Құтқарушы – құрметті мамандық

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында Құтқарушылар күніне арналған салтанатты шара болып, өзінің еңбегімен құрметке бөленген бірқатар қызметкерлер марапатталды.

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, еңбек ардагерлері мен Көкшетау техникалық институтының курсанттары қатысқан жиында департаменттің туы салтанатты түрде шығарылып, еліміздің Әнұраны шырқалды. Өзгенің өміріне араша түсем деп өз өмірін пида еткен құтқарушылар бір минут үнсіздікпен еске алынды. Бұдан кейін Қазақстан Рес-публикасы Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың құтқарушыларға жолдаған құттықтау хаты оқылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Алексей Советов өз құттықтау сөзінде өрт сөндіруші және құтқарушы кәсібі ең қажетті, құрметті және игі кәсіптердің бірі екенін атап өтті.
–Өмірдегі қиын да қауіпті жағдайларда сіздер табиғи және техногендік төтенше жағдайлар: өрттер, су тасқыны, жол-көлік оқиғалары және өзге де зілзалалар кезінде зардап шеккен адамдарға жан-жақты көмектесесіздер. Қазіргі жағдайда құтқарушылардың рөлі бірнеше мәрте артуда. Өйткені адамдардың тыныс-тіршілігі мен аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік маңызды іс. Осы орайда, Сапарбек Асылбеков, Светлана Богинская, Амангелді Жұмалин және өзге де ардагерлеріміз өз тәжірибелерімен және ақыл-кеңестерімен бөліседі. Қазір арамызда әріптестерінің және елдің құрметіне бөленген Щучинск қаласындағы отряд басшысы Рамазан Смағұлов, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Олег Малюк, өрт сөндірушілер Мереке Шәріпов пен Берік Смағұлов сияқты өзге де қызметкерлер еңбек етуде,–деген департамент бастығы бірқатар қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің медалін, әртүрлі аталымдағы төсбелгілерін, Алғыс хаты мен азаматтық қорғау шенін табыс етті. Салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Рамазан Тілеуов.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар