Жұмыс ширатылып, белсенділік артады

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі:

табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауына қолдау білдіру мақсатында демократиялық күштердің «Қазақстан – 2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысын өткізді. Бұл мәселе партияның Ақмола облыстық филиалында да тікелей көрсетілім арқылы талқыланды.

Астанадағы онлайн-мәжілісте 6,5 миллион қазақстандықтың мүддесін білдіретін коалиция мүшелері Жолдауда көрсетілген басымдықтардың маңызына тоқталып, жаңа стратегиялық құжатты іске асырудың нақты тетіктерін айқындады. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған биылғы Жолдау Елбасы саясатының беріктігі мен тұрақтылығын көрсететінін айтты.
– Елбасының Жолдауында қоғамда қызу талқыланып жүрген ең өзекті әлеуметтік мәселелер қамтылған. Мемлекет басшысы осы міндеттерді шешу үшін нақты шараларды ұсынып отыр. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс-жағдайын жақсарту, баспанаға қолжетімділікті қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы қордаланған жағдайларды шешу, тарифтерді шектеу және жолдарды жөндеу, қоғамдық қауіпсіздік секілді мәселелер көтерілгенін білеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасы ұсыныстары мен тапсырмаларының жүйелі сипатқа ие екенін атап көрсетті. «Ең төменгі жалақыны бір жарым есеге көбейту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетіні анық. Денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз», –
деді Мәулен Әшімбаев. Жиын барысында Елбасы айқындап берген әлеуметтік жаңғырудың негізгі басымдықтары Қазақстанды өмір сүру деңгейі жағынан әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына қосатын негізгі тетік екені айтылды. Осыған орай, «Нұр Отан» партиясы нақты бағыттар бойынша жүйелі түрде жұмыс жүргізбек.
– Біріншіден, барлық саяси партиялар және қоғамдық күштер мен мемлекеттік емес ұйымдар бірігіп, Елбасы ұсыныстарының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруге атсалысуы керек. Екіншіден, аталған ұйымдар Жолдау басымдықтарын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін талқылап, оны Үкіметпен бірлесіп атқаруға үлес қосуды көздеп отыр. Үшіншіден, «Нұр Отан» басқа да саяси партиялармен және мемлекеттік емес ұйымдармен күш біріктіріп Жолдаудың жүзеге асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізуді қолға алады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бұған қоса, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мемлекет басшысының ұсыныстарын барлық негізгі саяси партиялар мен қоғамдық күштер қолдап отырғанын, оған демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының жиналысы дәлел екенін тілге тиек етті. Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында коалиция мүшелері Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына байланысты өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Онлайн трансляциядан кейін өңірлік Қоғамдық кеңестің Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халқымызға арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттерді талқылау жиналысы өткізілді. Мәжілісті «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жүргізіп отырды.
Қоғамдық кеңес облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік мәселелерді үйлестіру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ш. Рахматуллинаның, Ақмола облыстық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Т.Нахыпбековтің, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Х.Итқұсовтың баяндамаларын тыңдады. Жарыссөзге қатысқан шешендер Елбасы Жолдауы өңірлік Қоғамдық кеңестің жұмысы мен белсенділігін ширата түсуді талап ететіндігін атап көрсетті.

Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар