«Арқа ажары» – ел ішінде

Елбасының Жолдауын «Арқа ажары» газетінің журналистері мен Бірлестік ауылының тұрғындары бірлесіп талқылап, ой бөлісілді

«Арқа ажары» газеті – жергілікті жердің тыныс-тіршілігін, жақсы өзгерістер мен жағымды жаңалықтарды жалпақ жұртқа үзбей жариялап келеді. Ғасырдан астам тарихы бар басылымға 2019 жылға жазылу науқаны да басталды. Халықпен байланысымызды одан әрі нығайту мақсатында «Арқа ажары» газеті – әр шаңыраққа!» атты жобаны қолға алып отыр.

Зеренді ауданындағы Бірлестік ауылында болып қайтқан «Арқа ажары» газетінің бір топ қызметкерлері Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауы жайлы ауыл тұрғындарымен пікір алмасу және алдағы жылға «Арқа ажары» газетіне жазылу жайын ойластыруды мақсат еткен-ді.
«Арқа ажары» басылымының қалың оқырманы бар Бірлестік ауылындағы бұл кездесуді Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Азамат Қапышев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің кіріспе сөзінде аудан халқы Елбасының Жолдауымен қызыға танысып, қолдау білдіріп отыратындығын айтты.
– Расында Елбасының Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі нығайтып, халықтың табысы мен тұрмыс сапасын жақсартудың нақтылы міндеттері белгіленді. Енді сол міндеттерді ел болып жүзеге асыруға кірісіп отырмыз, – деп сөзді «Ақмола- «Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиевке берді. Жабал Ерғалиев: – Біз бүгін иманы ұйыған, береке дарыған Бірлестік ауылына келіп, ең әуелі өздеріңізбен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халқымызға арнаған жуырдағы Жолдауы жайлы айтып, ой бөлісуді мақсат еттік.
Жыл құжаты бүгінгі әңгіменің басты арқауы болуға тиісті деп ойладық. Президентіміздің 1997 жылғы алғашқы Жолдауынан бастап күні кешегі Жолдауы аралығындағы стратегиялық міндеттердің бірде-бірінің маңыздылығы әлі күнге дейін жойылмағандығын аңдар едік. Басты мақсат – ел болу, Қазақстанды әлемнің дамыған озық 30 мемлекеттерінің қатарына қосу, бұл – Мәңгілік ел болудың мұраты!
Елбасы Қазақстанда жүргізіліп жатқан барлық реформаларды табысты жүзеге асыру үшін тұтас қоғам болып ортақ мақсатқа жұмылудың аса маңыздылығын атап көрсете отырып, ой мен сананы жаңғыртуға жаңа серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі қарай «жалғастырып қана қоймай, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет» дей келіп, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы қажеттілігін орынды айтты әрі дер уағында көтеріп отырғаны айқын. Бұл сөздерді ауыл идеологиясының, мәдениеті мен рухани бейнесі саналатын сіздермен, Бірлестік ауылының мұғалімдерімен де бүгінгі кездесуде тілге тиек етуіміздің мәні осында. Елбасының келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау қажет деуі әбден пісіп жетілген мәселе деп санаймыз.
Қазақ – рухы биік халық. «Мәңгілік елге» бара жатқан халық мұны ұлық ұстаным санайды. Ұлттық сананы (код) қалыптастыру бағытында аянбай еңбек ететін кез бүгін. Сіздермен бірге пікір салмақтап, ой саралар жағдайлар аз емес.
Мұны ата-аналар ұлағатымен қатар, ұстаздар қауымына, баспасөз өкілдеріне қаратып айтатынымыз анық. Мен жуырда Қостанай қаласындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатыстым. Сонда Австрия ғалымы «алтын белгі, қызыл дипломның қаншалықты қажеті бар?» деген пікірдің ұшын шығарды. Шындығында, бүгінгі күнгі бағам басқаша. ІТ-технологияны меңгеру қабілеті алдыңғы қатарға шығады. Бұл білімнің қажеті жоқ дегенмен қабыспайды. Мәселе, біздің балаларымыздың өмірде кездесетін түрлі ситуацияларға дайын болуы, дағдарыстан шыға білуі төңірегінде болып тұр. Швейцария үлгісіне келсек, балалардың балалық шағына қол сұғылмауы маңызды. Ойнасын, еркіндік беру арқылы ертеңгі күнге дайындалсын дейді. Отбасын құрмай жатып ажырасып жататындар, қолында дипломы болса да қызметке қабілетсіздер, өмір дауылында адасып жататындарды осылардың арасынан табасыздар. Демек, адамға деген заман талабы әсте әлсіремек емес.
– Халқымыздың асыл перзенті Сәкен Сейфуллиннің ұйымдастыруымен жарық көрген «Тіршілік», бүгінгі «Арқа ажары» газеті өзінің 100 жылдық мерейжасын былтыр атап өткенін білесіздер. Басылым заман ағымына сай әрқилы жағдайды бастан өткерді. Аты да құбылып өзгеріп тұрған кезеңдер болды. Әйткенмен, ел газетінің ұстанымы берік, байрағы биік екендігін ғасырлық ғұмырнама айқын дәлелдейді. Үмбет үмітінің үнпарағы өзіне жүктелген міндеттер үдесінен шығу арқылы жүз асқардан асып отыр. Әсте оңай белес емес.
Газетіміз «Қазақ білсін!» деген айдарды үзбей бере бастады. Мұнда тағылым көп. Облысымыздың киелі жерлері картасы дайындалып, тіркеуге алынған 11 нысанның қадір-қасиеті жөнінде мақалалар жариялануда. Жуырда өңір басшысы Мәлік Мырзалиннің бастамасымен
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында академик жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық шығармаларының кітап болып жарық көруі, Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» романының Лондонда ағылшын тілінде шығарылуы және «Көкшетау сал-серілері» сериялы кітаптардың дайындалып жатқандығы халықтың мәдени рухының биіктігін көрсетеді. «Арқа ажары» қозғау салып жатқан басқа да дүниелер баршылық. Сондай-ақ, ауыл өмірі, еңбек майталмандары, жергілікті кәсіпкерлер шарапаты басылым бетінен түспейтін болады. Игі істердің орамын келтіру тәжірибесімен қатар, келеңсіздік атаулы да назардан тыс қалмайтыны анық. Бұл үшін ел іші баспасөзден қол үзбеуі керек. Қазіргі интернет заманында бәсекелестік артып отырғаны белгілі. Бірақ,
халықтың дәстүрлі ақпарат көзі, кәдуілгі ниеттес сырласы әрдайым жандарыңызда болады деген сенімдеміз.
Бұдан кейін газет шолушысы, Қазақстанның құрметті журналисі Бақберген Амалбековке сөз берілді.
– Жаңа басылым басшысы елдің ішкі-сыртқы жағдайлары, болашақ бағдарлары жайлы баяндап, Мемлекет басшысының жаңа Жолдауынан туындайтын міндеттер жөнінде тарата әңгімеледі. Мұның барлығы елдің екпінді дамуын, халқымыздың табысы артып, алаңсыз тіршілік кешуін көздейді. Бүгінгі емен-жарқын әңгіме ақпарат тынысының кеңдігін байқатады. Ендігі жерде ақпарат айдыны бұдан да кеңи түсетінін, бұл күнделікті қажеттілікке айналатынын байқатады. Уақыт сұранысы да осы, – деп сөз сабақтады ардагер журналист.
Астаналық облыстың бас басылымы осынау жауапкершілікті айқын түсінеді, қызмет өрісі жаңа талаптарға бағытталу үстінде. Газеттің қалыптасқан шығармашылық құрамы бар. Әйткенмен, ілгері басу үшін ізденіс керек. Ал, оқырманмен байланыс ізденістің ауқымын кеңейте түсетіні анық. Сондықтан, сіздердің оңтайлы пікірлеріңіз газет қызметін жандандыруда ойтамызыққа айналатынын айтқымыз келеді. Бұл ретте, ауыл мәдениетінің жаршысы – ұстаздар бастамашылдығы маңызды болмақ.
Бірлестік мектебінің аты өңірге жақсы мәлім. Мұнда талай-талай айтулы азаматтар тәрбиеленген. «Туған жерге туыңды тік» дейтін қағиданың жақсы үлгісі ақшаңқан ауылда көрініп тұр. Биыл 1 сыныпта 12 бала оқып жүр екен. Аз да, көп те деп айта алмасақ керек. Бұл газет қоржынында демография, көші-қон, урбанизация, қолайлы тіршілік мәселелері көбірек кездесуін қалайды. Жолдауда «Ауыл – ел бесігі» бастамасы көтеріліп отырғандығы сондықтан. Елбасы 2019-шы жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қуана құптарлық қадам болды. Мемлекет басшысы жастарға үлкен сенім артып, үнемі қолдап келе жатқанын осы жолы да анық көрсетті және қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтті.
Ауылдың бүгінгі бейнесі көңіл өсіреді. Ақшаңқан үйлер қатары көбейіп, жолдар асфальтталыпты. Демек, жұмыссыздық аза-йып келеді. Шаруа қожалықтары агроөндіріс саласын алға жылжытқанын көрдік. Жалпы, астаналық облыста жұмыссыздық мейлінше азая түсетінін байқауға болады. Бүгінгі бас қаламыздан ірі өнеркәсіп орындарын шығару мәселелері айтылып қалуда. Бұл облысқа жаңа мүмкіндіктер ашады.
Бірлестік орта мектебінің директоры Лалагүл Есмағұлова:
– Елбасының Жолдауы мектеп мұғалімдерін зор қуаныш пен сенімге бөледі. Әсіресе, мұғалімнің қоғамдағы рөлін анықтап, беделін арттыру туралы Елбасы айтқан пікірге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. «Мұғалім статусы» туралы заң қабылданар болса, бұл әр мұғалімнің жауапкершілігін де көтеретін болады. Қазіргі таңда газет тәуелсіздік аясында өркендеген Қазақ елінің іргелі өңірі – Ақмола облысының келешегі зор, берекесі мол бүгіні мен ертеңін жаңа қырынан жазып келеді. Сөзі салмақты, пікірі салиқалы, ойы өрісті аға газет арайлы Ақмола өңірінің жарқын келешегiнiң жаршысы рөлiн атқаруда. «Арқа ажары» газеті – отбасымызбен сүйіп оқитын басылымның бірі. Аптасына үш рет шығатын басылымды асыға күтіп отырамыз. Газет қолымызға тиісімен басынан аяғына дейін оқып шығып, ауылдық округтер, аудан, облыс экономикасының түрлі салаларында жылт еткен жаңалықтарға, облысымыздың қол жеткізген жетістіктерінен құлағдар болып жатамыз. Өз кезегінде игілікті іс-шараларды өзіміз де өткеруге күш саламыз. Негізінен облыстық басылымда ойда жүрген мәселелер жиі көтеріліп тұрады. Жазылым бағасы да қолжетімді. Сондықтан, мектеп ұжымы облыстық басылымға 100 пайыз жазылады деп сендіремін.
Ауыл тұрғыны Думан Мұғжанов:
– Мемлекеттік тілдегі газет-журналға жазылыңыздар деп үгіттеудің өзі артық сияқты. Елім, жерім, ұлтым деп жүрегі соғатын кез келген қазақ ана тілінде жарық көретін газетке айтқызбай-ақ жазылуы тиіс.
Ашық пікір алмасу жағдайында өткен бүгінгі кездесуде ауыл өміріне көкейкесті мәселелер де кеңінен қаузалды. Елбасының Жолда-уында агроөнеркәсіптің дамуына серпін беретін нақты қаржы көздерімен бекітілген бұл міндеттерді жүзеге асыру ел экономикасын өрге бастырып қана қоймай, қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеруге де игі ықпалын тигізеді деп отыр. Біз ауыл тұрғындары Елбасының Жолдауын жүзеге асыру үшін аянбай еңбек етеміз және «Арқа ажарына» да жазылуда белсенді боламыз.
Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Ақылбек Бекмағамбетов:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында алған қойылған міндеттерді жүзеге асыруда бірлігі жарасқан бірлестіктіктер бір адамдай атсалысатындығына сенімдімін. Бұл Жолдауда ауыл шаруашылығы өндірісіндегі еңбек өнімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Туған жерді көркейту мақсатында «Ауыл – ел бесігі» жобасы да іске қосылғалы отыр. Қазақ тілінде шығатын «Арқа ажары» облыстық басылымды ауыл тұрғындары жыл сайын жаздыртып алады. Облыс өмірінің айнасы, ел ішіндегі жылт еткен жаңалықтарды уақытылы оқырмандарға құлағдар ететін басылымға жазылуды ортақ мақсат санаймыз.
Биыл «Арқа ажары» газеті – әр шаңыраққа!» дей отырып, жақсы қадам жасап, ауылымызға келіп, халықпен дидарласқандарыңыз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Газеттің таралымын ұлғайтуды мақсат тұтып отырсыздар. Бұл мақсат баршамыздың бірегей мақсатымыз болуы керек. Газеттің қоғамдағы орнын теледидар да, радио да, интернет те толықтыра алмайды. Облыстық газетті оқымасақ, бір нәрсе жетіспей жатқандай болады да тұрады. Сондықтан, бастамаларыңызды қолдаймыз, табысты болыңыздар!

Бақберген Амалбеков, Аслан Оспанов, Төлеген Қосшығұлов (фото), «Арқа ажарының» өз тілшілері.
Зеренді ауданы.

«Арқа ажары» газеті – әр шаңыраққа!

Сөз соңы. Бірлестік ауылында болған кездесуден әсерленіп оралдық. Ел адамдарының арасында көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандарымыз бар екендігіне қуандық. Ел болу, елдің бірлігін сақтау және ұрпақ тәрбиесін тереңінен ойлап отырған ауыл адамдарының Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді айқын түсініп, мақсатты істерге ден қойып отырғандықтарына риза болдық. Берекелі Бірлестік ауылы өз дамуының өрісін кеңейтіп, олардың ертеңі де еңселі болатыны күмән туғызбайды. Мұнда рухани азыққа, «Арқа ажарына» деген құштарлық басымдығы жақсы ойларға жетелейді. Бүгінгі алқалы кездесу осыны ұғындырғандай болды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар