл-көсір. Мәселен, орта есеппен бір қаз 4-4,5 келі ет береді. Көкшетаудың базарларында жүні жұлынған, үйітілген дайын қаздың әр келісі 1300-1500 теңгеге бағаланады. Ал, бағуы соншалықты қиын емес. Қазға су мен шалғын болса жетіп жатыр. Әрине, жем де керек. Арпа, сұлы, астық қалдығын сатып аламыз. Қазір екі адамға жұмыс беріп отырмын. Жалақыларын уақытылы төлеймін. Жұмыс болған соң жағдайымыз көп-көрім жақсарып қалды, жалғыз біздің ғана емес, тұтас ауылдың.
Айтса айтқандай, ауыл ажары бұрынғыдан біржола өзгеріп, тәп-тәуір көрікке ие болыпты. Көшелері абаттанып, жұмыртқадай жұтынған, облыс орталығынан таяқтастам жерде ірге тепкен Красный Яр ауылының кейпі көрген жанның көзін қуантады екен. Соңғы 2-3 жылдың бедерінде бір-бірімен жарыса бой көтерген жаңа ғимараттар шағын ауылдың шырайын келтіріп-ақ тұр. Барлық көшелер жарықтандырылған. Ұқыпты қолдың табы айқын аңғарылады. Ауыл көшелерінің өне бойында күл-қоқыс жәшіктері қойылған. Автобус аялдамалары соңғы үлгіде салыныпты. Бір айта кетерлігі, тұрмысы түзелген ауылдың демографиялық ахуалы да жақсара түсіпті. Бүгінде осы ауылда 14 мыңға жуық адам тұрып жатыр.
–«Рухани жаңғыру», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде,–дейді селолық округтің әкімі Нұрлан Айсин,–мемлекет пен жекеменшік бірлесіп 32 пәтерлік үш үй салынып, пайдалануға берілді. Аумақтарды дамыту бағдарламасы бойынша жол жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Күні бүгінге дейін 11500 шаршы метр аумаққа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа бөлінген 24 миллион теңге толық игерілді. Әлі де қамти алмай жатқан жерлер бар. Ондай көшелерге қиыршық тас төсеп, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл мақсатқа 15,7 миллион теңге бөлінген болатын. Осы қаржының арқасында жалпы аумағы 22200 шаршы метр жер жөнделді.
Елді мекенде ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі, әбден тозығы жеткен кәріз жүйесін ауыстыру болатын. Биылғы жылы қалалық бюджеттен бұл мақсатқа 9 миллион теңге қаражат бөлінген. Көктемдегі қызыл су жүрген уақытта қызық асығыңа дейін келетін топан су қаптап кететін көшелер бұдан былайғы уақытта ондай қиындықты тартпайтын болады. Республикалық «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында өткен жылы жаңа жылу қазандығы салыныпты. Қазандықтан ұзын-ырғасы 92 нысанға жылу тартылған.
–Жылу қазандығы жаңа заманның талаптарына сай салынды. 16 көпқабатты, 10 әлеуметтік, 60 жекеменшік тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп отырмыз. Осындағы кәсіби-техникалық колледж және бірнеше көпқабатты тұрғын үйлер биыл қосылмақшы,–дейді жылу қазандығының басшысы Владимир Ступин.
Соңғы жылдары Сарыарқаның сақылдаған сары аязында жылу тақсыретін тартқан ауыл тұрғындары мемлекет қамқорлығына дән разы. Осы іске «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 912 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Шынтуайтында бұл өте маңызды құрылыс болды. Тиянақты атқарылған соң тиімділігін ел көріп отыр.
Ел ішінде өз кәсібін дөңгелетіп, өзіне де өзгеге де шарапатын тигізуге ұмтылатын ынталы жандар мол екен. Сол жері көңілге демеу. Алдымен селолық округтің әкімі жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып төрт мәрте кездесу өткізіпті. Ол жиынға кәсіпкерлер ғана емес, әлі ісін бастамаған, қаржысы болмағанымен қауқары, ықылас-ниеті бар адамдар да шақырылған. Сол жиында облыс орталығындағы қаржы институттарының өкілдері әртүрлі бағдарламалар туралы кеңінен түсіндіріп мағлұмат берген. Бұрын екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жергілікті жігерлі жастар мемлекеттік бағдарламалардың қаншалықты тиімді екендіктеріне көз жеткізгеннен кейін бел буған. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 10 кәсіпкер 133 миллион 500 мың теңге көлемінде несие алып, өз жұмыстарын бастап отыр. Солардың бірі жеке кәсіпкер Бекжан Қырқаев. Ол өсімтал, сүтті ешкі бағуға ниеттеніп отыр.
–Бурабай баурайындағы, Көкшетаудағы туберкулезден емдеу мекемелерімен келісім-шарт жасап қойдық,–дейді Бекжан Ахметбекұлы,–қазір ешкі сүтінің емдік қасиетін ел жақсы біледі. Астана маңындағы асыл тұқымды шаруашылықтан ешкі алуға келістік. Бизнес жоспарымыз мақұлданды. Енді мемлекеттік бағдарлама бойынша несие аламыз. Әзірге өз қаржымызға мал қорасын салып жатырмыз. Сүт құятын цех та осы жерде. Ресейден 175 мың теңгеге сауын аппаратын сатып алдық. Ешкіге қоса сауын сиырлар да алмақшы ниеттеміз. Біздің бұл ұмтылысымыз жалғыз өз шаңырағымызға ғана емес, бірігіп жұмыс істейтін малшы, сауыншылардың да ырыздығы.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, ауыл-да шөп шабатын жер аз. Оның үстіне жайылым мәселесі де толғандырып отыр. Тығырықтан шығатын жалғыз жол – мал азығын сәл алыстау өңірлерден дайындау. Буылмаған шөпті тасымалдау қиын. Келер күннің қарекетін күні бұрын ойлаған ол үш жарым миллион теңгеге шөп тайлайтын агрегат сатып алыпты.
Шынтуайтында ауылда кәсіп көзі баршылық. Тек соны игеремін дейтін ниет болса болғаны.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар